Главная Обратная связь Поможем написать вашу работу!

Дисциплины:

Архитектура (936)
Биология (6393)
География (744)
История (25)
Компьютеры (1497)
Кулинария (2184)
Культура (3938)
Литература (5778)
Математика (5918)
Медицина (9278)
Механика (2776)
Образование (13883)
Политика (26404)
Правоведение (321)
Психология (56518)
Религия (1833)
Социология (23400)
Спорт (2350)
Строительство (17942)
Технология (5741)
Транспорт (14634)
Физика (1043)
Философия (440)
Финансы (17336)
Химия (4931)
Экология (6055)
Экономика (9200)
Электроника (7621)






І БӨЛІМ: АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ОҢТҮСТІК ҚАНАТЫ 4 часть



Сондай деректердің қатарында Т.Рысқұловтың 1924 ж. сәуірде И. Сталинге «Бірлік туы» және «Ақ жол» газеттерінің құрушылары туралы жолдаған баяндамасы мен С.Сейфуллиннің 1925 ж. сәуірде қазақ партия-кеңес қызметкерлері арасындағы қарым-қатынас туралы хаттарын (Аталған жинақтың 3-томы, № 35, № 42 құжаттар) атауға болады. Партиялық биліктің жоғарғы инстанцияларына жүгіну – оның өзі түрлі мақсаттарды көздеген – барысында жазылған ондай шығармалар мазмұнының күрделілігі оны тыңғылықты сараптауды, өзге деректермен салыстыра отырып талдауды қажет етеді. Бұл деректердің Алаш қозғалысына қарсы таптық-партиялық көзқараста жазылғандығы айқын. Өз кезінде саяси мақсаттарды көздеп жазылған бұл хаттар зерттеушіні тарихи құбылыс жөнінде мәлімет алуды жеңілдететін «делдал» немесе тарихи құбылыс туралы ақпаратты жеткізуші өзіндік нысан ғана емес, шын мәнінде өз алдына тарихи дәйек, мәдениет ескерткіші ретінде де қызықтыруы тиіс. Содан да тарихи дерек тарихшыға тәуелсіз өмір сүреді деген тұжырымға ден қоюға болады. Ондай деректердің көпқатпарлы ақпаратын оның ішкі мазмұны және одан тыс жинақталған білімдер бойынша қабылдаймыз. Демек, ғылыми таным нысанына айналғанша мүмкін мәнді тарихи дерек (немесе «бастапқы дерек») деп атауға болатын Алаш қозғалысы тарихының осындай деректерін ендігі жерде ешқандай бұлталақсыз ғылыми талдау нысанына айналдыру қажеттігі туып отыр.



Тарихи кезеңнің ауыр жүгін арқалаған бұл құжаттардың бүгінгі ғылыми таным үшін маңызы өте үлкен. Әзірге ұлттық элитаның бірін-бірі айыптаған мысалдарының арасында Т.Рысқұловтың Сталинге жазған хаттарының алдына түскен құжаттарды – маңыздылығы болсын, салдарының ауырлығы болсын, кездестіре алғанымыз жоқ. Ол хаттардың мазмұнын Т.Рысқұлов ішінара 1935 ж. «Казахстанская правда» газетінде арнайы мақала етіп жариялады.[28] Бұл мақала да ғылыми тұрғыда арнайы қарастыруды қажет етеді.

Деректануда саяси құжаттар деп сыныпталатын бұл құжаттар Алаш қозғалысы туралы аса құнды дереккөз екендігі даусыз. Рысқұловтың хаттарынан Түркістан Республикасында қызмет істеген ұлттық элита өкілдерінің құрылымы, олардың қызметі жайлы алаш қозғалысының тарихын байытатын, оның шынайы болмысын қалпына келтіруге септігі тиетін тарихи ақпараттар табамыз. Осы деректердің мынадай екі түрлі маңызын атап айтар едік. Біріншісі – ғылыми маңызы. Осы хаттарда ұлттық элита өкілдерінің жеке басы мен қызметтеріне берілген мінездемеге сүйеніп, Түркістанда Алаш қозғалысының Оңтүстік қанаты жартылай жасырын, жартылай жария жағдайда жасаған қызметін нақтылауға болады. Алаш орда қызметіне тыйым салынып, кейін оның қайраткерлеріне кешірім жарияланғанымен Алаш зиялылары Түркістанға топтасқаны белгілі. Түркістанда нақты ұйымдық құрылымы болмағанымен бұл қайраткерлер алаштық идеяларды кеңестік билік жағдайында одан әрі жалғастырған еді. Аталған хаттарда осы тұжырымдарды дәйектейтін деректік құндылығы жоғары көптеген дәлелдер келтіріледі.



