Главная Обратная связь

Дисциплины:

Архитектура (936)
Биология (6393)
География (744)
История (25)
Компьютеры (1497)
Кулинария (2184)
Культура (3938)
Литература (5778)
Математика (5918)
Медицина (9278)
Механика (2776)
Образование (13883)
Политика (26404)
Правоведение (321)
Психология (56518)
Религия (1833)
Социология (23400)
Спорт (2350)
Строительство (17942)
Технология (5741)
Транспорт (14634)
Физика (1043)
Философия (440)
Финансы (17336)
Химия (4931)
Экология (6055)
Экономика (9200)
Электроника (7621)






Шарттардың түрлері. Шаруашылық шарттардың ерекшеліктері



Шарттарды топтастыру әртүрлі негіздерде жүргізіледі. Міндеттемелер туралы мәселені қарастырғанда жүргізілген топтастыру да, атап айтқанда, тауарды беру, жұмыс жасау, қызмет көрсету сияқтылар шарттарға да қолданылуы мүмкін. Шарттарға мәмілелер топтастырулары да қолданылады.

Нақты және консенсуальдық шарттар.Егер, заң актілеріне сәйкес шарт жасалу үшін мүліктің берілуі қажет болса, шарт тиісті мүлік берілген кезден бастап жасалынған болып саналады (АК-ның 393-бабының 2-тармағы).

393-баптың 2-тармағында нақты шарттың жасалу кезі туралы айтылған. Шарттардың көпшілігі консенсуальдық болып табылады, (лат. соnsensus - келісім), яғни оларды жасау үшін ол жайында келісім болса жеткілікті. Мысалы, сатып алушы мен сатушы арасындағы келісімге қол жеткен кезден бастап сатып алу-сату шарты жасалды деп саналады. Затты беру, ақша төлеу және басқа әрекеттер жасалынып қойған шартты орындау мақсатында атқарылады. Бірақ, кейбір шарттар (мысалы, сыйға тарту, сақтау, заем, жүк тасымалдау) шарт нысаны берілген кезден бастап ғана жасалынады деп саналады. Мұндай шарт нақты (лат. res -зат) деп аталады, ол заң актілерінде бекімін табуға тиіс.

Шарттың консенсуальдық немесе нақты сипаты, әдетте, шарттың анықтамасының өзінде көрсетіледі. Мысалы, сатып алу-сату шартында сатушының міндеті былайша қалыптасады: сатушы затты беруге міндеттенеді, ал сатып алушы ақша төлеуге міндеттенеді. Болашақта міндеттеме осындай орындалуы тиіс. Нақты шарттарда тараптардың міндеттері басқаша анықталады. Мысалы, сақтау шарты бойынша сақтаушы зат иесінің өзіне тапсырған затынсақтауға міндетті, тасымалдау шарты бойынша тасымалдаушы өзіне сеніп тапсырылғанжүкті апаратын жерге жеткізуге міндетті. Яғни, шарт бойынша міндеттеме екінші тарап затты бергеннен кейін ғана туындайды. Бұл жерде орындау кезі мен шарт жасасу кезін шатастырмау керек. Консенсуальдық шарттарда олар, әдетте, сәйкес келмейді, бірақ тараптар сатып алу-сату шарты бойынша зат беру кезін шарт жасасу кезімен сәйкестендіруге келісе алады. Бірақ бұдан сатып алу-сату шарты нақты шарт бола алмайды.



Ақылы және ақысыз шарттар.Шарт бойынша тараптар өз міндеттемелерін орындағаны үшін ақы алуы немесе біріне бірі нәрсе беруі керек болса, бұл ақылы шарт болып табылады. Бір тарап екінші тарапқа одан ақы алмай немесе еш нәрсе бермей бір нәрсені ұсынуды міндетіне алған шарт ақысыз шарт болып табылады (АК-ның 384-бабы).

