Главная Обратная связь

Дисциплины:

Архитектура (936)
Биология (6393)
География (744)
История (25)
Компьютеры (1497)
Кулинария (2184)
Культура (3938)
Литература (5778)
Математика (5918)
Медицина (9278)
Механика (2776)
Образование (13883)
Политика (26404)
Правоведение (321)
Психология (56518)
Религия (1833)
Социология (23400)
Спорт (2350)
Строительство (17942)
Технология (5741)
Транспорт (14634)
Физика (1043)
Философия (440)
Финансы (17336)
Химия (4931)
Экология (6055)
Экономика (9200)
Электроника (7621)






Зоогеография ғылымының даму тарихы



ЗООГЕОГРАФИЯ

Оқу құралы

СКЕМЕН, 2015 ж.

ӘӨЖ 591.9 (075.8)

КБЖ

Б 91

 

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің Әдістемелік кеңесімен баспаға ұсынылған

(2015 жыл № хаттама)

 

 

Пікір жазғандар:

 

Арынова Р.А., биология ғылымдарының докторы

Воробьев А.Л., биология ғылымдарының докторы, профессор Шарипханова А.С., биология ғылымдарының кандидаты

 

 

Б 91 Бурунбетова Қ.К., Қарағойшин Ж.М.

 

Зоогеография: Оқу құралы. – Өскемен: ШҚМУ баспасы, 2015. – 112 б.

 

ISBN

 

Зоогеография -жануарлар географиясы, зоология мен физикалық географияның қазіргі және өткен дәуірлердегі жануарлардың жер бетінде таралу заңдылықтарының заманауи, тарихи факторлары мен жануарлардың экологиялық топтарының географиялық таралуын, фауна туралы түсінік, фаунаның құрылымы мен салыстырмалы талдауы мен жер шарының зоогеографиялық аудандастыруын қарастырады. Сонымен қатар Қазақстан фаунасы мен Қазақстан Алтайының зоогеографиялық сипаттамасы беріледі.

Жоғары оқу орындарының биология, география мамандықтары студенттері, магистранттары, оқытушыларына және мектеп мұғалімдері мен оқушыларына арналған.

ӘӨЖ 591.9 (075.8)

КБЖ

Б 91

 

 

ISBN

 

 

Өскемен: ©ШҚМУ баспасы, 2015

©Бурунбетова Қ.К., 2015

Кіріспе

 

Жануарлар географиясы немесе зоогеография ежелгі және қазіргі замандағы жануарлардың географиялық қоныстануын, таралу себептері мен заңдылықтарын зерттейтін биологиялық ғылым саласы. Жер шары бірнеше ерекше массивтерге бөлінген, олардың фаунасы немесе жануарлар әлемі ұзақ геологиялық уақыт аралығында бір-біріне тәуелсіз дамыған. Жер планетасының геологиялық дамуы барысында құрылықтар арасында тікелей континетальды байланыстар болған, осыған орай әртүрлі құрылықтарда жануарлар мен өсімдіктердің ұқсас таксондарының өкілдері кездеседі. Жер шарының түкпір-түкпіріндегі фауна құрамындағы айырмашылықтар мен ұқсастықтар зоогеографиялық аудандастыруды, яғни зоогеографиялық облыстарды қалыптастыруды оларды облыс тармақтарына бөлуді талап етеді. Зоогеографиялық облыстардың шекараларын арнықтау шартты түрде жүргізіледі. Оқу құралында ежелгіліктерден басқа фауналардың тарихи байланысы мен таксономиялық ұқсастықтары да қарастырылады. Бұл жағдайда фауналардың жүйелік ара қатынасының қатаң статистикалық жақындығы мен алшақтығы есепке алынады. Отряд, тұқымдас, туыстардың жалпылығы немесе ерекшелігі зерттеледі. Зоогеографиялық аудандастыру неғұрлым ұсақталса, яғни облыс тармағы, провинция және т.б., соғұрлым қазіргі экологиялық фактордың тірі ағзаға тигізетін әсері күшті болып отырғандығының дәлелі болып табылады. Зоогеографияның ғылым саласы ретінде алдына қоятын мақсаты, жануартекті тірі ағзалардың қазіргі замандағы таралуын тарихи себептер мен заңдылықтарға сүйене отырып анықтау, қызыл кітапқа енгізілген, жойылп кету қаупі төнген жануарларды қорғау мен халық шаруашылығында маңызды орын алатын ағзалардың қорын көбейту және жануарлардың қоныс аударуы немесе сан мөлшерлерінің азаюын қоршаған ортаның экологиялық жағдайына мониторинг жүргізу көрсеткіші ретінде тиімді пайдалануды, келешек ұрпақты табиғат байлығын аялай білуге тәрбиелеу мен білім беруде пайдалана білу болып табылады. Жануарлар түрлерінің географиялық таралуыың негізін түсіну үшін биологиялық, зоологиялық, эволюциялық, палеонтологиялық және географиялық қалыптасқан білімнің болуын қажет етеді.





Оқу құралының төл иелері, ұсынылып отырған еңбектің құндылығын арттыруға, толықтырып жетілдіруге көмектесетін барлық сын-пікірлерді шын ниетпен қабыл алады және алғыс білдіреді. Оқу құралын безендіруге арналған жануарлар суреттері уикипедия сайттарынан алынды.

Жануарлар географиясы

 

Зоогеография - жер шарындағы жануарлардың, микроағзалардың географиялық таралуы мен орналасу заңдылықтарын, олардың тіршілік жағдайларын, түр құрамын, дамуын зерттейтін биология және география ғылымдарының бір саласы.

Жануарлар географиясының ерте кезде тіршілік еткен жануарлардың таралуын зерттейтін бөлімін палеозоогеография деп атайды. Жануарлар географиясы – биологиялық ғылым, бірақ жануарлардың тіршілік мекендері немесе ареал, стациялар, тараған жерлеріне өзен - көлдер, теңіздер, құрлықтарға байланысты зерттелетіндіктен география ғылымымен өте тығыз байлансты.

Жануарлар географиясы жер шарын және оның әр түрлі бөліктерін жануарлар құрамы мен таралу ерекшелігіне байланысты бірнеше зоогеографиялық аймақтарға ажыратады, аймақтарға немесе зоогеографиялық облыстарға жіктеуді зерттеуші ғалымдар өз ғылыми көзқарастары мен дәйекті дәлелдері бойынша бөледі.

Жануарлар географиясының кәсіптік маңызы бар әр түрлі жануарларды халық шаруашылығына тиімді пайдалануда, орман, мәдени өсімдіктер мен басқа да адамзатқа пайдалы тірі ағзалар зиянкестерін зерттеп, табиғатты қорғауда, бағалы жануарларды жерсіндіру, пайдалы жануарлардың санын көбейту үшін маңызы зор.

Жануарлар географиясы немесе зоогеография жануарлар жүйесі, экология, палеонтология, фитогеография, климатология, океонология тағы басқа ғылымдарымен тығыз байланысты.