Екіншісі – саяси маңызы. Жоғарыдағы аталған хаттарда хат авторы оны қаласын-қаламасын, бұл күнде ХХ ғасыр басындағы ұлт-азаттық қозғалыстың аймақтық маңызы зор құбылысы, ұлттық мемлекеттіктің алғашқы үлгісін іске асырды деп бағаланып отырған Алаш қозғалысын саяси, идеялық тұрғыда талқандаудың стратегиясы жасалды. Демек, ол хаттар құпия сипатына қарамастан еліміздің қоғамдық-саяси өміріне ықпал жасаған құжат ретінде өз алдына мәдени ескерткіш те болып табылады.

М.Қойгелдиев Т.Рысқұловтың бұл хаттары «нақты мақсатты – Қожанов тобын әшкерелеуді көздеп жазылды» деген ой айтады.[29] Бәлкім, солай да болар?!



Т.Рысқұловтың 1924 ж. И.Сталинге жазған құпия хаттары арыз, шағым емес, тергеушінің қысымымен жазылған еріксіз мойындау да емес. Оны хаттардың мазмұны мен сипаты да айқындап тұр. Бұл хаттар қалыптасқан жағдайға деген белгілі топтардың көзқарасын білдіретін саяси сипаттағы құжаттар қатарында бағаланады. Өйткені, хат авторы ақыл-ойы кемел, саяси тәжірибесі мол, маркстік теориялық дайындығы мықты саяси қайраткер, БК(б)П Орталық Комитеті мүшелігіне кандидат, биік дәреже иесі. Хаттың И.Сталин бастаған партиялық биліктің ең жоғары инстанциясына – оның құрамына енген қайраткердің атымен жазылуы да бұл құжаттарды саяси салмағы үлкен мәлімдеме ретінде қарастыруға негіз болады.

Алаш қозғалысының осындай ащы ақиқатын айту үшін бізге не қажет? деген сауал туындайды. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі қоғамдық санада орын алған саяси аптық басылды. Тарихшыларға ендігі кезекте белгілі бір құбылыстарды әсіре бағалаудан, жекелеген тұлғаларды асыра мақтаудан немесе жертабандата қаралаудан, тарихи ақиқатқа көзді жұма қарау сияқты балаңдықтан арылатын кез келді. «Ғалымға ішкі мәдениет, ғылымға өре керек» (Т.Омарбеков) деген ұстаным тарих ғылымын дамытуда басшылыққа алынатын басты қағидалардың бірі. Тарихшы ендігі жерде өзінің шынайы кәсіптік миссиясына кірісуі тиіс. Оның мәнісі – тарихтың мазмұнын тарихтан сабақ алуды керексінген ұлттық мүдде тұрғысында қалыптастыруда болса керек. Сонда ғана түрлі саяси, теориялық ағымдарға тәуелсіз ұлттық тарих жазылады. Ғылымды әуесқойлықпен емес, кәсіптік талаптар тұрғысында қолға алғанда ғана өресі биік, мәдениеті жоғары интеллектуалды тарих қалыптасады. Осындай биік ғылыми талаптарды басшылыққа алғанда ғана тарихи ақиқат айтылады және тарихи санада байыпты қабылданады.