Ақылы және ақысыз шарттар арасындағы айырмашылық - шарт бойынша өз міндеттерін орындағаны үшін біріне бірінің бір нәрсені ұсыну-ұсынбауында. Бір нәрсені ұсынуға (төлеуден басқа) материалдық құндылықтар беру (бартерлік операция), біріне бірі қандай да бір мiндеттерді атқаруы (өзара міндеттемелер), ақшалай баға беруге болатын кез келген әрекетті жасау жатады. Бір нәрсені ұсыну ұғымы ағылшын-американ құқығында «соnsіdагаtіоn» деген атпен кең қолданылады. Оларда «соnsіdагаtіоn» кез келген шарттың елеулі ережесі болып табылады; онсыз шарт заң күші бар шарт деп танылмайды. Шарттардың көпшілігі ақылы. АК-да бекімін тапқан ақысыз шарттардың ішінен сыйға тарту шартын, мүлікті ақысыз пайдалану және пайызсыз заем шартын атауға болады. Кейбір шарттар заң бойынша ақылы да, ақысыз да болуы мүмкін (тапсыру, сақтау, заем). Сондықтан да, АК-ның 284-бабында қандай да бір күдік туса, шарт ақылы деп танылады деген презумпция бекітілген. Шарт ақысыз деп танылады, егер ол заңнамадан, шарттың мазмұнынан немесе мәнінен туындайтын болса.



Бір жақты және өзара шарттартараптардың құқықтары мен міндеттерінiң бөліну сипатына қарай ажыратылады. Бір жақты шартта бір тарапта тек құқық, екіншісінде тек міндет туындайды (мысалы, заем шарты). Өзара шартта тараптардың әрқайсысында құқық болады, олар мiндеттемелер де көтереді (сатып алу-сату шарты бойынша сатушы берген заты үшін сатып алушының ақша төлеуін талап етуге құқылы және өзі сол затты сатып алушыға беруге міндетті, ал сатып алушы заттың өзіне берілуін талап етуге құқылы және сол зат үшін ақша төлеуге міндетті).

Бір типті және аралас шарттар.Бір типті шарттар сан алуан қыры бар (жеткізу, тұрмыстық мердігерлік, жалдау, рента және т.б.) белгілі бір түрдегі (тауарды беру, жұмыс орындау, қызмет көрсету) міндеттемелерді тудырады. Аралас шарттарда заңнамада көзделген әртүрлі шарттардың элементтері болады (АК-ның 381-бабы). Нарықтық экономикаға көшу жағдайында әртүрлі жаңа қатынастар туындауда, оларды шарттың бір түрімен қамту мүмкін емес, шарттардың екі немесе бірнеше түрлерінің нормаларымен ғана оларды реттеуге болады. Тараптардың аралас шарт бойынша қатынастарына, егер тараптардың келісімінен немесе аралас шарттың мәнінен өзгеше туындамаса, аралас шартта элементтері бар шарттар туралы заңдардың тиісті бөліктері қолданылады. Тиісінше оған сатып алу-сату шартының элементтері бар бөлігінде сатып алу сату шартының нормалары, ал, егер мердігер шет елде болса - сыртқы экономикалық сатып алу-сату шартының элементтері қолданылады Мердігерлік шарттың элементтері бар бөлігінде мердігерлік шарттың нормалары қолданылады. Тараптар аралас шарттан туындайтын қатынастарды реттеудің басқа тәртібін келісуі мүмкін, мысалы, шарттың айрықша ережелерін алып оның басқа ережелері қолданылмайды деп көрсетуі мүмкін.

