Главная Обратная связь

Дисциплины:

Архитектура (936)
Биология (6393)
География (744)
История (25)
Компьютеры (1497)
Кулинария (2184)
Культура (3938)
Литература (5778)
Математика (5918)
Медицина (9278)
Механика (2776)
Образование (13883)
Политика (26404)
Правоведение (321)
Психология (56518)
Религия (1833)
Социология (23400)
Спорт (2350)
Строительство (17942)
Технология (5741)
Транспорт (14634)
Физика (1043)
Философия (440)
Финансы (17336)
Химия (4931)
Экология (6055)
Экономика (9200)
Электроника (7621)






Лейкоздардың жіктелуі



Лейкоздар даму жылдамдығына қарай:

● жіті;

● сүлде - болып ажыратылады.

Жіті лейкоздаркезінде сүйек кемігінде аз нақтыланған және ары қарай нақтылану қабілетін жоғалтқан жасушалардың өсіп-өнуі қарқынды түрде артып кетеді және олардың бластық түрлері жиналып қалады. Бұлар өте тез дамиды және организм тіршілігіне ауыр қатер төндіреді.

Сүлде лейкоздар кезінде бластық жасушалар жартылай нақтылану қабілетін сақтап қалады. Олар салыстырмалы түрде баяулау және жеңілірек өтеді.

Лейкоздың негізгі нышаны болып қан өндіретін тіннің артық өсіп-өніп кетуі есептеледі. Ол сүйек кемігінде және шеткері қанда байқалады. Кейде лейкоздық өзгеріске ұшыраған жасушалардың өсіп-өнуі сүйек кемігінде болып, шеткері қанда олар лейкоздың соңғы сатыларында ғана пайда болуы ықтимал.

 

Жіті лейкоздар

Жіті лейкоздар жіті миелобластық және жіті лимфобластық деп ажыраты-лады. Қандай да болмасын лейкоз дамуы үшін нақтылану қабілеті азайған, қатерлі өскін туындататын, хромосомасы бүлінген бір жасушаның пайда болуы жеткілікті. Бұндай бластық жасушалар, апоптозға ұшырамай, барлық жағдайда тіршілігін сақтап қалады. Олар жетілмейді және кемелденген жасушаларға нақтыланбайды да, сүйек кемігінде және басқа тіндерде жинақталып қалады.

Жіті миелобластық лейкоз (ЖМЛ) миелоидтық тіндегі бластық жасушалардың шексіз өсіп-өніп кетуімен көрінеді. Бұл жасушаларға миелобластар, промиелоциттер, монобластар, эритробластар және мегакариобластар жатады. Қалыпты жағдайда олар эритроциттерге, нейтрофилдерге, моноциттерге және тромбоциттерге дейін нақтыланады.

Жіті миелобластық лейкозға миелобластық, промиелоциттік және миеломоноциттік лейкоздар жатады. Оның монобластық және мегакариобластық түрлері сирек кездеседі.



Дерттің бастапқы сатысында лейкоздық бластық жасушалардың жекелеген ошақтары қалыптасады. Артынан бұл ошақтар қан өндіретін тіннің (сүйек кемігі, көкбауыр, лимфалық түйіндер) көптеген бөліктеріне тарайды. Олардың бұлай жайылып тарауы лейкоздық бластық жасушалардың антигендік арнайылығы ұдайы құбылып тұруынан оларға организмнің иммундық шыдамдылығы пайда болуына байланысты дамиды.

Қан жасушаларының сүйек кемігінде болатын, жетілмеген жас (бластық) түрлері шеткері қанға шығады. Шеткері қанда лейкоциттердің бластық түрлерінің неғүрлым көп болуы тез дамитын, жіті лейкоздардың белгісі болады. Сондықтан тез дамитын миелобластық лейкоздың аз нақтыланған түрлерінде шеткері қанда миелобластар көптеп кездеседі, жетілген эритроциттер, лейкоциттер, тромбоциттер азайып кетеді. Бөлшектелген ядролы нейтрофильдер азаяды. Миелобластар мен бөлшектелген ядролы нейтрофильдердің арасындағы аралық жасушалар (промиелоциттер, миелоциттер, метамиелоциттер және таяқша ядролы нейтрофилдер) бірен-саран немесе мүлде болмауы мүмкін. Бұндай жағдайды лейкемиялық үңгір (грек. hiatus leukaemicus) дейді.