Ғылыми ақиқатты тануда тарихи дәйектің олар маңызы ерекше. Шынайы ғылыми теория мен дәйектің арасындағы тікелей байланыс дәйекпен негізделмеген білімнің жорамал ғана екендігін көрсетеді. Орыстың белгілі ғалымы И.П.Павлов осыған байланысты былай деп жазады: «Как ни совершенно крыло птицы, оно никогда не смогла бы поднять на ввысь, не опираясь на воздух. Факты – это воздух ученого. Без них вы никогда не сможете взлететь. Без них ваши «теории» – простые потуги».[30] Бұл тұжырым таным үрдісінде дерексіз категориялармен ойлаудың нақты дәйекке сүйенбеген жағдайда шынайы болмысты бейнелей алмайтындығын меңзейді.

Тарихи ойлаудың сипатты ерекшелігі біздің қабылдауымызда, түсінуімізде тікелей бетпе-бет келетін ақиқатпен емес, өткен шақтың ақиқатымен жұмыс жасауында. Содан да оны қабылдау белгілі бір дәуірдің деректерде қалған тарихи тәжірбиесі арқылы іске асады. Бұндай жағдайда ақиқаттың өлшемін қоғамдық-тарихи әрекет атқарады. Сондықтан ойлаудың нақты-тарихи мазмұны таным нысаны немесе ол туралы ұғымды қалыптастырады, бұл әрекет «дәйек» пен «тарихи дәйек» бірегей ұғымдар емес екендігін танытады.

Сезімдік танымға зерттеушінің зерттеу нысанымен тікелей байланысы тән болса, теориялық танымда ғалым пән немесе құбылысты тікелей емес, олар туралы ақпараттар немесе ұғымдар бойынша қабылдайды. Демек, тарихи дәйек тарихи дерек арқылы ғана бүкіл болмысымен танылады.

Өзге ғылымдар сияқты тарих ғылымы да дәйектерге негізделеді. Тарихи таным дегеніміз, бір жағынан белгілі дәйектердің жиынтығы болса, екінші жағынан оларды жинақтаушы және түсіндіруші теория. Алаш қозғалысының болмысын тануда оның деректері мен дәйектерін жинақтаудан оны тарихнамалық талдауға өту – тарихи танымның басты кезеңі болмақ. Осы істегі тарихшының міндеті дәйектерді жай ғана жинауда немесе қоғамдық дамудың жалпы заңдылықтарын жекелеген дәйектермен әшекейлеуде емес. Ол дәйектерді талдау мен жинақтау негізінде бірегей және әртүрлі құбылыстардың жалпы заңдылығын бөліп алуы, нақты тарихи жағдайда ол заңдылықтың көрініс табуы мен әрекет ету тетіктерін ашып көрсетуі, бұл істе кездейсоқ құбылыстардың да ықпалы назардан тыс қалмауы тиіс.

Әлдебір құбылыс туралы түсінік – салыстырмалы шындық болып саналады, өйткені, теориялық танымның мүмкіндігі шексіз, ал танымның қол жеткен деңгейі тоқмейілсуге жол беруге болмайтын аралық кезең. Бұндай шарттылық нақтылықты, тарихи дәйектердің шынайлығын, оны таңдау мен талдаудың қажеттілігін жоққа шығармайды. Ресейдің көрнекті тарихшысы А.С.Лаппо-Данилевскийдің тұжырымына сүйенер болсақ, тарихи дәйек дегеніміз тарихшы санасының қоғамдық ортаға ықпалы болып шығады.[31] Бұл жерде тарихи дерекке қатысты тарихшы мен зерттеу нысанының өзара байланысы алдыңғы орынға шығып тұрғаны байқалады. Дегенмен, тарихи білімнің шынайылығы тарих ғылымының әлеуметтік табиғатынан бөлек бола алмайтындығын ескерсек, тарихи білім қоғамға қызмет жасайды және сонымен бірге оның ахуалына тәуелді болады. Әлеуметтік іс-әрекеттің ажырамас бөлігі болғандықтан тарихи білімсіз қоғамдық сана болмайды, ендеше тарихшының қызметін оның өзі өмір сүрген қоғамнан оқшаулап қарастыру негізсіз болар еді. Оның үстіне тарих ғылымының саясилығы, түрлі бағыттар мен философиялық көзқарастардағы тарихшылардың арасындағы күрес пен пікірталас тарихи зерттеулердің ақиқаттығын сынаудың өлшемдерінің бірі болып есептеледі. Өйткені, жұмыс тәсілі, дереккөзін таңдау қағидалары, жаңа тұжырмының негізделуі қалай болғанда да тарихшының қоғамдық позициясымен, оның идеялық рухани ұстанымдарымен тығыз байланысты.