Негізгі және алдын ала шарттар.Мүлікті беруге, жұмыс орындауға және қызмет көрсетуге байланысты құқықтар мен міндеттер тікелей негізгі шарттан туындайды. Алдын ала шарт дегеніміз - сол шартта көзделген ережелерді сақтап тараптардың келешекте негізгі шарт жасасуға міндет алған шарты (АК-ның 390-бабының 1-тармағы). Алдын ала шарттардың мысалы ретінде жүк тасымалын ұйымдастыру туралы шартты, банктың тараптар келіскен мөлшерде және жағдайларда ақша қаражатын беруге міндеті көзделген шартты келешекте пәтер алу шартын (тұрғын үй контрактын) алуға болады. Егер заңнамада негізгі шарт формасы анықталмаған болса (мысалы, әдеттегі сатып алу-сату шарты), алдын ала шарт, заңсыз болып қалады деген қауіппен, жазбаша формада жасалады (390-баптың 2-тармағы). Алдын ала шартта, тым болмаса, негізгі шарттың нысанын, сондай-ақ басқа елеулі ережелерін анықтауға мүмкіндік беретіндей ережелер болуға тиіс (390-баптың 3-тармағы). Негізгі шарттың жасалу мерзімі алдын ала шарт үшін міндетті жағдай болып табылады, сондықтан АК-ның 390-бабының 4-тармағында, егер алдын ала шартта мерзім белгіленбеген болса, негізгі шартты жасасудың бір жылдық мерзімі анықталған. Мұндай мерзімнің маңыздылығы сонда, егер негізгі шарт мерзім өткенше жасалмаған болса, онда бұл мерзім өткеннен кейін алдын ала шарт күшін жояды.

Еркін және міндетті шарттар.Жасалуы түгелдей тараптардың қалауына байланысты шарт еркін шарт деп аталады. Міндетті шартты жасау тараптардың біреуі үшін міндетті болып табылады. Нарықтық экономика жағдайында шарттардың басым көпшілігі еркін жасалады. Дегенмен, шарттардың кейбір түрлері міндетті шарттар (мысалы, мемлекеттік кәсіпорынмен мемлекеттік тапсырыс негізінде жасалатын шарт). Міндетті шарттар арасында жария шарттардың орны бөлекше.

Коммерциялық ұйыммен жасалған және қызметінің сипатына қарай оған өтінішпен келетін әркімге тауарларды сату, жұмыстарды атқару немесе қызмет көрсету жөнінде оның міндеттемелерiн белгiлейтін шарт жария шартдеп аталады (бөлшек сауда, көпшілік пайдаланатын көлікпен тасымалдау, байланыс қызметін көрсету, энергиямен қамтамасыз ету, медицина, мейманхана қызметін көрсету және т.б.) (АК-ның 387-бабы).

387-баптың мазмұнынан жария шарттың белгілері туындайды: 1) оны коммерциялық ұйым жасайды (АК-ның 34-бабы); 2) коммерциялық ұйымның тауарлар сату, жұмыс орындау немесе қызмет көрсету жөніндегі міндеттері белгіленеді; 3) ұйым, өз қызметінің сипатына қарай, бұл міндеттерді өзіне жүгінген әр адамға қатысты жүзеге асыруға тиіс; 4) коммерциялық ұйым, заңнамада көзделген жағдайлардан басқа реттерде, шарт жасасуда бір адамның алдында екінші адамға артықшылық беруге құқылы емес.

Коммерциялық ұйым тұтынушыға тиісті тауар (жұмыс, қызмет) ұсынудан өзінде ондай мүмкіндік болмаған (дүкенде тауар жоқ, көлікте бензин жоқ және т.б.) жағдайларда ғана бас тартуға құқылы. Мысалы, бөлшек сауда дүкенінде сатып алушы, егер сауда залында тауар бітіпі қалса, сатушының витринадағы тауарды алуын немесе қоймадан алып келуін талап ете алады. Егер дәлелсіз бас тартса, шарт жасасу міндетті болған жағдайда, шарт жасасудан бас тартқандағыдай салдар болады (АК-ның 399-бабы)». Тұтынушы тауар, жұмыс, қызмет көрсетуді ұсынуға мәжбүрлеу туралы және содан келген зиянды өтеу туралы талаппен сотқа жүгінуге құқылы (мысалы, сатып алатын тауарын алып кетуге дайындаған көлікке кеткен шығынды өтеу; немесе сондай тауарды басқа дүкеннен табу үшін шығарған шығынды өтеу, т.б.).

Өзара келісілген шарттар және қосылу шарттары. Өзара келісілген шарт жасасқанда оның ережелерін тараптардың екеуі анықтайды. Қосылу шартын жасасқанда оның ережелерін тараптардың біреуі дайындайды, екінші тарап ол ережелерді құптайды.