Зоогеографияны зерттеу ерекшеліктеріне байланысты келесідей бөлімдерге бөлуге болады: түсіндіруші немесе тіркеуші, яғни фауна элементтері туралы материалды жинау және тіркеумен байланысты, салыстырмалы немесе каузальды, яғни заңдылықтардың себеп салдарларын қарастыруы бойынша.

Қазіргі кездегі 2 млн астам жануарлар түрлерінің географиялық таралуы мен қоныстануының негізін түсіну үшін биологиялық, зоологиялық, эволюциялық, палеонтологиялық, фитогеографиялық және географиялық қалыптасқан білімнің болуын қажет етеді. Демек фауна кешенін зерттеуді бастауды белгілі бір фауна құрамына кіретін барлық түрлерді тіркеуден бастауды талап етіледі, өйткені түр құрамын білмейінше фауна зерттелмейді. Түр құрмы анықталған фауна өзі сияқты көршілес фаунамен немесе басқа фаунаны құрайтын ағзалар топтарымен салыстырылады. Салыстырулар фаунаның ерекшеліктері мен өзіне ғана тән қасиеттерін анықтауға мүмкіншіліктер беріп, фаунаның жасын, басқа фауналармен бұрынғы және қазіргі байланысы туралы ұғым қалыптастыруға көмектеседі.

Сонымен қатар зоогеографиялық зерттеулерді жүргізу барысында белгілі бір зоогеографиялық облыс немесе облыс тармақтарында бірлесе тіршілік ететін ағзалар арасындағы қарым-қатынасты анықтау, қоршаған орта факторларының ағзаларға тигізетін тиімді немесе кері әсерін айқындау, климат жағдайы, жер бедері мен өсімдік жамылғысы құрамын білу басты қажетті шарттар болып табылады.

 

 

Зоогеография ғылымының даму тарихы

Жануарлардың жер жүзінде таралуы туралы деректер ертеден белгілі болғанымен, зоогеографиялық алғашқы еңбектер ХVІІІ ғасырда пайда болып, XIX ғасырдың ортасынан бастап ғылыми тұрғыдан дамый бастады.

Аса ірі биолог және зоогеограф ғалым М.А. Мензбир Ресей ғылыми әдебиеттерінде алғаш рет (1882 жылы) Жер бетіндегі органикалық әлемнің пайда болуы мен дамуы туралы мәселеге қатысты ғалымдардың пікірін білдіретін зоогеографияның даму кезендерінің төрт сатысын бөліп көрсеткен. Осы сатыларға бөліну негізінен тұтасымен биология тарихына жатады. Мензбир оларды төмендегідей саралады:

1) әлемнің жаратылуы туралы библияның догмалық шындығына соқыр сенім кезеңі;

2) әлем апаты теориясының өктемділігі кезеңі;

3) әлем апаты теориясынан бас тарту және көкейкестілік ұстанымының таралу кезеңі;

4) эволюция туралы Дарвиндік ілімнің жеңісі кезеңі.

Американдық биогеограф, оның ішінде Л. Стюарт (1957 жылы), зоогеография тарихындағы үш сатыны ерекше атап көрсетеді.

Оның бірінші сатысы К. Линней жұмыстарымен тығыз байланысты болып, жануарларды жүйелеу негіздері қалады. Бірінші сатының ұзақтығы жүз жылға созылады. Осы сатыда жануарлардың түрлі топтарының жер бетіне таралу ерекшеліктері сипатталады. Сонымен қатар, жануарлардың аудандарды мекендеуінің алғашқы қадамдары жасалды, яғни зоогеографиялық облыстардың пайда болуы осы сатыда қалыптасты.

Екінші сатыда Ч. Дарвиннің эволюциялық ілімі пайда болды. Осы сатыда зоогеограф ғалымдар жануарлардың географиялық таралуын зерттей отырып, оның түрлерінің (фаунаның) өзіндік ерекшелігін эволюциялық теорияны негізге алып сипаттайды.

Үшінші саты, демек, XX ғасырдан бастау алатын және ары қарай жалғасып келе жатқан уақытта зоогеографияның экологияландырылуымен сипатталады, яғни жануарлардың мекендеу ортасын зерттеді және жануарлар ағзасы мен оның қоршаған ортамен әрекеттесуін ескерді. Осы сатыда Г. Мендель ұсынған генетикалық принциптердің биогеографияға әсері қарастырылды.

Зоогеография тарихын нақтылауды және оны мерзімдеуді кеңестік дәуірдегі биогеограф ғалымдар А.Г. Воронов (1963 жылы) және Г.В. Наумов (1969 жылы) Мензбир көзқарасына сүйеніп жасады. Осы жетістіктер зоогеографияның тарихи дамуының негіздеріне саналады.

Аристотельдің (б.д.д 384 - 322 ж.ж.) еңбектерінде 500 жуық жануарлардың түрлері сипатталады, сонымен қатар географиялық ортаның баяу жүретін өзгерістері туралы оның пікірлері, құрылық бетінің кейбір бөліктерінің көтерілуі басқа бөліктердің түсуіне алып келетіні, осыған ұқсас жер бетінің ғасырлық тербелісі мен оған байланысты климаттың өзгеруі қызықтырды.

Географияның дамуы Эратосфен (б.д.д 275 - 194 ж.ж.) және Страбон (б.д 63 - 20 ж.ж.) ғалымдарының есімімен байланысты, олар жер бетінің кейбір бөліктеріндегі жануарлар мен өсімдіктер дүниесін сипаттады.

Рим империясының дәуірлеген кезінде Аға Плинияның (б.д. 23 - 79 ж.ж.) «Жаратылыс тарихы» атты көптомдық еңбектері жарық көрді, оның екі томы тірі ағзаларға арналған. Бұл еңбектердегі жаңалық аз болды. Оның еңбектері сол Аристотель жұмыстарынан алынған мәліметтерді құрады, бірақ ол жоқ ағзалар туралы фантастикалық аяндарды хабарлаған.

Христиандық шіркеудің б.д. V ғ. үстемдігі және Рим империясының құлауы ғылымның құлдырауына және антикалық ғалымдар мұрасының жойылуына әкелді.

Шығыста тек қана арабтар осы антикалық өркениеттен қалған білімді сақтап, оның дамуына өз үлестерін қосты. Осындай қажырлы еңбектердің қатарына шығыс ғұламасы Әбу-Әли Ибн-Синаның (980 - 1037) жұмыстары жатады. Ол өзінің «Канон» атты еңбегіне сол уақыттағы белгілі болған барлық жаратылыс-ғылыми білімдерді және Орта Азия жануарлары туралы құнды мәліметтерді жинақтады.

Қайта дәуірлеу кезеңінде (XIII - XVI ғғ.) адамзат өмірінде мәдени төңкерістер болды, ол өз кезегінде түрлі елдердің нарықтық қатынастарын кеңейтті. Осы уақытта географиялық білімге деген қызығушылық басым болды. Италяндық Марко Поло өзінің моңғол хандығына барған сапарында Орта Азия жерінен өтіп, үш ел мен оның халықтары туралы жазбалар қалдырады. Ол осы саяхатқа 24 жылын (1271 - 1295) арнайды, оның жазбаларында Азия табиғаты мен оны мекен еткен жануарлар туралы сенімді мағлұматтар жазылған.