Тарихшы өзі зерттеген құбылыстарды бағалауы, оны түсіндіруі, заңды байланыстар жүйесіне енгізуі тиіс. Таным тұрғысынан алып қарастырғанда осылайша тарихи дәйектің даралық сипаты айқындала түседі.

Дәйекті анықтау үшін шынайы құжатты жалғанынан, ондағы шынайы ақпаратты кейінгі өзгертулер мен жаңа қатпарлардан ажырата алуы жеткіліксіз. Бұл жерде тарихшыға тікелей араласу мүмкіндігі бұйырмаған өткен шақты теориялық тұрғыда қалпына келтіруі міндеті жүктеледі.

Тарихи дәйектің нығайтылуы – тарихнамалық сипат алады. Нақты тарихи шығарманы немесе құжатты талдау барысында тарихшы оның болмысынан тыс шығармалармен салыстырып, ол тарихи дереккөздің мазмұнының шынайлығына баға береді. Демек, тарихи дәйек дегеніміз белсенді ізденіс үрдісімен, тарихшының шығармашылық еңбегімен қалпына келтірілген зерттелетін тарихи болмыстың үзігі. Тарихшы қалпына келтірушінің жұмысымен, көптеген дереккөздерді салыстыра отырып, оларды еріксіз түсіндіруден пайда болған ақпараттық қатпарлардан «тазартып», дереккөздің арқалаған ақпараттың жүгі – шынайы дәйек екендігіне баға береді.

Содан да зерттеуші тарихи дәйекті өз дәуірінің көзқарасы тұрғысында қалпына келтіреді. Осы тұрғыдан алып қарастырғанда ол екі уақыттың өлшемінде әрекет жасайды. Тарихшылар ақиқатқа барынша жақындауға ұмтылып, оқиғаның болмысының шын мәнінде қалай болғандығын қалпына келтіреді. Бірақ тарихи қалпына келтіру белгілі бір көзқарас және ғылыми тәсілді игерген сол кезеңнің тарихшыларына да, қоғамға да өткен күннің көрінісі ғана болады. Осы жағынан тарихи таным белгілі дәрежеде қоғамдық сананының да деңгейін танытады. Осылайша өткен дәуірдің құпиясына үңілген тарих ғылымы қазіргі заманғы мәселелерді шешуге де қатысады.

Сонымен, тарихи дәйек деп зерттелетін дәйек немесе тақырыпты атасақ, тарихнамалық дәйек деп оны ғылыми танымдық үрдіс барысында тарихшының қалпына келтіруін атаймыз.

Алаш қозғалысының деректеріне тарихнамалық тұрғнда алғашқылардың бірі болып жаңа көзқарас тұрғысында талдау жасаған М.Қойгелдиев «алаштық интеллигенцияны қудалау және сотқа тарту ісі» «20-жылдардың орта тұсынан қалыптаса бастаған бұл ауыр саяси Алаш қозғалысына қатысты жазылған еңбектерге өз әсерін тигізбей қоймады. Өздерінің алғашқы еңбектерінде ғасыр басындағы қазақ интеллигенциясының объективті-революциялық рөлі жөнінде жазған Т.Рысқұлов пен С. Асфендияров соңғы еңбектерінде қазақ зиялыларының қызметін басынан аяғына дейін реакциялық буржуазиялық ұлтшылдықтың көрінісі есебінде бағалауға мәжбүр болды»[32] деп жазады.

