Главная Обратная связь

Дисциплины:

Архитектура (936)
Биология (6393)
География (744)
История (25)
Компьютеры (1497)
Кулинария (2184)
Культура (3938)
Литература (5778)
Математика (5918)
Медицина (9278)
Механика (2776)
Образование (13883)
Политика (26404)
Правоведение (321)
Психология (56518)
Религия (1833)
Социология (23400)
Спорт (2350)
Строительство (17942)
Технология (5741)
Транспорт (14634)
Физика (1043)
Философия (440)
Финансы (17336)
Химия (4931)
Экология (6055)
Экономика (9200)
Электроника (7621)


 

 

 

 



І БӨЛІМ: АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ОҢТҮСТІК ҚАНАТЫ 8 часть



Түркістандағы қазақ саяси элитасының бастамашылығымен құрылып, жұмыс жасаған «Кеңес» астыртын үйірмесінің қызметі ұлт зиялыларының саяси күрестегі алғашқы тәжірбиесі болды. Қысқа мерзім жұмыс істеп, қызмет ауқымын кең өрістете алмағанымен олардың әрекеті ізсіз кеткен жоқ. Оның басшылары 1917 ж. «Шуро-и Ислам» және Алаш партияларының ұйымдық тұрғыда қалыптасуына белсене араласып, өздерінің саяси күресін осы жылы мамырдан бастап жарық көре бастаған «Бірлік туы» газеті арқылы одан әрі жалғастырды. М.Шоқай, С.Қожанов, Қ. Болғанбаевтар редакторы болған «Бірлік туы» газеті Түркістан мұхтариятының қазақ тілді баспасөз органына айналды. Оның бетінде өлкедегі ұлт-азаттық қозғалыстың тыныс-тіршілігі көрініс тауып жатты.

Большевиктік билік орныққанға дейін Алаш қозғалысының Оңтүстік қанатының өкілдері өлкедегі қоғамдық-саяси үдерістерге белсене араласып, кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы қазақ қоғамын жаңартуда ұлттық мүдде үшін күреске араласудың осындай үлкен дайындығынан өтті.

ТОПШЫЛДЫҚ – ҰЛТТЫҚ ЭЛИТАНЫҢ САЯСИ КҮРЕС ТӘСІЛІ

 

Қазан төңкерісінен кейінгі кеңес өкіметінің «салтанатты шеруі» большевиктерді әлемдік революцияның дайындық алаңы ретінде Шығыс мәселесіне қатысты жан-жақты саясат жүргізуге итермеледі. Осы саясатты іске асырудың аса маңызды тетігінің бірі ретінде жергілікті ұлт өкілдерінің арасынан коммунист кадрлар тәрбиелеуге баса мән берілді. Сол кездегі саяси лексикада жиі қолданылған «шығыс коммунистері» немесе «ұлт коммунистері» ұғымы негізінен Еділбойы, Кавказсырты, Орта Азия мен Қазақстанның түркі-мұсылман халықтарының арасынан шыққан коммунистердің жинақтаушы атауы болып қалыптасып, диалектикалық дамуда одан әрі кең мағынаға ие болған. Әрине, ұлттық кұрамы, әлеуметтік тегі әртүрлі, мәдени деңгейі мен дүниетанымы да ала-құла болғанымен олардың ұлттық құндылықтарды әспеттеуге құрылған саяси көзқарастарында ұлт-азаттық идеялар басым болатын. Содан да, шығыс коммунистерінің дербестікке ұмтылған бұндай әрекеттері Наркомнац басшысы Сталинді 1920 ж. өзінде қатты мазасыздандырып, олардың саяси көзқарастары «панисламизм» және «пантюркизм» деген саяси айдарлармен айыптала бастады. Бұл ағымдар большевиктік биліктің аймақтардағы басты қарсыласы болады деген қауіп болды. Осы саяси бағыттың жолын кесу үшін 1920 ж. тамызында Түркістандағы мұсылман коммунистерінің саяси ұйымы Мұсбюроны таратып, оны Орталық билікке тікелей тәуелді Өлкелік партия комитетімен алмастыру; мұсылман бөлімдері командирлерін босату және тағайындауға құқылы М.Сұлтанғалиев басқарған Наркомнац жанындағы Орталық Мұсылман әскери коллегиясын тарату; жалпы федерациялық орталықтың билік өкілдігіне кедергі болатын Түркістан республикасының конституциясына өзгерістер енгізу туралы шешімдер қабылдады.[59]