Орыс саяхатшылары Сібірдегі жануарлар әлемі, негізінен қымбат терілі аңдар туралы алғашқы білімдерді жинақтады. Сондай андардың бірі бұлғынның таралуы туралы мәліметтерді сол кездегі қызмет жасаған адамдардың жазбаларынан білеміз. Байкал өңірінің фаунасы туралы алғашқы мәліметтерді, оның ішінде нерпа туралы Василий Власьев, ал сібір жануарларының толық тізімін, ондағы бұғы, бұлан, ешкі, түлкі, құндыз, россомаха және басқаларын Савва Есипов жазып кеткен. Алғашқы ізашарлар Сібірдің солтүстік-шығысындағы морждардың мекендерін тапты. 1665 жылы Юрий Селиверстов Анадырь өзненіндегі қызыл балықтың миграциясын, яғни өрлеуін сипаттап жазды, теңізден келетін қызыл балығы өзеннің бастауына барып, уылдырық шашып өлетінін көрсеткен. Владимир Атласов болса, осы өзендегі қызыл балығымен бұлғынның, түлкінің және камшаттың қоректенетінін жазған. Осы жазбалар нағыз фауналық естеліктерге айналды. Сібірде 15 жыл (1661 - 1676) болған Юрий Крижанич «Сібір тарихы» атты еңбегін жазды, онда ол оның үш аймағын - тундра, тайга, даланың климаттық жайына орай өсімдіктері мен жануарлар әлемін сипаттаған. Бұл жұмыс сібір бойынша алғашқы биогеографиялық еңбек болып саналды.

XVII ғ. жаратылыс ғылымдары үшін негізінен сипаттау, түсіндіру дәуірі болды. Жаратылыстанушылардың жинақтаған деректі мәліметтері нақтыланды, коллекциялар жиналды, зерттеу әдістері мен тәсілдері жетілдірілді. Бірақ жануарлардың географиялық таралулары жайлы мәліметтерді жүйелеу барысындағы қадамдар жасалмады.

1605 жылы Виртсген Британия аралдарының және еуропалық континент фаунасына талдаулар жасау нәтижесінде Англия, Солтүстік және Батыс Европа жануарларының бірыңғай ұқсастығы туралы орынды қорытынды жасады. Виртсген осы ұқсастықты континенттердің жақын орналасуынан, яғни су басқанға дейінгі біртұтас аймақ болғанынан деп түсіндірді. Осындай жұмыстарды 1660 жылы ағылшын капитаны Симпсон жүргізді. Ол Фолкленд аралдарын зерттеп, ондағы кеңінен тараған түлкілерді оңтүстікамерикалық түлкілермен салыстырды. Олар ұқсас болып шықты. Симпсон алдыңғылар сияқты Фолкленд (Мальвин) аралдары бір кездері Оңтүстік Америкамен біртұтас болған деген қорытындыға келеді. Осы екі қорытынды сол уақытта елеусіз қалған. XVIII ғ. өзінде де ағзалардың географиялык таралу деректері әлемнің пайда болуының діни догмалық көзқарастарымен түсіндірілетін.

XVIII ғ. басында бірнеше ғылыми экспедициялардың қорытынды еңбектері жарық көрді. Оның ішінде Витус Берингтің екінші камчаткалық экспедициясы (1733 - 1743) ерекше орын алады. Осы экспедицияға қатысқан Г.Стеллер сібір фаунасы мен флорасын зерттеді. Ол алғашқылардың бірі болып, Командор аралындағы таяз суларындағы дюгон тектес сүтқоректі жануары - теңіз сиырын сипаттады. Ал С.П. Крашенинников Камчатка табиғатына, ең алдымен оның жануарлар әлеміне сипаттама берді.

Натуралист И. Гмелин, Петербор ғылым академиясының мүшесі 1733-1743 ж.ж. Байкалдың шығысы мен Лена өзенінің бассейндерін зерттеді. Ол ең алғаш рет Сібірдің Батыс бөлігі мен Шығыс бөлігінің бір-бірінен ерекшеленетініне назар аударды және оның ерекшелік шекарасын Енисей өзенінің бойымен бөлді.

Зоогеографияның дамуының алғашқы кезеңінде, яғни XVIII ғ. ортасында көптеген натуралист-зерттеушілердің еңбектері жарияланды. Олар Карл Линней (1707 - 1778) - жануарлар мен өсімдіктердің ғылыми жүйесінің негізін қалаушы ғалымның еңбектерінде жинақталып қорытындалды. Бірақ ол әлемнің пайда болуының библиялық ілімін жақтаушы ретінде, яғни жұмактағы андардың жерде пайда болуының діни сеніміне сүйеніп, жануарлардың таралу ортасы Тигр иен Евфрат өзендерінің аралығы деп санады. Линней тропиктік аралдардағы ең биік тауда жануарлар жаратылды деді. Осы таудың етегінде, Линей бойынша, тропиктік жануарлар, тауға биіктеген сайын әрбір белдеудің өз жануарлары, демек жоғарғы бөлігінде қоңыржай аймақтың, одан жоғарыда полярлық аймақтың жануарлары жаратылды деп айтты. Сол арал материкпен қосылғанда, барлық жануарлар өзінің ендіктерін бойлап, жердің климаттық зоналарына тараған деседі.

М.В. Ломоносов жер шарының даму тарихы туралы идеяны, демек, Жер қабатының таралуына байланысты органикалық әлемде солай таралған деп алғаш айтқан ғалымдардың бірі болды. Мысалы, ол тау басынан қазылып алынған теңіз моллюскалар осы ауданда бір кездерде теңіз бассейндері болғанын білдіреді деп санады.

Зоогеография дамуының осы тұсында жер шарының түрлі ірі аудандарындағы фауналық сипаттамалары пайда болды, бұдан неліктен фауналар түрліше, оның себептері қандай деген сұрақтар туындады. Жануарлар әлемінің өзгерісі Жер шарындағы геологиялық өзгерістерімен параллель жүреді деген болжамдар болды. Осы мерзімдер фауна алмасуы және түрлердің эволюциясы туралы болжамды нақтылайтын материалдың жинақталу уақыты болды.

Зоогеографияның дамуының екінші кезеңі XVIII г. аяғы мен XIX ғ. бірінші жартысын қамтиды. Осы мерзімді апаттар теориясының үстемдік еткен уақыты деп айтады.

Жинақталған мол палеонтологиялық деректер жер бетіндегі жануарлар және өсімдіктер әлемінде көптеген өзгерістердің болатынын көрсетті. Библиялық догма идеясы жаратушы туралы актілермен ымыраға келу үшін апаттар теориясы пайда болды, демек, жаратушы өзі әрбір геологиялық дәуірге сәйкес органикалық әлемді жаратып, арнаулы түрде жаңаша жаратады, яғни орасан күрделі әлем апатынан кейін тірі жандардың бәрі жойылып, оның орнына жаңа нәрселер пайда болады деп түсіндірді.