Бұл жерде ғалым Т. Рысқұлов пен С.Асфендияровтардың 30-жылдары жарық көрген еңбектерін атап отыр. М.Қойгелдиевтің аталған еңбегі Алашқа қатысты көптеген құжаттар ғылыми айналымға шықпай тұрған кезде жазылғандығын ескерер болсақ онда ғалымның астын сызып көрсеткен тұжырымының асығыстығына көз жеткіземіз. Оның үстіне тәуелсіздік буы ұлттық саяси элитаның ұлттық мүддеден таптық мүддеге ойысуына кеңестік, тоталитарлық қоғамды біржақты кіналауға итермелегенін де ескеруіміз керек. Дегенде, М.Қойгелдиев Алаш қозғалысының 90 жылдығы атап өтілген тұста мәселенің ақиқатына біршама жақындай түсті. Ол былай дейді: «Алаштық топқа шабуылға көшкен Кеңестік билік бір қызығы сол, қазақ саяси басшылығының екінші бөлігіне, яғни большевиктік платформаны алғашқы қадамынан бастап-ақ қабылдаған С.Сейфуллин, С.Меңдешов, Т.Рысқұлов сияқты беделді топтың қолдауына сүйенді».[33]

Бұл жердегі басын ашып алатын ақиқат біреу ғана. Алашқа қарама-қарсы позиция ұстанған қайраткерлердің ондай әрекетке баруы «мәжбүрлік» пе әлде олардың таптық идеяға жан-тәнімен берілген саяси көзқарасынан туған саналы әрекет пе? Рас, жайлы қызмет үшін, бас амандығы үшін алаштық зиялыларды қаралаған хорға үн қосқандар жоқ емес. Олардың қарасы мол. Бірақ кеңестік билікке олардың жарамсақ үнінен келіп-кетер пайда аз еді. Кеңестік билікке өз саясатын «қолдайтын» саяси сенімді тұлғалар қажет болды. Аталған қайраткерлердің тұтқынға алынып, абақтының қапасында «мәжбүрлікпен» жасаған мәлімдемелері ҰҚК архивтерінде сақтаулы. Ал жоғары биліктің басында, «халықтар көсемінің» қасында жүріп жазған кейбір «туындылар» авторлардың таптық идеяға берілген нық сенімінің, орнықты саяси көзқарасының жемісі екендігі ақиқат.

Объективті үдерістер мен оқиғалар белгілі бір тарихи жағдайда ғана таным нысанына айналады. Тарихи шынайылық дегеніміз материалдық және рухани біртұтастықта, толығымен қамтылған әлеуметтік тарих болғандықтан деректанудағы деректерді сыни талдаудың тәсілдерін негізге ала отырып «өткен күннің белгісінен» онда айтылғанның бәрін шындыққа баламай, тек шынайы мазмұнды ала білуі керек. Оқиғаның қандай түрде жазылғанын, оның жекелеген қырларына баса мән бергендігін түсіндіру жеткіліксіз, сонымен бірге оқиғаға куәлік етіп отырған автордың өткен оқиғаның кейбір белгілерін, үзіктерін ескермегендігін немесе қасақана үндемегендігін түсіндіру керек.

Әйтсе де тарихи ақиқат айналымға жаңадан ұсынылған құжаттардың есебінен ғана емес, «өлі» құжаттарға жаңаша түсіндірме жасау арқылы да іске асады. Архив қорларында сақталған, бірақ тарихшылар пайдаланбаған құжаттар «өлі көмбе» болып қала береді де белгілі дәуірдің ақиқатының толыққанды компоненті ретінде қарастырылмайды. Бірақ ол құжаттар әлеуметтік және теориялық дамудың басқа кезеңінде өзінің қолданылу мақсатын (қызметін) табады.

Бұл жерде тарихшылық шығармашылық белсенділігі тарихи практикаға танымал және айналымда жүрген құжаттарға жаңа қырынан келіп, одан қосымша ақпараттар алады. Маркстік методология тарихи таным мен тарихи сананы өзінің табиғатынан таптық сипатта болып келеді, сондықтан да ол таптық тұрғыдағы дәйектілікті қажет етеді деп бағалады.[34] Алаш қозғалысының тарихына кеңестік тарихнаманың қалыптастырған таптық негіздегі тарихи танымын қайта қарап, осы құбылыс туралы тәуелсіз тарихи сана қалыптастыруда соңғы жылдары орасан зор жұмыстар атқарылды, алдағы уақытта да атқарыла береді.