Ұлт коммунистері жетекшілерінің бұқара арасындағы беделі мен ықпалын, ұйымдастырушылық қызметін ақгвардияшыл қозғалыс пен шетелдік басқыншылыққа қарсы күресте шебер пайдаланған большевиктерге кеңес үкіметі нығайған кезде кеңестік Шығыстағы ұлт-азаттық қозғалыстың теоретигі, саяси күрестің басшысы ретінде танылған М.Сұлтанғалиев сияқты саяси тұлғалар қажет болмай қалды. Ресейдің мұсылман халықтарына көптеген жеңілдіктер беру арқылы оларды «шектен тыс еркелеткен» орталық билік өздерінің ерекше ықыласы арқылы шығыс коммунистерін де «тым еркелетіп» жіберді. Ұлт коммунистерімен қарым-қатынасты реттеудегі бұндай қиғаш көзқарас Сұлтанғалиевтың тағдырына касіретті қолтаңбасын қалдырды: ол партия қатарын «пантүркизм» мен «панисламизмнен» тазарту шарасындағы ең оңтайлы және ең алғашқы ірі саяси нысанаға айналды. Л.Троцкийдің сөзімен айтар болсақ М.Сұлтанғалиев осы күрестегі «Бас хатшының алғашқы құрбандығы» [60] болды.

Осыған байланысты РК(б)П ОК ұлт республикалары өкілдерінің IV кеңесінде С.Орджоникидзенің «Мен жолдас Каменевпен сөйлестім, ол Сұлтанғалиев Қазан түбінде біздің катарымызда соғысты, Колчакка қарсы отрядтар дайындады – дейді. Бұл маңызды ештеңені білдірмейді, әрбір прогресшіл мұсылман зиялысы Колчактың қара түнек реакциясына қарсы шығады, өйткені ол мұсылман зиялысына жат... Реакцияға қарсы ол немесе басқа мұсылман зиялысының күресі... әлі де ештеңені дәлелдемейді. Бұл коммунист болу дегенді білдірмейді... Бұл біздің тек сапарласымыз дегенді білдіреді - дей келіп - Сұлтанғалиев менің ойымша біздің ұлт саясатымыз қанша дұрыс болса да кеңес өкіметін мүлде мойындамайтын түркішіл, панисламшыл зиялылардың бірі» деп өрекпуі көп сырдың бетін ашады. Сталиннің жақын серігінің аузымен айтылған бұл сөздер Сұлтанғалиев бейнесіндегі барлық Шығыс коммунистері де большевиктердің коммунизм идеяларын іске асыру жолындағы «сапарластары» ғана деген көзқарасты танытатын еді. Әрине, бұндай ащы шындык партия көсемдерінің сөздерінде көп жағдайда бүркемеленіп айтылатын.

Ұлт мәселесімен тікелей айналысқан Наркомнацтың жүргізген үлкен жұмыстарының бірі көпұлтты кеңестік Ресейдің үлт аймақтары үшін басшы қызметкер кадрлар дайындау болды. Мысалы, 1917 ж. қазан төңкерісіне дейін шығыс халықтары арасында коммунистік партиялық ұйымдар мүлдем болған жоқ, оның есесіне 1918 ж. Наркомнац және оның Мұсылмандар Комиссариаты көмегімен мұсылман коммунистерінің жүзден аса партиялық ұясы (ұйымы) құрылды. Қалыптасқан жағдай бұл үдерісті одан да қарқынды жүргізуді талап етті. Кейінгі кезде Түркістан жағдайында партиялық-мемлекеттік номенклатураның ұлттық бөлігін қалыптастыру, тәрбиелеу және орналастыруды РК(б)П ОК және Орталық өкіметтің эмиссарлық органы – Түрккомиссия өз қолына алды. Осы мақсатты жеделдетіп іске асыру үшін 1919 ж. қараша айының бас кезінде Түрккомиссия Түркістанға өзімен ілестіріп 117 партия және кеңес қызметкерлерін ерте келді, ал желтоқсан айында олардың 150 адамдық екінші тобы шақырылды.[61] Бұл қуатты топ Шығыс халықтарының санасына большевиктік саяси құндылықтарды орнықтыруға шұғыл кірісті.