Сонымен, жіті миелобластық лейкоз кезінде сүйек кемігінде лейкоциттердің жас бластық түрлерінің жетіліп кемелденуі қатты тежелген және олардың шеткері қанға көптеп түсуі байқалады (-сурет).



 

 

 

Жіті промиелоциттік лейкоз кезінде лейкоздық бластық жасушалардың цитоплазмасында көптеген түйіршіктер кездеседі және хромосомалардың ауытқулары байқалады. ЖМЛ-дың бұл түрінде қатерлі жасушаларға айналған промиелоциттердің цитоплазмасындағы түйіршіктерден антикоагулянттар босап шығуына байланысты қан кетулер тым ерте пайда болады.

ЖМЛ-дың миело-монобластық және монобластық түрлерінде бластық жасушалардың цитоплазмасында лизосомалар көбейіп кетеді.

Жіті миелобластық лейкоздың барлық түрлерінде клиникалық көріністер бірдей болады. Олар науқастың тез шаршағыштығымен, қатты арып кетуімен, тіндерге қан құйылулармен, қанағыштыққа бейімділікпен және жиі жұқпалармен ушығуларымен көрінеді.

ЖМЛ-дың барлық түрлері сепсиске дейінгі және сепсистік делінетін екі сатыда өтеді. Сепсиске дейінгі сатысы лейкоздық жасушалардың организм иммунитетін тежегенге дейін байқалады. Сепсистік сатысы иммунитет тежелгеннен кейін дамиды. Осының нәтижесінде иммуноглобулиндердің аз түзілуінен қатерлі жасушаға айналмаған лейкоциттердің қимылдық әрекеттері, бактерия жойғы және жасуша ішілік қорыту қабілеттері төмендейді. Қан өндіретін тінде қалыпты миело- және эритропоез тежелуінен анемия, тромбоцитопения, кахексия, тері мен жүйкелердің бұзылыстары дамиды, қабыну ошағы, қызба т.с.с. әйгіленімдер пайда болады.

 

Жіті лимфобластық лейкоз (ЖЛЛ)адам дамуының ерте кезеңдерінде Т- немесе В-лимфоциттерінің дамуы мен өсіп-өнуінің қадағалануы бұзылыстары нәтижесінде пайда болады. Осыдан лимфобластар қатерлі өспелік қасиет қабылдап, олардың жетілу және нақтылану тетіктері тежеледі. Жетілмеген лимфобластар кемелденген лимфоциттерге дейін нақтыланбайды. Бұл лейкоздың 70%-нда В-лимфоциттерінің аналық жасушасы түрлес лимфобластар болады. Бұл бластық жасушаларда жас В-жасушаларының CD19 антигені мен иммундық глобулиндердің гендері дерттік өзгерістерге ұшырайды.

Қалған жағдайларда жіті лимфобластық лейкоздың дамуы Т-лимфобластармен байланысты болады. Оны лимфобластық лейкоздың Т-жасушалы түрі дейді. Т-лимфобластарында олардың антигендері мен рецептор-ларының гендері мутацияға ұшырайды.

Жіті лимфобластық лейкоз кезінде шеткері қанда атипиялық лимфобластар басым болады. Оларда пероксидаза және хлорацетатэстераза ферменттері болмайды ( -сурет). Қатерлі өспе қасиеттерін қабылдаған лимфобластар және дерттік өзгерістерге ұшыраған лимфоциттер шеткері қанға түседі және теріде және басқа ағзаларда лимфоциттік сіңбелер қалыптасады. Осыдан лимфалық түйіндер мен бауырдың көлемі қатты ұлғаяды. Бұндай сіңбелер ОЖЖ-де де қалыптасуы ықтимал.