Деректе қоғамдық болмыстың қабылдануы және деректің өзінің қабылдануы тарихшының немесе ол деректі жасаушының қандай топқа (партияға) тән болуы сияқты көптеген факторларға байланысты екендігіне көз жеткіземіз.

Дәйек дегеніміз жеке тұрғанда өзіндік мәні бар шама емес. Олар өзге дәйектермен байланысы арқылы ғана мән мен маңызға ие бола алады. Әйтсе де дәйектердің арақатынасы тарихшының санасында қалыптаспайды және оның берген бағасымен анықталмайды. Дәйектердің байланыстары мен өзара қатынастары санадан тыс өмір сүреді де тарихшы олардың ішкі қисының басшылыққа алып, мүмкіндігінше дұрыс қалпына келтіруге ұмтылады. Шын мәнінде тарихи дәйек кең ауқымды құбылыстарды қамтитын болғандықтан тарихшыға оның бір бөлігі ғана белгілі болуы мүмкін. Содан да оны жан-жақты қырынан талдау орынды болады. Ондай жағдайда тарихи дәйек көпқырлы болғандықтан ол әртүрлі мазмұнда және сан қырлы байланыста әртүрлі деңгейдегі егжей-тегжейлікпен талдануы мүмкін. Ол талдау өткен шақ туралы білім көлемінің арта түсуі тарихты зерттеудің әдіснамасы мен тәсілдерінің жетілдерілуі, қарастырылатын кезеңнің, тақырыптың тереңдеуі және перспентивасына байланысты сарқылмайтын мазмұн алады.

Тарихшылардың алға қойған міндеттеріне, олардың қолданған тәсілдеріне сай белгілі дереккөздің өзінен жаңа дәйектер табылуы, соған сай ғылыми айналымға ұсынылған тарихи дәйек бұрынғы ұғымдар бойынша қалыптасқан бағаны өзгертуі мүмкін. А.Я.Гурьевичтің бағалауынша содан да тарихшының ой-тұжырымдары баға берушілік сипат алатындығы, оның дәйектік материалдарды сұрыптауы тарихта ғылыми-шынайы құрылым түзу мүмкін екендігі айтылады. Оның тұжырымында ғылыми зерттеудің екі қыры болады: бірі тарихшының көзқарасынан туындайтын бағалаушылық болса, екіншісі тарихи үрдісті болған күйінде баяндайтын теориялық алғышарттарға тәуелді шынайылық.[35]

Тарих ғылымы шынайы ақиқатты іздейді және оны таба да алады. Өзге ғылымдар сияқты тарих ғылымында да шынайы және салыстырмалы ақиқат мәселесі туындайды. Тарихшы басшылыққа алатын алғышарттар дәйектерді белгілі бір сызбаға күштеп тықпаламай жұмысшы болжамдар, тексерілетін, түзетілетін пайымдаулар түрінде болуы тиіс.

Әзірге Алаштың ақиқаты толық айтылып біткен жоқ. Бұл бағытта көптеген істер атқарылды, ал атқарылуы тиіс істердің бірі – алаштық элита мен большевиктік номенклатураның қарым-қатынасы мәселесі. Кеңестік тарихнама бұл шетін мәселеде біржақты көзқарас ұстанды. Ал тәуелсіздік тарихнамасы Алаштың ақиқатын айтқанымен, алаштық элита мен большевиктік номенклатураға бөлінген ұлттық элита қарым-қатынасының шамшылдығын желеу етіп, мәселені жылы жауып қоя салады. Алаштық элита мен большевиктік номенклатураның қарым-қатынасынан бүгінгі қоғамдағы ұлттық құндылықтар жүйесінде орын алып отырған терең саяси, рухани коллизияның шығу тегін іздестіру ғылыми танымның өзекті мәселесіне айналып отыр.