Осындай келімсек топтың күшіне арқа сүйеген Түрккомиссия ұлт коммунистері арасындағы саяси қозғалысты жіті қадағалап, олардың даму барысына түзетулер енгізіп отырды. Осы бағытта атқарылған жұмыстардың есебі орталыққа берілетін. Осыған байланысты Түрккомиссияның 1920 ж. 1-15 маусым аралығындағы атқарылған жұмыстар бойынша Мәскеуге жөнелткен ақпарына назар аударайық. Ол құжатта өлкедегі партия үйымдарының басында тұрған мұсылман саяси қызметкерлерінің арасындағы жағдайларға тоқталады. Онда ұлттық элита өкілдерін біріктіретін «ешқандай жетекші партиялық орталық жоқ» екендігі атап көрсетіліп, өлкедегі құрылған большевиктік ұйымдардың саяси-әлеуметтік негізіне талдау жасалған. Түркістанда «мұсылмандық партия және кеңес ұйымдарын құрған элементтер – орыстар мен жергілікті халық арасындағы байланыстырушылар (тілмаштар, адвокаттар, писарьлар), сауда қатынасы негізінде орыстанған (приказшілер, делдалдар т.б.) мұсылмандар құрайды. Бұл элементтердің бәрінің де коммунистік партиямен идеологиялық байланысы жоқ» деп қалыптасып келе жатқан ұлттық саяси элита құрамының большевиктік идеялардан алшақ екендігін мойындайды. Сонымен бірге «олардың билік, лауазым үшін бітіспес күрес жолында жекелеген топтарға бірігетіндігіне» назар аударады. Әйтсе де ұлттық мүддені айқындау, ортақ идея қалыптастыру жолындағы элитааралық күрестегі ұлттық құндылықтар, этникалық мүдделер төңірегіндегі тартыстарға таптық, топтық сипат береді. Бұндай сарынды құжаттағы мына жолдар айғақтайды: «Түрлі кеңестік лауазымдар, әсіресе провинцияда тұрғындарды ашық түрде тонау үшін пайдаланылады. Үлесті бөлу мүддесімен топтасқан бұл топтар бірін-бірі қорғаштайды», «Олардың көпшілігі өте бай немесе ірі байлар және саудагерлермен байланысқан адамдар. Әдетте, бұндай топтардың Түркаткомда және Өлкелік комитетте қолдаушылары бар». Осы сипаттар негізінде ұлт коммунистерінің кеңес билігіне қарсы мынадай нақты әрекеттері атап көрсетілген: «Бұл топтар мұсылмандар арасында танылған шынайы коммунистік элементтерге үлкен өшпенділікпен қарайды. Олар коммунистік партия қатарында болмаса да өлкедегі шынайы еңбекшілер арасын қорған сияқты бөліп тұр».[62] Осы ақпараттың мазмұнынан мұсылман халықтары арасындағы ұлттық менталитеттен туындаған ерекшеліктер мен нақты саяси жағдай европалык құндылықтарға сай бағаланғандығы аңғарылады.