ЖЛЛ жіті және жітілеу түрлерде өтуі мүмкін. Сүйек кемігінде қатерлі қасиет қабылдаған Т-лимфоциттерінің құрылуына байланысты дамыған ЖЛЛ кезінде лейкоздық жасушаның өсіп-өнуі өте тез қарқынды болады. Содан сепсиске дейінгі кезеңнің ұзақтығы қысқарып, сепсистік кезең тез арада дамиды және адамның өліміне әкеледі. Оған қарағанда В-лимфоциттерінің қатерлі қасиет қабылдауынан дамыған ЖЛЛ кезінде сепсиске дейінгі және сепсистік кезеңдері ұзағырақ болады. В-лимфобластық лейкоз дұрыс емшараларын қолданғанда жеңілірек өтеді.

 

Сүлде лейкоздар

Сүлде миелолейкоз (СМЛ) гемопоездік бағаналық жасушалардың өсіп-өнуімен сипатталатын сүлде миелопролиферациялық синдромдар тобына жатады. Бұл кезде сүйек кемігінің барлық бөліну сатысындағы жасушаларының 95%-да филаделфиялық хромосома байқалады. Дерттік өзгерістерге ұшыраған жасушаларда 9-хромосоманың c-abl-онкогені 22- хромосома геніне ауысып қонады. Ол тирозинкиназа ферментінің белсенділігі өзгерістерімен байланысты болуы мүмкін.

Сүйек кемігінде мегакариоциттердің өзгеру түріне қарай СМЛ-дың екі түрін ажыратады. Бірінші түрінде сүйек кемігінде мегакариоциттер, екінші түріне қарағанда, аз болады. Бірақ екі жағдайда да шеткері қанда тромбоциттердің саны көбейеді. Осыған байланысты сүйек кемігінде мегакариоциттердің санын анықтау арқылы СМЛ-дың миелосклерозға ауысу мүмкіндігін болжауға болады. Сүйек кемігінде мегакариоциттердің саны көп болғанда онда талшықты тіндердің өсіп-өну қарқыны және миелосклероз даму қауіпі артып кетеді.

СМЛ өтуінің үш кезеңін ажыратады:

● жетілген нейтрофилдерге дейін нақтылана алатын гранулопоездік жасу-шалардың бақылаудан тыс өсіп-өну кезеңі;

● нейтрофилдерге дейін жетілуі үдемелі баяулаған гранулопоездік жасуша-лардың өсіп-өну кезеңі;

● гранулопоездік жасушалардың өсіп-өнуі кезінде тек бластық жасушалар өндірілу кезеңі.

СМЛ-дың бұл даму кезеңдері цитогенетикалық бұзылыстармен (филаделфиялық хромосомамен) тығыз байланысты.

Бұл лейкоздың клиникалық көріністері сүйек кемігіндегі дерттік өзгерістерден байланысты болады. Сондықтан аурудың барысында ушығу және ремиссия сатыларын ажыратады.

Ушығу сатысыфункциялық көріністері бойынша жіті миелолейкозға ұқсайды. Бұл сатыда сүйек кемігінде бағаналық және унипотентті (коммитациялаған) жасушалардың нақтылануын бәсеңсітетін факторлар көптеп өндіріледі. Қанайналымға түскен бластық жасушалар көптеген ағзаларға сіңбеленеді. Қалыпты қан өскіндерінің өсуі толығына жуық тежелуінен сүйек кемігінде әсіресе бүлінген миелоидтық өскін жасушаларының пролиферациясы қатты азаяды. Содан қимылдық, фагоцитоздық және бактерицидтік белсенділігі төмендеген, лизоцим, сілтілік фосфатаза, миелопероксидаза ферменттері, катиондық нәруыздары аз бүлінген гранулоциттер өндіріледі. Бұл жасушаларда гликоген болмайды. Қанның қалыпты қызмет атқаратын жетілген жасушалары тез азайып кетуінен организмнің иммундық қорғанысы әлсірейді, жұқпаларға төзімділігі төмендейді. Бластық ушығу панцитопениямен, миелофиброзбен, көкбауырдың, сүйек кемігінің қызметтері бұзылыстарымен және тромбэмболия дамуымен аяқталады.

