Главная Обратная связь

Дисциплины:

Архитектура (936)
Биология (6393)
География (744)
История (25)
Компьютеры (1497)
Кулинария (2184)
Культура (3938)
Литература (5778)
Математика (5918)
Медицина (9278)
Механика (2776)
Образование (13883)
Политика (26404)
Правоведение (321)
Психология (56518)
Религия (1833)
Социология (23400)
Спорт (2350)
Строительство (17942)
Технология (5741)
Транспорт (14634)
Физика (1043)
Философия (440)
Финансы (17336)
Химия (4931)
Экология (6055)
Экономика (9200)
Электроника (7621)






Жер кадастрі туралы түсінік және Қазақстан Республикасында жер реформасы жағдайындағы оның мазмұны



Материалдық игілік қайнар көзі және салық салу объектісі ретінде жер туралы мағлұматтарды объективті түрде алу қажеттілігінен тарихи жер кадастрі туындады. Мемлекеттің пайда болуымен бірге жер мемелкеттік кіріс және арнайы салық объектісіне айналды.

Сондықтан қоғамның бір белгілі даму сатысында алдымен жерді есепке алу, содан кейін оны бағалау керектігі пайда болады, яғни жер кадастрін жүргізу қажеттілігі туындайды.

“Кадастр” сөзі латынның “capіtastrum” деген сөзінен шыққан. Бұл сөз “салық салынатын заттардың тізімі” деген ұғым береді. Осыған байланысты әуелі кадастр деп салықтанатын заттардың тізімі тіркелген кітапты (реестр) айтатын. Есепке, бағалауға алынған объектіге байланысты жер, су, орман және т.б. кадастрлері деп бөлінді. Сонымен бір жақты түсінікте жер кадастрі – жер салығы салынатын заттар туралы кітап, ал кең түсінікте – жерге салық салу үшін жер туралы мәліметтерді алу мақсатымен жерді есепке алу, жазу және бағалау бойынша мемлекеттің жүргізетін әрекеттер жүйесі. Кадастрлердің басқа түрлерінен жер кадастрі өзінің объектісімен (жер - өндіріс құралы және материалдық игіліктердің қайнар көзі) ерекшелінеді. Жер кадастрі әдістемесінің ерекшелігі жердің ерекшеліктерімен себептеледі. Ол ерекшеліктері келесідей:

1. Қоғам өмірінде жер еңбектің жалпы заты және шарты болып келеді. Ол қай болмасын өндіріс процесінің болуына шартты. Бірақ оның ролі қоғам өндірісінің әр түрлі сала қорында бірдей емес. Өңдеуші өнеркәсіпте және құрылыста ол кеңістік іс орны /еңбек жасалатын орын/ ретінде көрінеді. Қазып шығаратын өнеркәсіпте, оның үстіне ол ерекше қойма ретінде қаралады. Ауыл шаруашылығында жер тек қана өндіріс процесі жүзеге асырылатын орын ғана емес, ол еңбектің заты және құралы болып табылады. Ауыл шаруашылығында жер өндірістің ең басты құралы болып табылады.



2. Жер кеңістікте көлем бойынша шектелген және ештеңемен ауыстырыла алмайды. Өндірістің басқа құралдары өнімділік күштер даму барысында сан жөнінде өзгере алады, ескіргендері жаңа, жетілдірілген, экономикалық тұрғыда ұтымды құралдарға ауыстырыла алады.

3. Жерді құрал ретінде пайдалану оның кеңістік орнымен және ол орынның тұрақтылығымен байланысты. Басқа құралдарды әр орындарда пайдалануға және бір орыннан басқа орынға жылжытуға болады.

4. Жер өндірістің мәңгі, ауыстырылмайтын құралы болып табылады. Ауыл шаруашылығында жер өндірістің ең басты құралы болып, өсімдіктердің өсуіне жағдай жасаушы өте маңызды және ерекше қасиетімен, құнарлылығымен сипатталады. Жерді дұрыс пайдаланса, оның сапасы төмендемейді, керісінше – жақсарады, сөйтіп, оның құнарлығы жоғарылайды.



Жердің айрықша ерекшелігі – ауыл шаруашылық өндірісінде оны пайдалану сипаты. Жерде көптеген ауыл шаруашылық дақылдардың түрлері өсіріледі.