Түркістан коммунистерінің, әсіресе оның басшылығындағы кадрлардың әлеуметтік тегінің әртектілігі соншалықты үлкен жаңалық емес, ол қалыпты құбылыс еді. Бұл мәселе саяси номенклатураның құбылуына қарай әр кезде бұрқылдап қайнаған саясат қазанының бетіне көбіктей қалқып шығып отырды. Большевиктік саяси қағидаларды бойына сіңірген ұлт коммунистерінің өзі шығыстық мәселелерге батыстық талғаммен қарай бастады. 1924 ж. Түркістаннан Мәскеуге, Коминтернге қызметке ауысқан Т. Рысқұлов та осы мәселеге арнайы тоқталады. «Соңғы кезде Түркістанда патша өкіметінің тілмаштары деп аталатындарға қатысты мәселе өткір қойылып отыр. Халықтың, тарихтың және бәрінің көзі жеткен ақиқат, патша өкіметі кезінде уезд бастықтары мен приставтарға тек патша әкімшілігіне тұрғындарды қанауға көмектескендер ғана тілмаш бола алды» дей келіп, тілмаштарды парақор, мәдениеті төмен, биліктің былығына белшесінен батқандар деп сипаттайды. Ең бастысы осы кәсіп иелеріне «1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде патша өкіметінің жақтаушылары болды, жазалаушылармен бірге тұрғындарды атуға қатысты» деп қылмыстық айып тағады. Ұлттық мүддеден таптық мүддені жоғары қойған осындай тұжырымдарды алға тарта отырып ол ұлт коммунистерін өз ұлтына қарсы айдап салған И.Сталинге «Сондықтан да тілмаштар туралы партиялық көзқарасты анықтап алу керек»[63] деген ұсыныс жасайды. Субъективік сипаты басым бұндай саяси тұжырымды Т.Рысқұлов Түркістандағы өзінің саяси қарсыласы, сол кездегі Түркатком төрағасы И. Қыдырәлиевке қатысты колданады. «Ондаған жыл тілмаш болған», «патша охранкасына қатысы бар» Қыдырәлиев 1919 ж. ғана партия мүшелігіне өткен. Сол сияқты Түркістандағы жоғары лауазымды қызметкерлер Б.Аралбаев (Ішкі істер халкомы), Н.Рүстемовтерді (Түркатком хатшысы) бұрын тілмаш болған еді деп атайды.[64] Олар да партия катарына 1919 ж. кейін өткен ұлт коммунистері еді. Бұл ұсыныс ұлт коммунистерін таптық белгіге қарай жіктеп, саяси қуғындауға ықпал жасаған көп әрекеттердің бірі ғана.

Түркістанда кеңес өкіметі жеңіске жеткен бастапқы кезде билік басындағы большевиктер қатарында ұлт өкілдері өте аз болды. Орталықтың берген кең өкілеттігіне сүйеніп, өлкеде большевиктік үлгідегі автономия орнатуға тікелей басшылық жасаған П.А.Кобозевтің сенімді серігі, өлкеде көптеген жауапты қьзметтер атқарған, 1917 ж. партия мүшесі Дүйсенбай Нысанбаев В.И.Ленинмен кездескенде былай дейді: «Мен Ташкентте қазақтан шыққан коммунистердің саны 20-дан астам екенін, облыстарда да олардың аз екенін, әйтсе де бұл жолдастардың бәрінің де тегі кедей екенін айтып бердім. Ұсақ буржуазия тобынан шыққан интеллигенция реакцияшыл ұлтшылдықтың ықпалында қалып отырғанын, сөйтіп, солшыл-эсерлер партиясына бет бұратынын, кедейлер мен жұмысшылар большевиктердің соңынан ілесіп отырғанын, соның нәтижесінде большевик партиясы мүшелерінің қатары толығып келе жатқанын айттым».[65] Бұл 1919 ж күзіндегі әңгіме. Қаншалықты партиялық сүзгіден өткенімен естеліктің мәселеге қатысты екі жағдайды нақылауға септігі тиеді. Біріншіден, қазақтар арасынан шыққан большевиктердің өте аз болғандығына, екіншіден, ұлттық интеллигенцияның большевиктерді колдамағандығына көз жетіземіз.