Ремиссия сатысыәдетте сүйек кемігіндегі пролиферациялық үрдістерді дұрыс емдегенде байқалады. Ол бағаналық және унипотентті жасушалардың реттеуші ықпалдарға сезімталдығы және миелопоез жақсаруымен, организмнің иммундық қорғанысы дұрысталуымен сипатталады.

 

Мегакариоциттік-гранулоциттік сүлде миелозсүйек кемігінде мегакариоциттердің көп пішінді және атипиялық түрлерінің саны дерттік көбейіп кетуі нәтижесінде пайда болады. Солармен бір мезгілде сүйек кемігінде гиперплазия дамып, нейтрофилдік гранулоцитопоез күшейеді. Сүйек кемігінде талшықты тіннің өсуі жиі байқалады. Шеткері қанда дерттің бастапқы сатысында шамалы лейкоцитоз және тромбоцитоз болады, тромбоциттердің көлемі мардымды өзгермейді.

Эритромиелозбағаналық жасушалардың нақтыланбаған түріне ауысуы жиілеуімен және олардың өсіп-өнуі күшеюімен көрінетін дерт. Осыдан сүйек кемігінде эритроидтық, миелоидтық және мегакариоциттік өскіндердің гиперплазиясы дамиды. Содан сүйек кемігінде эритроциттердің өндірілуі қалыптыдан 5 есе артып кетеді. Бұл дерт миелопролиферациялық ауруларға жатады. Сондықтан қанда эритроциттер мен гемоглобиннің деңгейі көтеріледі, гематокриттік көрсеткіш 85%-ға жетеді, қанның тұтқырлығы артады, тіндерде микроциркуляция бұзылады. Осылармен бірге нейтрофилдік лейкоциттердің, тромбоциттердің саны көбейеді. Қанның жалпы көлемі ұлғаюдан гипертензия дамиды. Сүйек кемігінде жетілмеген эритроциттер өндіріледі және олар бауыр мен көкбауыр макрофагтарымен фагоциттелінеді. Содан бұл ағзалардың көлемі ұлғаяды, гепато- және спленомегалия дамиды. Гипоксияның нәтижесінде ағзалар мен тіндерде дистрофиялық өзгерістер дамуынан иммунитет және басқа қорғаныстық тетіктер әлсірейді, науқастарда жұқпалы асқынулар пайда болады.

 