XVIII ғ. соңындағы ғылымның ең бір көрнекті өкілі Жорж Бюффон (1707 - 1788) көптомдық «Жаратылыс тарихы» еңбектің авторы бола отырып, жер бетіндегі өзгерістердің шапшаң жүретінін, жануарлар мен өсімдіктердің таралуының құрылық пен сулардың орналасуына байланысты екенін, тау жоталарының және үлкен су кеңістігінің жануарлардың таралуына шектеу болатынын мойындады және аса маңызды биогеографиялық қағидаларды айтты. Солай бола тұра, ол апаттар теориясын құптады, аддыңғы дәуірдің органикалық әлемін жоятын алып апаттармен өзара бөлінетін геологиялық жеті дәуірдің болуы туралы мәлімдеме жасады. Шындығында, Бюффон түрлердің толық жойылмайтынын білді, кейбір түрлердің белгілі бір беліктері жаңа түрлер есебінен толыктырылатынын айтып кетті.

Зоогеографияның алғашқы даму кезендеріндегі Ж. Бюффон, П.Паллас және Е. Циммерман еңбектерінде фауналық немесе аймақтық деп аталатын бағыттың негізі қаланды. 1777 жылы неміс ғалымы Е.Циммерман «Зоологиялық география тәжірибесі» атты кітабын жарыққа шығарды, мұнда жануарлардың көшіп - қонуы туралы мәліметтерді жинақтады, «зоогеография» мен «географиялық зоология» терминдерін алғаш енгізді. Циммерман бойынша «зоогеография» термині жер бетін зерттеуді ондағы жануарлардың мекендеуі тұрғысынан, келесі «географиялық зоология» терминін жануарлардың таралу себептерін айқындау барысында алғашқылардың бірі болып қарастырады. Зоогеографияның міндеттері ретінде Циммерман қазіргі және өткен уақыттағы жануарлардың таралуын түсіндіру, таралу ортасын анықтау деп санады. Линейге қарағанда ол әрбір түрдің өзіндік шығу тегінің, ортасының болатынын пайымдады. Расында, Циммерман ғылым ретінде зоогеографияның қалыптасуының негізін қалады.

Зоогеографияның дамуына ресей ғылымдарының академигі П.Паллас (1741 - 1811) өзіндік қомақты үлес қосты, ол өзінің шәкірттерімен бірге Ресейдің европалық шығыс бөлігіне және Сібір мен оның басқа да территориясына көптеген саяхаттар жасап, оның фаунасы мен флорасы бойынша ірі деректі материалдарды жинақтады. Паллас жануарлардың мекендеу және оның таралу аймақтарына ерекше назар аударды. Ол экологиялық зерттеулерді алғаш қолданған биогеографтардың бірі болып табылады.

Осы уақытта И. Миндинг (1829), А. Вагнер (1844) және т.б. ғалымдар алғаш рет табиғи фауналық облыстарды айқындады.

Зоогеографиялық зерттеулердің нәтижесі ретінде Л.Шмарданың (1853) «Жануарлардың географиялық таралуы» атты еңбегі шықты. Бұнда фауналардың үлестірілуі факторларының барлық көптеген белгілі деректері жинақталды. Шмарда зоогеографиядағы экологиялық бағыттың іргетасын қалаушылардың бірі болды, себебі ол жануарлардың таралуына жарық, температура, тамақ және т.с.с. қоршаған орта факторларымен шарттасатынын көрсетті. Теориялық тұрғыдан қарағанда ол апаттар теориясын жақтаушылардың бірі болып, эволюция идеясын жақтамады, тіпті Дарвиннің еңбегі жарияланса да оны мойындамады.

Үшінші кезеңнің басында (XIX ғ. ортасында) ғалымдар апаттар теориясынан бас тарта бастады. Көптеген ғылыми еңбектерде Жер бетінің эволюциялық көрінісі турады біртінді ойлар пайда болады.

1832 жылы ағылшын геологы Ч. Лайелдің (1797 - 1875) «Геология негіздері» атты кітабы шығады. Ондағы жазулар апаттар теориясына қатты соққы берді және Дарвиннің ғылыми эволюциялық теориясын жасауға негіз болды. Лайель жердің жасын есепке алып, жер бетінің өзгерістері үшін тосыннан келетін алып апаттардың немесе жоғарғы күштердің болу қажеттілігі шамалы деп айтты, ол бірден көзге түспейтін үрдістердің біртіндеп пайда болуына назар аударды, мысалы: орлардың түзілуіне, жағалаудың су шайып кетуіне, тас жыныстарының күн сәулесі, жаңбыр, жел әсерінен бұзылуына және т.б. күнделікті болатын үрдістердің болуын, олардың мың-миллион жылдардан кейін жер бедерінің өзгерісіне алып келетінін, құрылықтың орнын су басатынын негізге алды. «Бүгінгі күн өткенді түсінудің кілті» деген пікірді айтқан осы Лайель болды. Жердегі болып жатқан өзгерістерді зерттеу үшін алдымен өткен геологиялық дәуірдегі қоршаған ортының жағдайлары мен үрдістерінен алынатын пайымдауларды жинақтау жеткілікті. Сондықтан Лайель қазылып алынған фауна құрамын есепке алып, ондағы өзгерістердің жылдам болу себебін алып апаттармен емес, ғасырлық құрылық пен теңіз тербелісінің салдарынан болатынын және жануарлардың да таралуын осы түрғыдан түсіндіреді. Ол өткен кезендердегі фауна қазіргі кезедегімен генетикалық тұрғыдан бірі-бірімен тығыз байланысты деп көрсетті. Осы көзқарас «көкейкестілік принципі» деген атауға ие болды. Лайель бірден болмаса да, Дарвиннің жақтаушыларының бірі болды.

Лайелдік идеяға ұқсас пайымдаулар одан бұрында болды. 1822 жылы орыс академигі К.М. Бэр «Жер бетінде өмір қалай дамыды» деген баяндамасында табиғаттың төменгі сатыдан жоғарғы сатыға қарай дамитыны туралы болжамдарды ұсынды. Оның пайымдауы бойынша адамзат тарихынын ежелгі көне болады, ал жануарлар әлемінің тарихына қарағанда жер бетінің тарихы көнелеу келеді деген. Бэр 1834 жылы жануарлардың эволюциясына сүйене отырып, онымен олардың географиялық таралуын байланыстыра қарастырады.

Ағылшын биогеографы Э. Форбстың «Британ аралдары фаунасы мен флорасының тарала үлестірілуінің және геологиялық өзгерістерінің делювия дәуірімен арасындағы байланысы туралы» (1846) кітабында көкейкестілік принципінің іске асырылғаны баяндалады. Форбс биогеографияның алға дамуын бірнеше ондаған жылдарға зерттеудің заманауи тәсілдерін қолданып, алдын ала анықтап кетті. Фауна генезисін айқындау үшін ол геологиялық деректерді қазіргі заманнан өткен заманға қарай зерттеуді ұсынды. Оған дейін геологиялық деректер бұрын өткен заманнан қазіргі заманға қарай түсіндірілген болатын. Форбс Британия аралындағы ағзалардың түрлік құрамында ежелгі әртүрл бес типтік флора мен фаунаның іздерін тапқан және олардың типтерінің миоценадан бастап, біртіндеп бірін-бірі алмастырғанын дәлелдеді. Өсімдіктер мен жануарлар түрлері қатарының пайда болуын Британияның бұрынғы Франция, Испания және Скандинавиямен материктік байланысы арқылы түсіндірді. Форбс Британияның теңізбен қоршалған фаунасы мен флорасын алғаш зерттеген биогеографтардың бірі болды.