Жердің осындай ерекшеліктері жер кадастрінің мазмұнын, оны жүргізу әдістерін және тәсілдерін алдын ала есептейді. Жалпы түрде жер кадастріне келесі әрекеттер тән:

1. Жерлерді есепке алу;

2. Жерлерді баяндау;

3. Жерлерді бағалау.

Жерлерді есепке алуда алқаптардың кеңістік жайы, олардың көлемдері, құрамы және сапасы анықталады.

Жерлерді баяндауда олардың жаратылыс-тарихи және экономикалық қасиеттері анықталып жазылады.

Жерлерді бағалауда жердің өндіріс құралы ретінде құндылығы және пайдалылығы анықталады.

Кадастрдің осы аталған әр әрекет - өзінше бір қатар техникалық тәсілдерден тұрады. Ал олар барлығы бірге жердің санына, сапасына, негізгі қасиеттеріне, нышандарына ең толық сипаттама береді және шаруалау, салық салу объектісі ретінде салыстырмалы құныдылығын көрсетеді. Кадастрді жүргізуде әр әрекеттің маңызы туралы сұрақ әр кезеңде және әр елде әр түрлі қойылған. Бір жағдайда кадастрде ең басты көңіл - жерлерді есепке алуға, басқа жағдайда – жерлерді жаратылыс-тарихи немесе экономикалық баяндауға, ал үшінші жағдайда – жерлерді бағалауға немесе әрекеттерді қалай болса да үйлестіруге бөлінген. Барлық жағдайларда жер кадастрының құрамдық бөліктері болып, жерлерді сөзсіз есепке алу және бағалау жататын. Міндетті түрде жерлердің кеңістік жайлары ескеріледі. Сондықтан әр елдің әр уақытта жүргізілген жер кадастрлері бір-бірінен мазмұны және жүргізу техникасы, ұйымдастырылуы бойынша кәдімгідей айырылады. Кадастрдің барлық әрекеттері бірден және бір уақытта пайда болып, жүргізілген емес. Қоғамның ең ертедегі даму сатыларында жерлер тек қана есепке алынса, көптен кейін оларды бағалау басталды.

Жерді есепке алу қажеттілігі оны адам тамақтану үшін пайдалана бастағаннан /егіншілік пайда болғанда/ туындады. Егіншіліктің және мал шаруашылықтың дамуы бірінші кезекте оларды пайдалану сипаты /жыртылатын жер, жайылым/, яғни алқаптардың түрлері бойынша, есепке алуды талап етті.

Өндіріс құралдарының және өмірлік құралдарды табу тәсілдерінің әрі қарай жетілуі, егіншіліктің, мал шаруашылығының дамуы еңбектің, айырбастың қоғамдық бөлінуінің жеке меншіктің, мүлікті теңсіздіктің пайда болуына және қоғамның топтарға бөлінуіне, алғашқы қауымдық құрылыстың құлдық құрылысына көшуіне әкеліп тіреді.

Құлдық мемлекет шаруаларға көп салық салып, әр түрлі міндеттіліктерді орындауға мәжбүр етті. Жердің көп ауданы мемлекет иелігінде болды. Сондықтан құлдық құрылыста жерлер және иеленген жерлер есепке алынып, қайта саналды, жоспарлар құрастырылды, жерлердің және алқаптардың аудандары туралы мәліметтер көрсетілетін арнайы құжаттар құрылды. Құлдық қоғамның тиісті даму сатысында жерлерді сапа бойынша есепке алу басталды. Жерлердің сапасын салыстырмалы бағалау қажеттілігі пайда болды. Сонымен, жерге жеке меншіктік пайда болуымен жерге салық салу үшін жерлерді есепке алу мәліметтердің қажеттілігі туындады.

Жер кадастрі салық салудың ең бір маңызды құралы болған. Оның мәліметтері жер иеленушілерге салық мөлшерін белгілеуде негіз болған. Уақыт өте кадастрдің құқық жағының маңызы күшейе түскен. Ол жерді меншіктеу құқығын рәсімдеумен байланысты болды және сол арқылы пайдаланатын жерлердің шекаралары туралы азаматтық істер шешіле бастады.