Сүлде лимфолейкоз – иммундық жүйенің аналық жасушалары өспеге ұқсап өсіп-өніп кетуіне байланысты дамитын лимфалық-пролиферациялық аурулар тобына жатады. Сүлде лимфолейкоз 45-65 жастағы адамдарда кездеседі. Ол ұзақ сылбыр өтуімен, шеткері лимфалық түйіндердің, көкбауырдың және бауырдың көлемі ұлғаюымен сипатталады. Дерттік өзгеріске ұшыраған лимфоидтық тінде, сыртқы беттерінде CD5, CD6, CD10, CD22 т.б. корецепторлары бар, лимфоциттер өскіні (клоны) құрылады. Қалыпты жағдайда апоптоз дамуына әкелетін Са2+- және Mg2+-тәуелді эндонуклеаза ферментінің белсенділігі төмен болуынан моноклондық лимфоциттердің (жиі В-жасушаларының) орташа тіршілік ұзақтығы 85 тәулікке дейін ұзарып кетеді. Сүйек кемігіне ұсақ және ірі лимфоциттер сіңбеленеді, шеткері қанда лейкоциттер, негізінен лимфоциттердің есебінен, 100 х 109/л-ге дейін көбейеді. Бұл лимфалық-пролиферациялық ауру кезінде лимфоидтық тінде және сүйек кемігінде дерттік өзгеріске ұшыраған лимфоциттердің жиналуы болады. Апоптоз тежелуінен өспеге айналған жасушалардың орташа тіршілік ұзақтығы ұзарады және олар табиғи киллер, Т-киллер жасушаларының әсерлеріне төзімдірек келеді. Сүлде лимфолейкоз кезінде қанда Т-лимфоциттері азаяды. Қанда негізінен мембранасында кезкелген иммуноглобулинге рецепторлары бар В-лимфоциттері болады. Бақылаудан шығып кеткен В-жасушаларының өскінінде аденозиндезаминаза, пуриннуклеотидфосфорилаза ферменттерінің белсенділігі қатты азаяды. Биохимиялық сипттамасы бойынша қанда қартайған В-лимфоциттері тәріздес жасушалар болады. Оларда холестерин көбейген және мембраналарында фосфолипидтер, рецепторлар және антигендік анықтағыштар азайған. Өспеге айналған лимфоциттерде аминқышқылдарының сіңірілуі және нәруыздар түзілуі төмендейді, аденозин мен пиримидиндік нуклеотидтердің қайта пайдаланылуы артып, соңғыларының түзілуі көбейеді. Бұндай лимфоциттерде анаэробтық жағдайда гликолиз артқанымен АТФ, АДФ түзілулері шамамен 50%-ға кемиді. Осындай зат алмасуларының бұзылыстары нәтижесінде лейкоздық жасушалалардың көпшілігінің өсіп-өнуі азаяды. Бұндай жасушаларда пероксидаза, қышқыл фосфатаза, нуклеаза, РНКаза т.б. көптеген ферменттердің белсенділігі төмен болады. Тек аздаған лейкоздық жасушалар ғана өсіп-өну қабілетін сақтап қалады. Сүлде лимфолейкоздың патогенезінде анемия және тромбоцитопения дамуына әкелетін аутоиммундық үрдістердің маңызы артады. Аутоиммундық ушығуларды аластағанда (мәселен, көкбауырды отап тастау арқылы) сүлде лимфолейкоз қатерсіз өспе тәрізді өтеді. Осымен бұл лейкоз басқа лейкоздардың барлық түрлерінен ерекшеленеді.

Аутоиммундық ушығулар аластанбағанда сүйек кемігінде лейкоздық жасушалардың ошақтары пайда болуы миело- және эритропоездік тіндердің өсіп-өнуін тежеп қалады. Орташа тіршілік ұзақтығы 2-3 есе қысқарған гранулоциттер өндіріледі. Жасушаларда гликогеннің қоры, ферменттердің белсенділігі 2 есеге жуық азаяды, олардың қимылдық, фагоцитоздық және бактерицидтік әсерлері төмендейді. Дерттің ұзақ өтуі кезінде иммундық қорғаныстың әлсіреуі нәтижесінде лейкоздық В-лимфоциттерінің аз нақтыланатын жасушаларға ауысып кетуі ықтимал. Осыдан пролимфоциттерге немесе лимфобластарға ұқсаған қатерлі қасиет қабылдаған В-лимфоциттерінің өзбыр өскіндері қалыптасады. Бұндай жағдайларда лимфоидтық ағзаларда лейкоздық тіннің массасы ұлғаяды, шеткері қанда лейкоздық жасушалар азаяды. Бұл дегеніміз дерттің қатты ушыққанын көрсетеді. Сүлде лимфолейкоздың иммундық тежелу даму сатысының келесі бір ерекшелігі болып басқа лейкоциттердің (мәселен, гранулоциттік жасушалардың) қатерлі қасиет қабылдаған жаңа өскіндері пайда болуы есептеледі. Бұндай жағдайда сүлде лимфолейкоздың өтуі сүлде немесе жіті миелолейкоздың дамуымен ушығады. Сүлде лимфолейкозбен сырқаттанған науқастарда екіншілік қатерлі өспелердің (карцинома) дамуы да мүмкін. Сүлде лейкоздар әдетте сепсис даму сатысымен аяқталады. Науқас иммунитеттің спецификалық және бейспецификалық тетіктерінің бұзылыстарынан, жұқпалардың өршіп кетуінен жан тапсырады.

 


Эта страница нарушает авторские права

allrefrs.ru - 2019 год. Все права принадлежат их авторам!