Қосылу шартыөзінің жасалу процедурасы жағынан басқа шарттардан өзгеше. Егер әдеттегі шарт хат алмасу, шарт ережелерін келісу жолымен жасалса, қосылу шартының ережелерін бір тарап дайындайды, ол стандартты формаларда (бланк, формуляр, т.б.) анықталады. Екінші тарап шартқа ешқандай өзгерту енгізе алмайды. Егер енгізетін болса шарт қосылу шартынан жай шартқа айналады. Қосылу шарты экономиканың әртүрлі салаларына таралды. Оның мысалы ретінде электр және жылу қуатын, газды және коммуналдық кәсіпорындардың басқадай қызметін пайдалану туралы шарттарды, көлік ұйымдарымен шарттарды атауға болады. Көптеген жария шарттар, бір жағынан қосылу шарттары да болып табылады. Мысалы, затты пайдалануға беру ательесі ол жайында шарт жасасқанда жария шарттың бір тарабы болып саналады. Сонымен қатар, шарт жасасқанда ол ателье клиентке шарт ережелері келтірілген бланк ұсынады. Клиент оған ешнәрсе қоспастан шартқа қол қоя салады. Егер қосатын болса онда ол жай шартқа айналады. АК-ның 389-бабының 2-тармағы шартқа қосылушы тарапты қорғауға бағытталған. Бұл тармаққа сәйкес тарап, егер шарт ережесі өзі үшін ауырлау келсе, шартты бұзуға құқылы. Шарттың ауырлығы сол тараптың ақылға қонымды мүдделерін ескеру арқылы анықталады. Мысалы, қосылу шартында қосылған тарап шартты бұзуға немесе сотқа жүгінуге құқылы емес, немесе шартты дайындаған тарап шарт бойынша міндеттемелердің қандай да бір бұзылғаны үшін жауаптылықтан босатылады деп белгіленген. Бірақ, бұл ереже қолданылмайтын жағдайлар да бар, ол - қосылған жақтың кәсіпкерлік қызметпен айналысып, соны жүзеге асыру үшін шартқа қосылуы (АК-ның 389-бабы). Егер кәсіпкер шарт тараптарының қандай екендігiн білмеген болса және білуге тиіс болмаса ғана ол өзінің шартты бұзу туралы талабын қанағаттандыра алады. Бірақ оны дәлелдеу өте қиын, тіптен мүмкін емес.

Өзінің қатысушыларының пайдасына жасалған шарттар мен үшінші жақтың пайдасына жасалған шарттар.Әдетте шарттар шарттан туындайтын міндеттемелердің орындалуын талап етуге құқылы адамдардың - өзінің қатысушыларының пайдасына жасалады. Сонымен қатар, шарттың жасалуына қатыспаған, бірақ орындалуын талап етуге құқығы бар адамдардың - үшінші жақтың пайдасын көздейтін шарттар да бар.

Тараптар несие берушіге емес, шартта көрсетілген немесе көрсетілмеген және борышкерден міндеттемені өзінің пайдасына орындауды талап етуге құқылы үшінші жаққа борышкер орындап беруге міндетті деп көрсеткен шарт үшінші жақтың пайдасына жасалған шартдеп танылады (АК-ның 391-бабы).

Үшінші адамның пайдасына жасалған шарт, бұл - азаматтық құқықтың дәстүрлі институты, үшінші жақ қатынасқан талаптар көрініс табатын жағдайлардың бірі (270-бап). Үшінші жақтың пайдасына жасалатын шарттардың ең көп таралған түрлері мыналар: жүкті (багажды) тасымалдау шарты, оған сәйкес тасымалдаушы өзіне жүк жөнелтушінің сеніп тапсырған жүгін белгіленген мекенге жеткізуге және жүкті алуға уәкілетті адамға (алушыға) оны беруге міндеттенеді (АК-ның 689-бабы); үшінші жақтың пайдасына сақтандыру шарты (815-бап); үшінші жақтың пайдасына банктік салым шарты (764-бап).