Осы уақыттағы биогеография ғылымының ірі өкілдерінің бірі швейцарлық ботаник Альфонс Декандольский болды. Ол зоогеография мәселелерін қарастырмағанмен, оның үсынған әдіснамасы ботаниктер мен зоологтар үшін аса қызығушылық туғызды. Декандоль Форбстың әдістеріне сүйене отырып, өсімдіктердің таралуын және үлестірілуін қоршаған ортаның жағдайларын есепке алып зерттеді және зерттеудің жаңа әдісін ұсынды. Ол қазіргі таңдағы физикалық шарттар белгілі бір құбылыстарды талқылау үшін жеткіліксіз болған жағдай ғана геологиялық деректерге сүйену керек деп санады. Декандоль флоралық аймақтарды анықтау үшін негізгі және сенімді материалдар ретінде ареалдар түрлерін терең зерттеу қажеттілігін атап көрсетті. Декандоль өз бақылаулары нәтижесін атақты «Өсімдіктер географиясы» (1855) атты туындысын да жариялады, ол биогеография дамуының дарвиндік кезеңге дейінгі көрнекті шығармаларының бірі болып табылады.

Төртінші кезеңде (XIX ғ. 60 жылдары) биогеография ағзалардың таралуын ғылыми тұрғыдан түсіндіретін болды. Дегенмен, XIX ғасырдың бірінші жартысында Ламарктың «Табиғат философиясы» (1809) кітабындағы дәлелді дәйектерге қарамастан, эволюциялық процестердің үзіліссіздігі, қазіргі фауна ежелгі жойылып кеткен фаунадан шығатыны туралы түсініктер көптеген ғалымдар үшін жат болып көрінді.

Дарвиннің «Түрлердің тектік шығуы» (1859) атты еңбегі жарияланған соң, тек эволюциялық ілім арқылы ғана жануарлар мен өсімдіктердің қазіргі кездегі таралу себебін түсіндіруге болатыны анықталды, өйткені өздері мекен еткен физикалық-географиялық жағдайлары сияқты ағзаларда баяу және тұрақты өзгерістерге ұшырайды. Осыдан түрлік өзгерістер қоршаған орта өзгерістерімен тығыз байланысты деген қорытынды шығады.

Дарвиннің эволюциялық түрде дамуын дәлелдейтін жаңа идеялардың шығуы биология ғылымдарының, әсіресе биогеографияның күрт дамуына әкелді.

Оңтүстік Африканың маңындағы аралдардағы жануарлардың таралуы сипатын зерттей отырып, Дарвин мынадай қорытындыға келеді: уақыт өткен сайын түрлік өзгерістердің болатынын түсіндірді, аралды мекен еткен түрлер айырмашылығы неғұрлым көп болған сайын, соғұрлым олардың географиялық ажырау ерекшеліктері ұзақтау және анағұрлым маңыздырақ болады. Дарвин биогеография ғылымының дамуына айтарлықтай үлес қосты, ол эндемиктік түрлердің және өзіндік түрдегі фауналардың қалыптасуы үшін географиялық кедергілердің маңызды рөл атқаратынын Галапагос аралдары фаунасының мысалы негізінде көрсетті. Ол ағзалардың территорияға кездейсоқ келуінен мүмкін болатын, яғни желмен, ағыстармен, жыл құстарының келуімен және басқа да жағдайлармен мекендейтінін де дәлелдеп берді. Әрбір түрдің тектік шығуының бірыңғай орталығы болатыны туралы зандылықтарды нақтылап шығарды және оның дұрыстығын растады. Бірыңғай түр мекен еткен ареалдар бөліктері арасындағы алшақтықты оның аралық аудандарындағы тектік түрлерінің жойылуымен түсіндірді. Дарвиннен кейін ғана фаунаның эволюциясын зерттейтін зоогеографияның тарихи (генетикалық) деп аталатын бағыты дами бастады. Тарихи зоогеографияның дамуы К. Рютимейер және А. Уоллес еңбектерінен бастау алды.

Рютимейердің (1867) «Жануарлар әлемінің шығу тегі туралы» еңбегінде қазіргі кездегі палеонтологиялық деректер мен мәліметтер негізінде жануарлардың жер бетіне таралуын ежелгі түрлі фауналық қабаттарды бөліп көрсетті. Ең ежелгі фауна ретінде Әлемдік мұхит алынды, ол өмір бесігі деп саналды, одан тұщы су мен құрлықты мекендеушілер шықты деп дәлелді. Құрлықтағы фауналардың ішіндегі ең ежелгісі ретінде мезозой фаунасының біржынысты және қалталы өкілдері кездесетін аустралиялық фауна қарастырылды. Жас фауналарға Рютимейер (үшінші жастағы) африкалық және үнді фауналарын жатқызды, ал ең жасы Солтүстік Америка және Ескі әлем дүниесінің солтүстігіндегі өзгеріске аз ұшыраған мұзды фауна болып саналды.

Дарвиннің аса көрнекті жақтаушысының бірі Уоллес ағза эволюциясының басты факторы ретінде табиғи сұрыптау идеясына дербес түрде келіп, «Жануарлардың географиялық таралуы» (1876) атты екі томдық кітабын шығарады, ол онда бұрыңғы түрлердің таралуы туралы көлемді зоогеографиялық материалдарды және палеонтологиялық деректерді жалпылады. Уоллес Декандоль қолданған әдіс-тәсілдерді пайдаланды, яғни түрлер мекен еткен ареалдарды және жердің түпкірлеріндегі түрлі фаунадағы ең жоғарғы таксономикалық бірліктерді (тегін, тұқымдарын) олардың шығу тарихын ескеріп зерттеді.

1875 жылы П. Склэтер статистикалық әдіс арқылы жердегі табиғи зоогеографиялық облыстарды анықтады. Жүйеленбеген ұсақ зоологиялық облыстарға бөлудің орнына белгілі бір экология-фауналық қауымдастықты білдіретін облыстардың ішінен ең ірі аумақтар іріктелініп алынды.

Зоогеографиялық облыстарды іріктей отырып, Склэтера, Уоллес негізгі алты фауналық қауымдастықты бөліп көрсетті, оларға Палеарктикалық, Эфиопиялық, Шығыстық (Үнді-Малайлық), Аустралиялық, Неотропикалық жэне Неарктикалық фауналары жатады. Олардың әрқайсысы бірнеше ішкі облыстарға бөлінеді. Уоллесті тарихи зоогеографияның негізін қалаушы деп санайды, шындығында бұл жетістікке ол Рютимейермен бірге жетті. Дегенмен Уоллес ағзалардың таралуына әсер ететін экологиялық деректерге аз көңіл бөлді.

