Главная Обратная связь

Дисциплины:

Архитектура (936)
Биология (6393)
География (744)
История (25)
Компьютеры (1497)
Кулинария (2184)
Культура (3938)
Литература (5778)
Математика (5918)
Медицина (9278)
Механика (2776)
Образование (13883)
Политика (26404)
Правоведение (321)
Психология (56518)
Религия (1833)
Социология (23400)
Спорт (2350)
Строительство (17942)
Технология (5741)
Транспорт (14634)
Физика (1043)
Философия (440)
Финансы (17336)
Химия (4931)
Экология (6055)
Экономика (9200)
Электроника (7621)






Бап. Тәртіптік жаза қолданудың негіздері мен шарттары



1. Қызметкердің тәртіптік теріс қылық жасауы тәртіптік жаза қолданудың негізі болып табылады.
2. Тәртіптік жаза қолдану және оның түрін анықтау кезінде қызметкердің кінәсінің болуы, жасалған тәртіптік теріс қылықтың ауырлығы және мән-жайы, қызметкердің жеке басы және оның қызметке қатысы, теріс салдарлардың болуы және құқық қорғау органының беделіне нұқсан келтіруі ескеріледі.
Тәртіптік жауапкершілікке тарту тәртібі мен шарттары құқық қорғау органдарының нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.
3. Қызметкер тәртіптік теріс қылық жасаған кезде одан жазбаша түсініктеме талап етіледі. Егер жазбаша түсініктемесінде қызметкер өзінің тәртіптік теріс қылықты жасау фактісімен келіссе, онда құқық қорғау органының басшысы немесе уәкiлеттi басшы қызметтік тергеу жүргізбей жаза қолдануға құқылы.
Егер қызметкер өзінің жазбаша түсініктемесінде өзінің тәртіптік теріс қылық жасау фактісімен келіспесе, онда құқық қорғау органы басшысының немесе уәкiлеттi басшының бұйрығымен қызметтік тергеу жүргізілуге тиіс.
4. Қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту, атқаратын лауазымынан босату және қызметінен шығару түріндегі жаза жүргізілген қызметтік тексеру нәтижелері және тәртіптік комиссияның тиісті ұсынымдары бойынша қолданылады. Қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту, атқаратын лауазымынан босату түріндегі жаза алқаның немесе құқық қорғау органы бірінші басшысы жанындағы жедел кеңестің шешімі негізінде де қолданылады.
Тәртіптік комиссияны құру және оның жұмыс істеу тәртібін құқық қорғау органының басшысы айқындайды.
5. Бірнеше қызметкер бірлесіп тәртіптік теріс қылық жасаған кезде жаза әр кінәліге жеке-жеке қолданылады.
6. Қызметтік тәртiптiң бұзылуының әрбiр жағдайы үшiн бір тәртіптік жаза ғана қолданылуы мүмкiн.
7. Жаза қолдану тәртіптік теріс қылық жасаған қызметкерді атқармағаны немесе тиісінше атқармағаны үшін тәртіптік жаза қолданылған міндетті атқарудан босатпайды.
8. Тәртiптiк жаза қолдану туралы бұйрық ол шығарылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде тәртіптік жазаға тартылған қызметкерге қолын қойдырып, жария етіледі.
9. Тәртiптiк жаза қолдану туралы бұйрықпен танысудан бас тарту құқық қорғау органының кадр қызметі жасайтын актiде ресiмделедi және арнайы журналда тiркеледi.
Қызметкерді тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықпен жеке таныстыру мүмкін болмаған жағдайда, құқық қорғау органының кадр қызметі тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықтың көшірмесін қызметкерге хабарламасы бар хатпен жіберуге міндетті.
10. Тәртiптiк жаза тәртіптік терiс қылық мәлiм болған күннен бастап бiр айдан және тәртіптік теріс қылық жасалған күннен бастап алты айдан кешiктiрiлмей қолданылады.
Қызмет бабында қызметкер бағынатын адамға тәртіптік жаза қолдану құқығы берілгеніне не берілмегеніне қарамастан, тәртіптік теріс қылық жасалғаны туралы белгілі болған, бір айлық мерзім басталатын күн тәртіптік теріс қылық байқалған күн болып есептеледі.