Түркістанда жүмысшылардың партиясы ретінде большевиктік идеяларға әлеуметтік негіз жоқ екендігі жергілікті ұлттың жұмысшы тобының қалыптаспағандығымен түсіндіріледі. Оның есесіне большевиктер саяси дайындығы жоғары ұлттық интеллигенцияны өз қатарына тартуда аса сақтық танытты. Сұлтанғалиев сияқты коммунистік идеяға кұлай берілген ұлт коммунистерінің өзі Ресейдегі ұлт мәселесінің шешілмеуі, әлемдік революцияның іске аспай қалуы сияқты себептермен коммунистік идеялардан кейін шегіне бастады. Ұлттық элита өкілдерінің большевизмнен сырт айналып, ұлт мәселесіне ден қоюының шынайы себебі Ресейдегі түркі халықтарының арасында революцияның жетекші әлеуметтік негізі пролетариаттың аздығы немесе мүлдем жоқтығына байлайысты өрбіген саяси пікірталаста айқындалды. Большевиктер жағына шыққан ұлттық элита өкілдері Кеңес өкіметінің «пролетариат диктатурасын орнату мақсаты және ондай жағдайда тек ресейлік большевиктік партия атымен орыс пролетариатының ғана диктатурасы орнауы мүмкін деген ұстанымды мойындады. Мәселеге айқындық беру үшін сол кезде Шығыс халықтары арасында революциялық күрестің ең алдыңғы шебінде көрінген татар пролетариаты мен большевиктерінің саны жөнінде М.Сұлтанғалиевтың пікіріне назар аударайық. Ол былай деп жазады: «Батыс Еуропалык ұғымдағы яғни білікті жұмыс күші, ұлттық-ұйымдасқан жұмыс күші түріндегі пролетариат болған жоқ. Түркі-татар коммунистері революция кезінде ғана өмірге келді. Олар көбіне коммунистік партияға таптық күрес және таптық революция ұрандары үшін емес, тек ұлттардың өзін-өзі билеу ұрандары үшін ұсақ енбек интеллигенциясы арасынан шыққан кездейсоқ адамдар еді».[66] Шығыс коммунистерінің саяси серкесі бұл сөзді өзінің бай тәжірибесіне сүйеніп айтып отырғаны белгілі. Оның осы сөздері арқылы ұлт коммунистері үшін ең жоғары саяси құндылық әлеуметтік теңдік емес, ұлттардың өзін-өзі билеу, тәуелсіздік екендігі ашық айтылды.

Осындай саяси құндылықтарды ұлықтаған ұлт зиялыларының коммунистік партия қатарына өтуге деген ұмтылысына большевиктік басшылық басқаша баға береді. Мысалы, РК(б)П ОК Кавказ бюросының пленумы (3 маусым 1921 ж) қарарында «Үкіметтік партия ретінде коммунистік партияға пайдакүнемдік, мещандық және интеллигенттік ұлтшылдық рухын арқалаған пролетариатқа жат элементтер ұмтылуда»[67] деген пікір тұжырымдалды. Түркомиссияның да пікірі осы саяси тұырымнан алыс емес болатын.

Кеңестік билік ұлт аймақтарындағы дәтүрлі қоғамдық жүйені патша отаршылығы кезіндегіден де күрделі дағдарысқа алып келді. Соған байланысты қоғамның жаңа жүйеге сәйкестенуі этникалық санадағы түбірлі өзгерістерді талап етті. Ал жаңа қоғамдық жүйенің маңызды кұрауышы ретінде саяси құндылықтар Түркістан жағдайында қандай жолмен болса да билікке ұмтылған ұлттық элитаның әрекетін реттеуге ықпал жасағанын аңғарамыз. Ұлттық тәуелсіздік, әлеуметтік теңдік, сөз, ождан бостандығы сияқты демократиялық құндылықтардың субъектісі ретінде ұлттық саяси элитаның өзі құрылымдық-мазмұндық сапаларын жаңалаумен бірге ұлттық мүддені көздеген саяси ұрандар қалыптастыру және насихаттау арқылы бұқаралық санаға ықпал жасай бастады. Кез-келген мемлекет пен халықтардың тарихында әлеуметтік қызметке соны серпін беріп, түпкі нәтижеге елеулі ықпал жасаған саяси, діни, демократиялық құндылықтар аз емес. Соның мысалы ретінде бір кездері протестанттық құндылықтардың нарықтық қатынастарды қалыптастырудағы рөлін атауға болады.