Қоғамның даму кезеңдері басында негізінен жер көлемдері туралы мәліметтер тіркелген болатын. Содан кейін алқаптар және олардың сапалық күйі бойынша есепке алу қажеттілік пайда болды.Содан соң алқаптарды топырақ және құнарлығы бойынша сипаттай бастады. Жер кадастрі мәліметтерін тек мәтіндік құжаттарда ғана белгілей бастады. Топырақтардың сапасына қарай олар топтарға /кластарға/ бөлінді. Оған тарихтың көне ескерткіштері куә. Олар кәзіргі дәуірге дейін көптеген жүздеген жылдан бұрын жер және топырақтарда сапасы бойынша топтастыру туралы мәліметтерден тұратын жер кадастрінің болғандығын куәләндіреді.

Мысалы, Қытайда біздің дәуірімізге дейінгі 3 мыңыншы жылдары топырақтарды 9 класқа бөлген. Мұндай мәліметтер Ежелгі Греция, Египет, Римнің көптеген ескерткіштерінде бар. Ежелгі Римнің жер кадастрінде жер учаскелерінің көлемдері бойынша олардың сапасы, пайдалылығы, қолданатын өңдеу тәсілдері туралы мәліметтері баяндалған. Сонымен қатар жер бетінде дәл өлшеулердің жүргізілгендігі және сапасын анықтау туралы карталардың жасалғандығы келтіріледі. Жер иелері өздерінің жерлері, шаруа жабдықтары туралы толық мәліметтерді беріп отыруға міндетті болған.

Батыс Еуропада Франция королі Ұлы Карл (768-814жж.) ағылшын Эдуард І (1272-1307жж.) кездерінде олардың жерлерінен алынатын табыстарын баяндайтын жер салықтарын, Фридрих ІІ кезінде Сицилияда (1192-1250жж.), сонымен қатар Калабрияда (1327ж.), Дофине провинциясында жүргізілген жер кадастрлерін айтуға болады.

Жер кадастрі арнайы шара ретінде феодалдық өндіріс тәсілі жағдайында әрі қарай дамыды, рәсімделді. Жерге жеке меншіктік күшейген феодалдық қоғамда әр түрлі жер иелеріне салық салу мөлшері бірдей болған жоқ. Ірі жер иелері жер салығын төлеуде көптеген жеңілдіктерді пайдаланған.

Дамып келе жатқан капиталистік мемлекеттер өсіп кеткен мемлекеттік аппаратын, армиясын қамтамасыз ету мақсатымен және басқа да мәселелерді шешу үшін қаражат көбейтуге мәжбүр болды. Сондықтан феодалдық-басыбайлы қатынастарының жойылуына, жерді пайдаланушылардың, иеленушілердің салықтанатын санын көбейтуге, пайдаланатын жерлердің бәріне салық салуға мүдделі ретінде жерді есепке алушы, зерттеуші, баяндаушы және бағалаушы жер кадастрі қызметі қажет болды.

Капиталистік құрылыс жағдайында жер кадастрі күрделі шара ретінде арнайы жер-кадастрлік қызметі арқылы жүзеге асырылады. Жер кадастрінің қазіргі түсініктегі негізгі түрлері капиталистік қоғамда қалыптасқан. Сондықтан салық салу мақсаты жерді бағалау мәні және тәсілдері бойынша айырылады.

Капиталистік мемлекеттерді жер кадастрімен қатар жерді заңды тіркеу жүргізіледі. Оның міндеті жерді иелену және меншіктеу құқығын рәсімдеу болып табылады. Жерді тіркеу жерге жеке меншік құқығын қорғауға көзделген. Оның мәліметтерінің құқықтық маңызы бар. Олар тұлғалық және мүліктік болып бөлінеді. Біріншісі жер иелері бойынша, екіншісі – пайдаланатын жерлер бойынша жүргізіледі. Заңды жерді тіркеуді жүзеге асыру нәтижесінде жер иесінің жерге құқығы рәсімделеді. Ол нотариалдық мекемелерде арнайы құжаттармен заңдастырылады. Көпшілік капиталистік елдерде жерді заңды тіркеу арнайы жер кітаптарында жүргізіледі. Көптеген мелекеттерде жер кадастрі мен заңды жер тіркеу арасында тығыз байланыс бар.