Экологиялық зоогеография негізін қалаушы ретінде тиесілі орынды ресейлік Н.А. Северцов (1827 - 1885) алады. Дарвинге дейінгі уақытта шыққан «Воронеж облысындағы аң-құс және басқалардың тіршілігіндегі құбылыстардың қайталануы» атты монографиясында (1855) Северцов айрықша әдістерді қолданып, мекен ететін және сонда даму ортасы болып табылатын фауна ерекшелігі мен физикалық-географиялық жағдайлардың (климат, топырақ жэне т.с.с.) тығыз байланысы анықталды. Жануарлардың таралуы мен миграциясы қазіргі таңда тек қана экологиялық деректермен түсіндіріледі. Северцовтың Ортазияға жасаған экспедициясынан жинақталған келесі ірі жұмыстарының бірі «Түркістан жануарларының вертикальді (тігінен) және горизонтальді (көлденең) таралуы» (1873) атты еңбегінде мынадай қорытындыға келеді: жануарлардың осы таңдағы таралуы қазіргі заманмен емес, ежелгі еткен замандағы географиялық және физикалық жағдайларды көрсететін геологиямен тығыз байланыста түсіндірілуі қажет дейді. Ол жануарлар топтарының шығу тегіне және содан соң таралуына қарай, ортаазиялық, евросібірлік, оңтүстік азиаттық және т.б. аудандарға белді. Н.А. Северцовтың еңбектерінде зоогеографияның экологиялық және тарихи бағыттары біріктіріле қарастырылды. Экологиялық принциптерге сүйеніп, ол ландшафтық зоналар - тундра, тайга, аралық, далалық және жағалаулық зоналарын негізге алып, Палеарктиканы зоогеографиялық аудандарға (1877) бөлді.

Уоллес пен Северцов эволюциялық зоогеографияның негізін қалаған ғалымдар деп саналады. Северцовтың көрсеткен бағытын оның шәкірттері М.А. Мензбир мен П.П. Сушкин дамытты.

Мензбир (1855 - 1935) зоогеографиялық әдіс ойлап тапты, оған сүйеніп әрбір зоогеограф алдымен түрлік құрамдарын қазіргі заманнан өткен заманға қарай зерттеуі қажет. Аудандарға бөліктеу кезінде сол аймақтағы мекендейтін түрлердің бар не жоқ болуын басшылыққа алады. Фауна бойынша іріктелінген зоогеографиялық бірліктері түрліше болуы керек, себебі әр елдегі фауна бір-бірінен айрықша ерекшеленеді. Зоогеографиялық аудандастыру приципі негізінде Мензбир төмендегідей зоогеографиялық бірліктерді көрсетті: облыс, ішкі облыс, шет аймақ, округ, бөлімше, мекені. Облысты біріктегенде фаунаның молшылығын және өткен тарихын есепке алды. Ғалым оданда ұсақ бірліктерді қазіргі таңдағы фаунаның жай-күйіне қарай алды, фауналар біркелкі жас шамасында болғандықтан, олардың дамуындағы түрлі сатылар маңызды рөл атқарады. Фауналар құрамындағы ерекшелік ауыспалы жолақтар арқылы емес, бірліктердің тіршілік ету ортасын салыстыру барысында анықталады.

П.П. Сушкин (1868 - 1928) зоогеографияның экологиялық және тарихи бағытын үйлестіре отырып, Сібір жэне Орталық Азия фауналарының эволюциясының көрінісін жасады. Ол құрлықтағы фаунаның қалыптасу орталығының бар екенін, ол Азияның солтүстік-шығысында орналасқан әрі Азияның солтүстік-шығысын Солтүстік Американың солтүстік-батысымен қосатын Берингия деп болжады. Оны осы материктердің солтүстігіндегі фауналардың үқсастыгымен түсіндіреді.

Сушкин болжамын ары қарай Б.К. Штегман дамыта жалғастырды. Штегманның «Палеарктикалық облысының орнитологиялық бөліну негіздері» атты жұмысы (1938) зоогеографиялық аудандастыру қиындығын құрлықтағы шекаралық сызықтарды жүргізу арқылы жеңілдетеді. Зоогеографияның негізгі құрылымы ретінде еркін және статикалық түрде жүргізілген аймақтық бірліктер емес, уакыт және кеңістік бойынша өзгеретін әрі бірге тіршілік ететін не қарама қарсылықта болатын «фауналар типіне» катысты бірліктер қарастырылады. Ол екі фаунаның бір-біріне өзара енген облыстарын картада сәйкес түспен бояп көрсетті. Осыған ұқсас ұсыныстарды зоогеограф В. Рейнигте ұсынды, «фауна типі» (немесе «фауна шеңбері» термині көбіне шетел зоогеографтары қолданылады) ортақ таралу ортасына енетін түрлер кешенін айтады.

Северцов бағытын ұстанған және оны дамытқан ірі энтомолог ғалым А.П. Семенов-Тян-Шанский болды. Ол Палеарктиканы зоогеографиялық бөлімшелер мен оны шет аймаққа дейін бөліктеген сұлбалық негізін жасады.

Северцовтың анықтап кеткен Палеарктика ландшафтын жіктеуді Л.С.Берг жануарлар мен өсімдіктер кешендерімен байланыстырды. Ол тұщы судағы балықтардың таралуы негізінде алғашқы болып Палеарктиканы аудандастырды. Зоогеографиялық кейбір қайшылықтардың қатарын шешіп берді. Мысалы, «Организмдердің биполярлық таралуы және мұз дәуірі» атты мақаласында (1920) биполярлық туралы ілімді биогеографиялық және палеогеографиялық бағытта дамыта ұсынды. Теңіз жануарларының ареалдар қатары Солтүстік және Оңтүстік жартышарында тропиктік аралықтармен бөлінген қоңыржай ендіктерде орналасқан. Осындай бытыраңқы орналасуларды Берг мұз дәуірінің өту жағдайларымен түсіндіреді. Амфибореальдық туралы ілім осыған ұқсас, яғни батыстағы не шығыстағы қоңыржай ендігінде тектік жағынан өзгеше түрлер кездеседі, ал олардың аралығында бұндай түрлер жоқ болады. Осындай таралу себептері геологиялық дәуірдің палеогеографиялық жағдайлармен шарттасады. Берг аса қызықты зоогеографиялық мәселелерді Каспий мен Байкалдың фауналық жұмбағын шешумен түсіндіреді. Л.С. Берг ұсынған теңіздерді аудандыстырудың: аймақтық-географиялық және меншікті зоогеографиялық принциптерін ажырату қажеттілігі туралы пікірі өзіндік орын алды. Бірінші жағдайда, теңізді аудандысырудың негізінде оның орын алған аймағы жатады, ал екнші жағдайда иерархиялық бірліктері: облыс, ішкі облыс, шет аймақтары және олар ұқсастық (түрлік, тектік және т.б.) дәрежелері бойынша фауналар бір-бірінен ажыратылады.