Әлемдік деңгейде болмағанымен Түркістан жағдайында осындай ұлттық құндылықтар да белгілі шамада идеологиялық мазмұнға ие болды. Үлкен әлеуметтік топтардың, этностардың түпкі мүддесін танытатын идеялардың жүйесі ретінде идеологияны қалыптастыру, насихаттау және іске асыруда ұлттық элита әлеуметтік әртектілігіне қарамастан кеңестік билікке балама позиция ұстанды. Отаршылыққа, кеңестік билік тұсында большевиктік өктемдікке қарсы тұғырнамада ұлттық маңыз алған саяси құндылықтар негізінде орныққан тұтастыққа көп ұзамай сызат түсті. Түркістан қозғалысындағы жәдиттер мен улемашылар, большевиктерге жуық иттифоқшылар мен «үшжүздіктер» және Алашорданың Оңтүстік бөлігі түріндегі саяси ағымдар билеуші ұйымға айналған Түркістан компартиясының қызметіне ықпалын тигізбей қалған жоқ. Осы ағымдардың өкілдері мүше болып енген ұйымның ұлт мүддесін көздеген қызметін РК(б)П ОК қатты сынға алды. «Түркістан компартиясы өзгерген жағдайды, партиялық жұмысты соған сәйкес жүргізуді ескере алмады, ол өз жұмысының бар ауыртпалығын әлдеқашан шешілген және мәнін жоғалтқан отаршылық туралы әңгімеге бұра береді. Компартия бұрынғыдай үздік пролетарлық және жартылай пролетарлық элементтерді өзінен бездіретін берекесіз қызметтің, топаралық күрестің алаңы болып отыр».[68] РК(б)П ОК 27 қыркүйек 1922 ж. Түркістан компартиясына жолдаған хатта айтылған бұл мәселе ұлт коммунистерінің қызмет қырларын толық ашып бере алмайды.

Ұлттық құндылықтар ретінде отаршылыққа қарсы көңіл-күйдің кеңестік билікке қарсы сипат алуы партиялық саясаттың алысты болжаған мақсатты бұрмалауымен ұлт коммунистерінің топаралық күресі ретінде бағаланды. Бұл баға Орталықтың ұлт коммунистеріне коммунизм идеяларына шексіз беріле алмайды деген сенімсіздігінің көрінісі еді. Осы сенімсіздік кеңестік биліктің нығаюы барысында ұлттық элита өкілдерін ұлт мүддесін кеңестік құндылықтармен ұштастыруға жасаған әрекеті үшін солшылдық пен оңшылдыққа, ауытқушылық пен ұлтшылдық сияқты айыптаулармен саяси қуғындауға негіз болды. Кеңестік билік осылайша қоғамдық дамудағы өзі мойындағысы келмегеп ұлттық құндылықтардың өмір сүру құқы түріндегі ақиқатты түрлі саяси айла-шарғылармен бүркемелеуден оны ашықтан-ашық терістеуге қарай ойыса берді. Большевиктік биліктің ұлт саясатындағы бұл бетбұрысы қоғамды тоталитарлық жүйеге итермелеген басты факторлардың біріне айналды.