Осы жерде назар аударатын мәселе – коммунистік танымның қасаң қағидалары әлі де белгілі интелектуалдық топтар арасында елеулі дәрежеде ықпалын сақтап отырғандығы. Олай дейтініміз, ұлттық құндылықтарды тәркі етіп, сол арқылы таптық ымырасыздық идеяларына берілген ұлт коммунистерін дәріптегенде кеңестік билік оларды қоғамдық идеялға айналдырып, жаңадан қалыптасқан партиялық номенклатура арасында аздап болса да сақталып қалған ұлттық пиғылды сондай идеялдың өнегесімен таптап тастауды көздеген еді. Саяси қуғын-сүргін құрбандары арасында алғашқылардың бірі болып Т.Рысқұловтың ақталуының осындай себебі болды дейміз. Бұл жерде оның биік лауазымда болғандығы да себеп болуы мүмкін. Бірақ, ең басты себеп, оның өзі тұстас басқа саяси қайраткерлерге қарағанда ұлттық мүддеден өзін барынша оқшаулаған интернационалдық қызметі болған сияқты. В.Д.Устиновтың тарихнамасы осы концепцияны орнықтыруға қызмет жасайды. Кейбір тарихшыларымыз да ұлттық тарихтың мазмұнын жаңалауда осы ұстанымнан тастай қатып айрылмай келеді. Қазіргі кезде ғылыми ой мен қоғамдық пікірде ұлтты таптық белгісіне қарай жікке бөлген большевиктік номенклатура емес, ұлттық тұтастықты ұлықтаған алаштық элитаның алға шығып тұрғандығы ескерілуі керек.

Қазіргі тәуелсіз қоғамымыздың дамуындағы ұлттық мүдденің локомотиві бола алмай отырған ұлттық элитаның көптеген жағымсыз қасиеттерінің түп-тамыры қайда, олар қашан, қалай пайда болды, оны қалай жоюға болады деген мәселе ХХ ғасыр басындағы ұлттық элитаның қызметін жаңа көзқарастармен, жаңа әдіснамалық тәсілмен қарастыруды талап етіп отыр. Қоғамдық ойда қалыптасқан осы талап Алаш қозғалысының тарихын қайта қарастыру міндетін алға тартуда. Осы міндетке мойын ұсынғанда М.Қойгелдиевтің «Ақиқат қоғамға пайдалы болса, тарихшының үнсіз қалуы айып» деген ұстанымы осындай шетін мәселені батыл қолға алуға құлшындырады. Алаштың ақиқаты қазір айтылуы тиіс. Уақытында айтылмаған ақиқаттың қоғамға тигізетін пайдасы да аз.

Тарих – қателіктен сабақ алудың басты құралы. Өйткені, тәуелсіздік жолындағы саяси күреске біртұтас шеп құрып шыққан ұлттық элита күрес тәсілдерін таңдауға келгенде түрлі саяси ағымдарға бөлініп кетті де, береке, бірліктен айрылып қалды. Алаш қозғалысының өзі екіге бөлінді. Ал большевиктік идеяға берілген партиялық номенклатура ұлттық құндылықтарды таптық құндылықтармен алмастырып, революциялық максимализмге ұрынды. Осындай саяси алауыздықтың жемісі қандай болды десеңізші? Ұлттық-территориялық межелеу барысында өзгелерге енші беріп, шекарасы қусырылып қалған Өзбекстанның өзі одақтас республикаға айналса, шекарасы кеңейіп, әлеуеті артқан Қазақстан автономиялы республика деңгейінде қалып қойды. Ұлттық элита мемлекеттік биліктен шеттетілді, мемлекет тізгіні ұзақ жылдар бойы өзге ұлт өкілдерінің қолына берілді. Осы жағдайды Орталықтың қитұрқы саясатының жемісі дегенімізбен, көбіне-көп оған ықпал етуші фактор ұлттық элитаның алауыздығы екендігі мойындалуы тиіс ақиқаттың бірі. Осы тарихи үдерістің қателігінен алынатын сабақ – ұлттық санаға елеулі түзету енгізе алады. Олай болмаған жағдайда, қазір ел болып қолға алған ұлттық рухымыз өзінің өзегін таба алмайды.


Просмотров 845

Эта страница нарушает авторские права




allrefrs.ru - 2021 год. Все права принадлежат их авторам!