Сонымен, XIX ғ. екінші жартысында жэне XX ғ. алғашқы он жылы ішінде зоогеография ғылымында тарихи бағыт аса басым мәнге ие болды. XX ғ. бірінші жартысында биогеография ғылымының экологиямен тығыз байланысы басталды.

Түрлердің таралу заңдылығын түсіндіру мақсатында көптеген жұмыстарда экологиялық деректерді есепке алу түрлі дәрежеде қарастырылған. Бұл әсіресе зор кеңістіктегі және қоршаған ортаның түрліше жағдайларымен қиюласқан Ресей үшін ерекше болды. Соның салдарынан биогеография ғылымының экологиямен тығыз байланысының сарамандық мәні зор болды. Түрлердің географиялық таралуын зерттеу ареалдар ішінде географиялық жағдайлардан тәуелді жергілікті ерекшеліктерге байланысты өзіндік жеке түрлердің кездесетінін көрсетті. Биогеография ғылымының экологиямен тығыз байланысы нәтижесінде экологиялық зоогеография және фитогеография ғылымдары пайда болды. Зоогеографиялық идеялардың экологиялық идеялармен үйлесімділігінің мысалдары А.Н. Формозовтың «Қар жамылғысы КСРО сүтқоректі жануарларының және құстар тіршілігіндегі қоршаған орта факторының маңызды мәні» (1946) атты кітабында келтірілген. Биогеография мен экология ғылымдарының үйлесімділігінен кейбір зоогеографтар, геоботаниктер биогеография мен экологияның айырмашылығын ажырата алмайды. Бұндай жағдай американдық биогеографиясына тән жағдай болып отыр, бірақ оның қисынсыз екенін өздері де мойындайды.

Тағы бір қисынсыз жағдайға географтардың биогеографияны ландшафттануға айналдыруы, яғни физикалық географияның бір саласы ретінде қызмет ететін бөлім жасауға ұмтылысы жатады. Зоогеография және фитогеография шектесуі жағдайында биологиялық және географиялық ғылымдардың түйісуі даусыз. Бірақ, зерттеу нысаны - жануарлар мен өсімдіктердің түрлері болғандықтан, биогеографияны биологиялық ғылымға жатқызады. Ландшафтты сипаттау үшін оның түрлік құрамы ғана емес, яғни фауна, әсіресе оган тән жануарлар әлемі де қарастырылады. Олар көбіне кеңінен таралған фондық «реңдік» не ландшафттық түрлер. Осылар геозоологияның зерттеу нысандарына жатады.

XX ғасырда көлемді фауналық материалдарды жалпылау нәтижесінде монографиялық жұмыстар мен оқу құралдары пайда болады. Экологиялық бағыт Ф.Дальдің «Экологиялық зоогеографияның негіздері» (1921 - 1923), Р.Гессенің «Зоогеографияның экологиялық негіздері» (1924), Р.Гессе, В.Элли және К.Шмидттың «Жануарлардың экологиялық географиясы» (1951) еңбектерінде жазылған. Әлемдік мұхиттың зоогеографиясы С. Экманның «Теңіз зоогеографиясы» (1935) еңбегінде жарияланған. Зоогеографияның Ресейде дамуы барысында В.Г.Гептнердің басшылық етуі және зоогеограф мамандарды дайындауда оның «Жалпы зоогеография» (1936) еңбегі аса маңызды орын алды. Жануарлардың таралуы және ареалдар туралы ілімдерге арналған осы еңбектегі тарау аса құнды. Осыдан кейінгі кеңестік зоогеографтардың еңбектерінің барлығы осы еңбекке сүйенді. Соңғы жарияланған И.И. Пузановтың «Зоогеография» (1938), Н.А. Бобринский, Л.А. Зенкевич, Я.А.Бирштейннің «Жануарлар географиясы» (1946), Н.А.Бобринскийдің «Жануарлар географиясы» (1951) еңбектері мазмұнында экологиялық жэне тарихи бағыттар баяндалды.

Ф. Дарлингтон (1957) осы еңбектерде көрсетілген әдістерге сүйеніп, судағы және жердегі омыртқалы жануарлардың барлық класының таралып мекендеуінің сипатын және ықтимал жолдарын жазды. Бұнда аралдар және материктегі жануарлардың таралу заңдылыктарына көп көңіл бөлінді. Дарлингтон тарихтық зоогеографияда жиі қолданылатын болжамдар мен теорияларға (мысалы, материктердің орын алмастыру теориясы және т.с.с.) қарсы тұрады. Ол материктердің пішімінің теңіз арқылы бөліну өзгерістері құрлықтағы жануарлардың тарала мекендеуін толық түсіндіреді дейді, осы мүмкіндіктердің болуы жер бетіндегі жануарлар топтары таралуының қазіргі көрінісін нақты көрсетеді деп санайды.

1967 жылы Г. Деллатиннщ «Зоогеография очерктері» атты үлкен жұмысы шықты. Жалпы мәселелер, ареалдар теориясы мен зоогеографияның экологиялық негіздері теориясын қарастыра келе, ол теңіз, тұщы су және құрылықтағы фауналарға айрықша тоқталды. Кітапта фауналар тарихын анықтау үшін аса қажетті фауналық элементтер көрсетілген.

Жуық мерзімдегі әлемдік зоогеографиялық әдебиеттерде зоологиялық картография бойынша басшылыққа алынатын нұсқаулар болмады. Көптеген зоогеографиялық жұмыстарда бұрыңғы белгілі әдіспен жануарлар ареалын картаға түсіру қолданылған. Зоологиялық картаны жасаудың әдістемелік қиындығы жануарлардың өзіндік ерекшеліктерінен (қозгалғыштығынан, жасырын тіршілік етуінен, тіршілік ортасын тандау және оны қалыптастыру қабілетінен, маусымдық және жылдық санының ауытқулары және т.б.) туындайды. Бірақ, жануарлар мекенін картаға түсіру геозоологиялық мақсаттағы аймақтық зоогеографиялық жұмыстар үшін маңызды. Жануарлардың таралуын зерттеудің, әсіресе аң аулау кәсіпшілігіне жарамды андар мен құстарды анықтау, орман және ауыл шаруашылығы зиянкестерін, адамға жұқпалы ауруларды таратын және оны сақтаушыларды жою тәрізді сарамандық жағы арнайы мазмұндагы зоологиялық картаны жасауды талап етеді. Зоологиялық территориялардың картасын жасау қажеттілігі ірі шаруашылық іс-шараларын өткізуден, тың жерлерді игеруден, ландшафты мелиорациялаудан, жолдар салудан, жаңа елді мекендерді орналастырудан шығады және аса қажет болды.

Осындай жұмыстардың бірі Н.В. Тупиковтың «Зоологиялық карта жасау» (1969) еңбегін атап өтуге болады, мұнда зоогеография ғылымының тағы бір бағыты зоогеографиялық картаны жасау және оның әдістемесі қарастырылады. Кітапта зоологиялық картаның негізгі түрлеріне шолу жасалады: ареалдар және оның шекараларының өзгерісі, кейбір жеке түрлерінің мекендері, биотопқа таралған жануарлар, фауналық және жануарлар мекені кешендерін қарастырды.