Жаңа экономикалық саясат жағдайында ұлттық саяси элита өзінің қоғамдық-саяси қызметін біршама жандандыра алды. 1922-1923 ж.ж. партиялық және мемлекеттік билік құрылымдарында жоғары лауазымдарға қолы жеткен ұлт коммунистері кеңестік биліктің ұлт саясатына наразылықтарын ашық білдіре бастады. 1922 ж. соңында Т. Рысқұловтың алғысөзімен «РК (б)П Мұсбюросы Түркістанда» деп аталатын кітапша жарық көрді. Осы жылдың 21 желтоқсанында қабылданған арнайы қаулымен РК(б)П ОК ұлттық саяси элита өкілдерінің кітапшада көтерген идеяларын «РК(б)П Мұсбюросын қалпына келтіру идеясын орнықтыру әрекеті» деп бағалады. Өз кезінде партиялық құрылыста жергілікті халықтар үшін маңызды рөл атқарған Мұсбюро Орта Азияның барлық комунистері мен еңбекшілерін интернационализм қағидалары төңірегіне біріктіру мақсатына кедергі жасайды деп топшыланды. Содан да РК(б)П ОК Ортаазиялық Бюросына интернационализм қағидаларын мүлтіксіз іске асыруды ұсынып, Рысқұловқа партияның теориясы және практикасымен сыйыспайтын идеяларды дәріптегендігі бетіне басылды.[69] Т. Рысқұлов бұл жолы партиялық биліктің қаһарынан жеңіл үркітумен құтылғандай болды.

Экономиканы ырықтандыру әрекетімен бірге саяси идеологиялық ахуалдың да біршама демократиялық сипат алуына байланысты жандана түскен ұлт коммунистерінің белсенді әрекетінен қауіп ойлаған партиялық басшылық республикалық партия ұйымдарындағы ауытқушылық аталуымен күресті күшейту мақсатында ұлт коммунистерінің ІV кеңесін ұйымдастырды. РК(б)П ОК мен ОБК 26 мүшесі мен мүшелікке кандидаты, ұлт республикалары мен облыстары партия ұйымдарының 58 өкілі, сонымен бірге Наркомнац, Коминтерннің Шығыс бөлімінің жауапты қызметкерлері қатысқан Кеңестің саяси өкілеттігі барынша жоғары болды. Бұл Кеңеске Түркістан ұлттық саяси элитасының алдыңғы қатарлы өкілдері Қ.Атабаев, А.Икрамов, С.Қожанов, А.Рахымбаев, Т.Рысқұловтар бастаған қайраткерлер тобы қатысты.

РК(б)П ОК партиялық форумға қатысты ұйымдық және саяси мәселелерді бірнеше рет талқылады. 24 мамырда кеңеске қатысушылардың тізімі бекітілсе, кеңес басталар қарсаңында Саяси бюро Секратариат ұсынған РК(б)П ОК тұғырнамасын бекіткен болатын. Осы саяси құжатта кеңестің алдында тұрған басты міндеттердің бірі былай тұжырымдалды: «Партияның түбірлі мақсаттарының бірі ұлттық республикалар мен облыстарда жергілікті тұрғындардың пролетарлық және жартылай пролетарлық элементтерінен жас коммунистік ұйымдар дайындау және дамыту, бұл ұйымдардың аяғынан тұрып кетуіне жан-жақты көмек көрсету, шынайы интернационалистік коммунистік тәрбие беру, бастапқы кезде аз болса да шынайы интернационалистік коммунистік кадрларды топтастыру».[70] Демек ІV Кеңесте партиялық биліктің алға қойған басты міндеттерінің бірі орыс емес халықтардың өкілдерінен сыннан өткен интернационалист кадрларды дайындау болғандығы айқын аңғарылады. Бұл тұжырымның астарында бұғып жатқан үлкен саяси мақсат – большевиктік басшылық ұстанған шовинистік, кеудемсоқ саясатқа қарсы ұлттық элитаның әрекеттерін ұлтшылдық-ауытқушылық деп бағалап, ұлтшылдық ой-пікірлерді пролетарлық интернационализммен алмастыру болатын. Кеңестің басты міндеттерінің бірі ұлтшылдық идеологиясының ірі теоретигі М.Сұлтанғалиевті идеялық тұрғыдан талқандау болды. Сценарийін Сталиннің өзі жазған бұл саяси ойынның нәтижесі белгілі. Соның бір көрінісін саяси ойынға ұлттық мүдденің қорғашысы болып қатысқан Т. Рысқұловтың ойыннан айыпкер болып шыққандығынан көреміз.


Просмотров 828

Эта страница нарушает авторские права



allrefrs.ru - 2022 год. Все права принадлежат их авторам!