Жер-кадастрлік материалдарды жер-құқықтық мәселелерді шешуде кеңінен қолданады. Олар тек қана салық салу мүддесінде емес, басқа да қажеттіліктер үшін /жерді сату, сатып алу, жалға беру, пайдалану және топырақтар эрозиясымен күресу бойынша ұсыныстарды жасау/ пайдаланылады. Жер кадастрінің негізгі міндеті жер иелерінің алатын пайданың бөлігін мемлекеттің алу мақсатымен тиісті мәліметтермен қамтамасыз ету болып қала берді. Бұл капиталистік жер қатынастарының мәнімен есептеледі - әр елде және әр уақытта жүргізілген жер кадастрлік жұмыстарының мазмұны мен әдістемелерінің ерекшеліктері болса да, жалпы оларға жер туралы мәліметтерді алу тән болған.

Жер кадастрі жерді арнайы есепке алып, бағалау шарасы ретінде қоғам дамуының бір сатысында пайда болып, жетіле берді. Ең алдымен зерттеу, есепке алу, бағалау, алқап түрлері және олардың сапасы бойынша топтастыру әдістерін, тәсілдерін жетілдіре түсті. Жаңа әдістерді, құралдарды қолдану арқасында жүйелі түрде жер кадастрлік ақпарат дәлдігі жоғарылады, құжаттардың рәсімі, мазмұны жетілді. Жер кадастрі арнайы дайындықты, білімді талап ететін күрделі шараға айналды.

Кеңес кезеңінде Қазақстанда қолданған жер кадастрінің жүйесі КСРО барлық республикасына ортақ болатын. Бұл жүйеде ең басты мақсат барлық жер қорының иесі мемлекет мүддесін қорғау болып табылатын. Одақтың ыдырауымен және республикалардың егемендік алуымен байланысты жер қатынастары да түбегейлі өзгерді. Қазақстан Республикасында басталған жер реформасы жерге деген меншіктің көп түрлерін енгізуді, жерлердің кейбір санаттарын жеке меншіктеуге көшуді көздеп отыр. Мұндағы ой, жерді жеке меншікке алған азаматтар және заңды тұлғалар ауыл шаруашылық өнімдерін алу және басқа да мақсаттар үшін олар жерлерді тиімді пайдаланады.

Жер реформасы жүру барысында жер қатынастары өзгеріп, жетілуде жаңа заң, нормативтік хаттамаларды қабылдау кең орын алуда. Мысалы, "Меншік туралың", "Жер реформасы туралы", "Жер кодексі", "Шаруа қожалықтары", заңдары қабылданып, өзгеріп жатыр. 1995 ж. желтоқсан айында қабылданған заң күші бар Қазақстан Республикасы Президентінің "Жер туралы" жарлығында жер реформасының бірнеше жылдар тәжірибелері ескеріліп, жер қатынастарына түбегейлі өзгерістер енгізілген.

Мысалы: жерлердің кейбір санаттарына жеке меншік құқықтарын енгізу; жеке меншіктердегі жерлерді нарық айналымына қосу; азаматтарға және заңды мемлекеттік емес тұлғаларға тұрақты пайдалану құқығында берілген жер учаскелерін нарықтық айналым қосуға мүмкіндік беру. Сөйтіп жер нарығының қалыптасуына құқықтық негіз салынып, жерге жылжымайтын мүлік статусы берілді. Бұл заң қабылданған соң жерлермен келесі әрекеттер жүргізу мүмкін болды: сату; сатып алу; айырбастау; сыйлау; жер учаскелерін кепілдікке беру; ипотекалық операциялар және т.б.

Мұндай түбегейлі жер қатынастарының өзгерістері, әрине, Қазақстан Республикасында мемлекеттік жер кадастрінің жаңа жүйесінің қабылдануын талап етті. Сондықтан, "Жер туралы" жарлығының 113, 114-баптарында жер кадастрінің негізгі талаптары және жаңа жағдайда оны жүргізу шарттары келтірілген. Мемлекеттік жер кадастрі бюджеттік қаржы есебінен Қазақстан Республикасының бір жүйесі бойынша жер қорларын басқару жөніндегі мемлекеттік органдармен жүргізіледі. Оны жүргізу тәртібін Үкімет белгілейді.