Зоогеографияның дамуының қазіргі сатылары оның бірнеше бағыттарының пайда болуымен сипатталады. Оның біраз бөлігі классикалық дәстүрлі салалар болса, қалғандары түбегейлі жаңадан қалыптасады. Алдымен биогеография - кешенді ғылым ретінде дауы мен оның негізделуі аса көп көңіл бөлуді қажет етеді.

Осы мәселені қарастыруда профессор А.Г. Воронов басқаратын мәскеулік биогеографтардың мектебі тұрақты орын алады. Олардың жазған оқулықтарында биогеографияның жалпы мәселелері мен жер шарының биомдарының сипаттамалары кеңінен әрі толығымен баяндалады. А.Г. Воронов биогеографияны ағзалар қауымының және оны құрамды бөліктерінің географиялық таралуы мен мекендеуі туралы ғылым ретінде айқындайды. Осы ғылымның негізгі міндеті ағзалар қауымының және оны құрамды бөліктерінің таралуының мекендеу ортасымен тығыз байланысының географиялық арнаулы себептерін айқындау десе, екінші жағынан биогеографияның экологиямен және биоценологиямен өзара байланыстарын, сонымен қатар осы үш ғылымның құпытасуын анықтау болады деп көрсетеді. Биогеографияның дербес кешенді ғылым ретіндегі ерекшелігі планетадағы тірі заттар массалары мен өнімдер географиясы туралы, организмдер қауымының және оны құрамды бөліктерінің таралуы себептері, биотикалық қатынастардың географиялық ерекшеліктері және адамзаттың түрлі географиялық жағдайда биомдар және биоттарға антроптық әсері тәрізді мәселелерді мақсатты түрде шешеді деп қарастырады.

Осы бағыттармен қатар классикалық фауна-генетикалық бағыт дамуын жалғастырады. Соңғы жылдарда бұл бағытты дамытуға зор үлес қосқан ғалымдар О.Л. Крыжановский, Я.И. Старобогатов (1965) болды. Олар жер үстіндегі фауналарға толық талдау жасап, күрделі аймақтар қатарына жататын Орта Азияның генезисін сараптады және зоогеографиялық аудандастыру сұлбасын жасауды ұсынды. Я.И. Старобогатов (1970) зоогеографиялық аудандастырудың принциптері мен әдістерін тұщы су жануарларына қолданып дайындады және ішкі су фауналарындағы жануарлар таралуының жалпы заңдылықтарын көрсетті.

1960 жылдары ерекшеленген бағыттардың бірі - аралдар биогеографиясы. Ол Престона (1962) және Мак-Артура мен Уилсон (1967) жұмыстарында қарастырылды. Олар аралдар фаунасының Динамикасын зерттеудің жаңа әдістерін ұсынды және аралдар ауданы мен ондағы мекендейтін жануарлар санының арасындағы өзара байланысты, колонизация үрдісі мен жойылудың (түрлердің айналымы) аралық қатынасын анықтады, фауналық коллапсқа назар аударды. Бұл бағыттың дамуы соңғы жылдардағы табиғатты қорғау мәселелерінен шықты. Табиғи ландшафттың антроптық түрленуі дәуірінен қалған жануарлардың мекені мен таралуындағы қалдықтар қорық аймақтары ретінде қалыптасты, яғни ауылшаруышылығын дамыту мен территорияны урбанизациялау нәтижесінде қорық түріндегі оқшау аралдар пайда болды. Сондықтан Престон осы оқшау қорықтағы ағзалар популяциясына табиғаттағы аралдардың жағдайлары қолданылуы керек деп санайды. Осылайша қорықтағы «минимальды динамикалық аудандар» туралы мәселелерді шешуге болады, яғни жануарлар түрлерін қорғауды, олардың жеке бөліктерден тұратын қорын және өзіндік «архипелаг» құруды іске асырады, жалпы бақылаулар көрсеткендей осындай фауналар жиынтығы біртұтас ауданнан аса бағалы келеді.

Тарихтық зоогеографиядан викариантты зоогеография бағыты бөлініп шықты. Ол ертедегі біртұтас ареалдың атамекендік таксоны бөлшектенуінен туындайтын географиялық оқшауланған таксондардың таралуын шектелу әрекетінің нәтижесі ретінде қарастырады. Викариантты зоогеографияның дербес саласы «мобилисттік зоогеография» болып табылады, ол континентальді дрейфтер туралы түсініктерге негізделеді. Оның жақтаушылары филогенетикалық тарамдалу сұлбасын (кладограмманы) біртұтас мезозойлық континент Пангеи фрагменттерінің қайшылықтармен сәйкестендіруді қарастырады. Геологиялық жағдайлардың хронологиясы туралы пайымдауларды және қажетті материалдарды геофизика береді.

Зоогеографияның көптеген мәселелері мен қайшылықтары қазірге дейін зоогеографиялық конференцияларда түрлі пікірталас және қызу сайыс тудырады. Қазіргі танда зоогеография классикалық сипаттаушы ғылымнан жануарлар әлемін тиімді пайдаланудың сарамандық міндеттерін шешетін өткір мәселелі ғылымға айналып отыр (Нұрғазы Қ.Ш., Байбатшанов М.Қ., Өміржанова Н.М., Алматы, 2010 ж.).

 

Қайталауға арналған сұрақтар:

1. Зоогеография ғылым ретінде қай ғасырда қалыптасқан, пайда болу себептері қандай?

2. М.А. Мензбир зоогеографияның дамуын қандай кезеңдерге бөлді, бөлу себептерін түсіндір.

3. Аристотельдің зоогеография ғылымындағы еңбектерінің маңызы қандай?

4. XVIII ғ басында қай ғылымдардың еңбектері жарық көрді, олардың зоогеография тарихында алатын орны қандай?

5. Байкалдың шығысы мен Лена өзенінің бассейндерін кімдер зерттеген, олардың зерттеулері қаншалықты құнды болды?

6. Фауналық немесе аймақтық деп аталатын бағыттың негізін қалағн ғалымдарды ата, бағыттың зоогеографияның дамуына қосқан үлесі қаншалықты?

7. А.Г. Вороновтың қандай еңбектерін білесің, олардағы негізгі ой қандай?

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

1.Второв П.П., Дроздов Н.Н. Биогеография. / П.П.Второв, Н.Н.Дроздов. - М.:2001.- 301 с.

2.Кобышев Н.М., Кубанцев Б.С. География животных с основами зоологии. / Н.М. Кобышев, Б.С. Кубанцев. - М.:Просвещение.1988. – 182 с.

3.Нұрғазы Қ.Ш., Зоогеография. / Қ.Ш.Нұрғазы, М.Қ.Байбатшанов, Н.М. Өміржанова.- Алматы, 2010.


Просмотров 1973

Эта страница нарушает авторские права

allrefrs.ru - 2020 год. Все права принадлежат их авторам!