11. Қызметкерге қатысты қызметтік тергеп-тексеру не сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілген немесе сот қараған әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалған жағдайларда, кінәлінің ауырғанына байланысты жұмыста болмауы немесе демалыста, іссапарда болуы уақытын есептемегенде, тиісінше тергеп-тексеру аяқталған, қылмыстық істі немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы процестік шешім қабылданған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей тәртіптік жазалау қолданылады.
12. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру тоқтатылған жағдайларда, бірақ қызметкердің әрекеттерінде тәртіптік теріс қылық, әкімшілік құқық бұзушылық белгілері болған кезде, жазалау сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы шешім қабылданған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық белгілері болған кезде үш айдан кешіктірілмей қолданылады.
13. Алып тасталды - ҚР 18.11.2015 № 411-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).
14. Қызметкер еңбекке уақытша жарамсыз, демалыста немесе iссапарда болған кезеңде, іссапарға жіберу оны тәртіптік жауаптылыққа тартуға байланысты болатын жағдайларды қоспағанда, сондай-ақ егер тәртіптік терiс қылық жасалған күннен бастап алты айдан астам уақыт өтсе, оған тәртiптiк жаза қолданылмайды.
15. Еңбекке уақытша жарамсыздық кезеңi, демалыста, iссапарда болу, уәкілетті органдардың және лауазымды адамдардың шешімдеріне, актілері мен ұсынымдарына, тәртіптік жаза қолдану үшін негіз болып табылатын қызметтік тексеру актілеріне (қорытындыларына, нәтижелеріне) шағым жасау кезеңінде, егер жасалған тәртіптік терiс қылық туралы осы кезеңде немесе ол басталғанға дейiн белгiлi болса, жаза қолдану мерзімі тоқтатыла тұрады. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің немесе арнайы зерттеулердің (сараптамалардың) нәтижелері болмаған кезде қызметтік тергеп-тексеру және жаза қолдану мерзімінің қолданысы тоқтатыла тұруы мүмкін.
16. Қызметкер өзін тәртіптік жауапкершілікке тартумен байланысты барлық материалдармен танысуға құқылы.
17. Қызметкерге қолданылған тәртiптiк жазаның мерзiмi оның қолданылған күнiнен бастап алты айдан аспайды. Егер осы мерзiм iшiнде қызметкер жаңадан тәртiптiк жазаға тартылмаса, онда оның тәртiптiк жазасы жоқ деп есептеледi.
18. Егер қызметкерге, тікелей басшының құқықтары шегiнен шығатын жазалау шараларын қолдану қажет болса, онда ол бұл туралы жазалау шараларын қолдануға уәкілетті жоғары тұрған лауазымды адамға өтiнiш жасайды.
19. Жоғары тұрған басшының, егер бұрын жарияланған жаза жасалған тәртіптік терiс қылықтың ауырлығына сәйкес келмесе, төмен тұрған басшы қолданған тәртiптiк жазаны алып тастауға құқығы бар.
20. Тәртіптік жазалар қолдану жөнiнде өзiне берiлген құқықтарын асыра пайдаланған басшы бұл үшiн тәртiптiк жауапкершілiкке тартылады, ал жазалау шараларын қолдануға уәкілеттi адам жазалау туралы бұйрықтардың күшін жояды.
21. Қызметкер өзiне қолданылған тәртiптiк жазаға жоғары тұрған органға не сотқа шағымдануға құқылы.
Ескерту. 57-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 21.05.2013 № 93-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 23.04.2014 N 200-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.07.2014 № 233-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.10.2015 № 374-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 18.11.2015 № 411-V (01.01.2016 бастапқолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.