"Жер туралы" заңның 113-бабына сәйкесті Мемлекеттік жер кадастры Қазақстан Республикасы жерінің табиғи және шаруашылық жағдайы туралы, жер учаскелерінің орналасқан жері, көлемі, шекарасы, олардың сапалық сипаты, жер пайдаланудың есебі мен жер учаскелерінің бағалануы туралы мәліметтердің, өзге де қажетті мәліметтердің жүйесі болып табылады.

"Жер туралы" жарлықта және одан кейіңғі заңдарда жерлерді тиімді пайдалануды, қорғауды қамтамасыз ету мақсатымен Қазақстан Республикасында жаңа мемлекеттік жер кадастры жүйесін енгізумен қатар, жаңа жер қатынастарын ескере отыра, жерді үйлестіру, жерлер мониторингісі, жерлерді пайдалануды, қорғауды мемлекеттік бақылау жөнінде жүргізілетін жұмыстарға негізгі талаптар қойылған.

Жерді үйлестіру келесі жұмыстарды жүргізуді қамтамасыз етеді:

- жерді үйлестірудің республикалық, облыстық схемаларын және жер ресурстарын пайдаланудың, жақсарту мен қорғаудың бағдарламаларын әзірлеу;

- жер пайдаланудың және жер иеленудің жаңа құрылымдарын құру мен кәзіргі қолданыстағысын ретке келтіру жобаларын жасау, жер учаскелерін орналасқан жерінде /карталарда/ бөлу мен шекараларын белгілеуді, жер пайдалануға, иеленуге құқық беретін құжаттар жасау;

- елді мекендердің жер-шаруашылық құрылысының, жеке жер пайдаланушылардың, бүлінген жерлерді жаңғырту мен жаңа жерлер игеру жобаларын, сондай-ақ, жерді пайдалану мен қорғауға байланысты басқа да жобалар әзірлеу;

- жерлерді есепке алу, пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтау, топографиялық-геодезиялық, карторгафиялық, топырақтық, геоботаникалық және басқа зерттеу мен іздестіру жұмыстарын жүргізу;

- кадастрлік және жер қорларын пайдалану, олардың жағдайлары жөніндегі басқа да карталарды әзірлеу;

- жер бағалау жұмыстарын жүргізу.

Мемлекеттік жер кадастрын жүргізу, жерді үйлестіру, жерлерді пайдалану мен қорғауды және жер ресурстарын мемлекеттік басқарудың өзге де функцияларын бақылауды ақпараттық жағынан қамтамасыз ету мақсатымен жердің жай-күйін жүйелі қадағалап отыруға, ондағы болып жатқан өзгерістерді анықтау мен оларды бағалау жер мониторингінің мазмұнын құрады.

Жерлерді тиімді пайдалану мен қорғау барысын мемлекеттік бақылау мақсатымен республикамызда жер қорларын басқару жөніндегі Агенттік құрамында Мемлекеттік жер инспекциясы құрылды.

Мемлекеттік бақылаудың міндеттері жер Заңдарының тиісінше атқарылуына, мемлекеттік органдардың, заңды тұлғалардың, азаматтардың жерді ұтымды пайдалану мен қорғау жөніндегі шараларды орындауын қамтамасыз етуге саяды. Өздерінің құзыреті шегінде жерді пайдалану мен қорғау мәселелері жөніндегі мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органдардың нұсқаулары барлық жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылар үшін міндетті. Жерді пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.

 

Бөлімге сұрақтар:

1. Кадастр деген сөз нені түсіндіреді?

2. Жер кадастрын жүргізу қажеттік қашан пайда болды?

3. Кадастрдың қандай түрлері болады?

4. Жер кадастрының басқа кадастрлардан қандай айырмашылықтары бар?

5. Жердің негізгі қасиеттері.

6. Жерді басқа өндіріс құралдарынан, жылжымайтын мүліктерден қандай қасиеттері айырады?

7. Жер неге өндірістің мәңгі және айырбасталмайтын құралы болып саналады?

8. Жалпы түрде жер кадастрының қандай құралдық бөліктері болады?


Просмотров 1248

Эта страница нарушает авторские права

allrefrs.ru - 2020 год. Все права принадлежат их авторам!