Үшінші жақ өз құқығын пайдаланғысы келетін ниетін білдіргенге дейін тараптар өздері жасасқан шартты бұза да, өзгерте де алады. Ал үшінші жақ ондай ниетін қандай да бір тәсілмен жеткізгеннен кейін борышкер мен несие беруші оның ырқына тәуелді болып қалады, бұдан былай оның келісімінсіз шартты бұза немесе өзгерте алмайды. Бірақ олар үшінші жақтың ырқына байланысты болмайтындығын шартта алдын ала қарастыра алады. Ондай жағдай заңнамада да бекімін табуы мүмкін (АК-ның 391-бабының 2-тармағы). Үшінші жақтың пайдасына жасалған шарттың заңдылығы ол үшінші жақтың шартта арнайы көрсетілген - көрсетілмегендігiне байланысты емес. Дегенмен, үшінші жақтың міндеттеменің өз пайдасына орындалуын талап ету құқығы мұндай шарттың міндетті белгісі болып табылады. Мысалы, тасымалдау шарты бойынша жүк алушы тасымалдаушыдан тасымалдау шартының орындалуын талап етуге құқылы. Үшінші жақтың пайдасына жасалған шартты үшінші жақ үшін орындау туралы шарттан ажырату керек, соңғы жағдайда үшінші жақ үшін орындалу болғанмен, оны борышкердің орындауын ол талап ете алмайды (бұл жағдайлар сатып алу-сатуда жиі кездеседі, мысалы тауар жеткізуде сатып алушы тауарды өз мекен-жайына емес, үшінші ұйымның мекен-жайына жеткізуді жеткізушіге тапсырады). Үшінші жақтың пайдасына жасалатын шарттың ерекшелігі сонда - үшінші жақ шарт бойынша өз құқығын пайдалану ниетін білдірген кезден бастап ол несие берушіні алмастырады. Сондықтан да АК-ның 391-бабының 3-тармағында борышкер шартта өзінің несие берушіге қарсы қоя алатындай қарсылықтарын үшінші жақтың талаптарына қарсы қоюға құқылы деген ереже көзделген. Мысалы, жүк алушы өзіне жеткізілген жүктің сапасына қатысты тасымалдаушыға талап қойса, онда ол жүк сапасының жүкті тиеп жіберген адамдардың кінәсінен нашарланғанына сілтеме жасай алады. Бірақ, үшінші жақ, өзіне шарт бойынша берілген құқықтан бас тартса, несие беруші өз орнын қайта алады және, егер бұл заңнамаға және шартқа қайшы келмесе, сол құқықтарды пайдаланады. Мысалы, АК-ның 815-бабының 7-тармағына сәйкес, сақтандырылған адам шарт бойынша өзіне тиесілі сақтандыру өтемін алудан бас тартса, сақтандыру өтемін алу құқығы сақтандырушыға көшеді. Сонымен қатар шартта, үшінші жақтың өзіне тиесілі талап ету құқығынан бас тартуының өзге де салдарлары көзделуі мүмкін. Мысалы, сақтандыру шартында пайданы иемденуші сақтандыру өтемін алудан бас тартқан жағдайда ол өтемнің сақтандырушыға төленбейтiндiгi көзделуі мүмкін.

Шаруашылық шарттардың барлық өзге азаматтық-құқықтық шарттармен салыстырғанда ерекшеліктері бар: оларды ешкім бекітпейді, нотариалдық нысанды талап етпейді, мемлекеттік тіркеуден өтпейді. Мысалы, тауарлар партиясын сатып алу, ақылы қызмет көрсету, автомобильмен жүк тасымалдау және т.б. Мұндай шарттар үшін тараптардың келісімі негізінде жазбаша нысанда жасасып, қол қойылғаны жеткілікті. Бірақ кейбір ерекше жағдайларды ескеру қажет: бұл жылжымайтын мүлікпен жасалатын мәмілелерге жатпайды.

 


Эта страница нарушает авторские права

allrefrs.ru - 2019 год. Все права принадлежат их авторам!