Бап. Қызметтік тергеу

1. Қызметтік тергеп-тексеру қызметкердің тәртіптік теріс қылық жасауының себептерін, сипатын және мән-жайларын анықтау, осы Заңда көзделген, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мән-жайлардың болуы немесе болмауын растау қажет болған кезде, оның ішінде қызметкерлердің жазбаша баянаты мен құқық қорғау және сот органдарының хабарламалары негізінде құқық қорғау органы басшысының немесе уәкілетті басшысының шешімі бойынша жүргізіледі.
Қажет болған жағдайда қызметтік тергеу жүргізу кезінде полиграфологиялық зерттеу жүргізіледі.
2. Қызметтік тергеу жүргізуге оның нәтижесіне тікелей немесе жанама мүдделі қызметкер қатыса алмайды. Мұндай жағдайда ол қызметтік тергеу жүргізу туралы шешім қабылдаған адамға, өзін осы тергеу жүргізуге қатысудан босату туралы жазбаша баянатпен жүгінуге міндетті. Осы аталған талаптар сақталмаған жағдайда, қызметтік тергеу нәтижелері заңсыз деп есептеледі.
3. Қызметтік тергеу жүргізу кезінде мынадай:
1) қызметкердің тәртіптік теріс қылық жасау фактісін;
2) қызметкердің тәртіптік теріс қылық жасауына ықпал еткен себептер мен жағдайларды;
3) қызметкердің тәртіптік теріс қылық жасау нәтижесінде келтірген залалдың сипаты мен мөлшерін;
4) қызметкердің қызметін өткеруге кедергі келтіретін мән-жайлардың болу немесе болмауын объективті және жан-жақты анықтау шаралары қолданылуға тиіс.
4. Қызметтік тергеу оны жүргізу туралы шешім қабылданған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей аяқталуға тиіс. Аталған мерзімге қызметтік тергеу жүргізілетін қызметкердің демалыста, іссапарда немесе емделуде болған уақыты, сондай-ақ оның өзге де дәлелді себептермен қызметте болмаған уақыты есептелмейді.
5. Қызметтік тергеудің нәтижелері қызметтік тергеу жүргізу туралы шешім қабылдаған адамға жазбаша нысандағы қорытынды түрінде беріледі, ол оны тергеу аяқталған күннен бастап күнтізбелік үш күннен кешіктірмей бекітеді.
6. Өзіне қатысты қызметтік тергеу жүргізілетін қызметкерден қызметтік тергеу жүргізудің мән-жайы бойынша түсініктеме талап етіп алынады.
7. Өзіне қатысты қызметтік тергеу жүргізілетін қызметкер:
1) жүргізілетін қызметтік тергеудің мәні бойынша жазбаша түсініктеме беруге;
2) өтініш айтуға, айғақтар және өзге де құжаттар ұсынуға;
3) қызметтік тергеу жүргізу туралы шешім қабылдаған құқық қорғау органының басшысына немесе уәкілетті басшысына қызметтік тергеу жүргізетін қызметкерлердің шешімдеріне және әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдануға;
4) егер ол мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді таратпау талаптарына қайшы келмесе, қызметтік тергеу аяқталғаннан кейін қорытындымен және басқа да материалдармен танысуға құқылы.
Қызметкер жазбаша түсініктеме беруден бас тартқан кезде тиісті акт жасалады.
8. Қызметтік тергеу нәтижелері бойынша қорытындыда:
1) қызметтік тергеу нәтижесі бойынша анықталған фактілер мен мән-жайлар;
2) қызметтік тергеу нәтижесі бойынша тұжырымдар мен ұсыныстар көрсетіледі.
9. Қызметтік тергеп-тексеру жүргізу кезінде қызметкердің әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері анықталған жағдайда, қызметтік тергеп-тексеру жүргізу туралы шешім қабылдаған құқық қорғау органының басшысы немесе уәкілетті басшысы алынған материалдарды шешім қабылдау үшін тиісті құқық қорғау органдарына дереу беруге міндетті.
10. Қызметтік тергеу жүргізу тәртібі құқық қорғау органдарының нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.
Ескерту. 58-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.05.2013 № 93-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2014 № 227-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.


Просмотров 708

Эта страница нарушает авторские права

allrefrs.ru - 2020 год. Все права принадлежат их авторам!