Главная Обратная связь

Дисциплины:

Архитектура (936)
Биология (6393)
География (744)
История (25)
Компьютеры (1497)
Кулинария (2184)
Культура (3938)
Литература (5778)
Математика (5918)
Медицина (9278)
Механика (2776)
Образование (13883)
Политика (26404)
Правоведение (321)
Психология (56518)
Религия (1833)
Социология (23400)
Спорт (2350)
Строительство (17942)
Технология (5741)
Транспорт (14634)
Физика (1043)
Философия (440)
Финансы (17336)
Химия (4931)
Экология (6055)
Экономика (9200)
Электроника (7621)






І БӨЛІМ: АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ОҢТҮСТІК ҚАНАТЫ 3 часть



Тарихи таным – шексіз десек, оны игерудегі ғалымның диалектикалық дамуы даңғыл жол емес екендігі белгілі. Демек, таным жолындағы жансақтық үшін, егер ол қоғамда қолайсыздық туғызатындай болса, кешірім сұрауға болады. Ал ақиқаттың жолы бөлек. Әйгілі ойшыл айтқандай – Платон менің досым болса да, ақиқат одан да қымбат емес пе?

Танымдық салыстыру үшін мысалға алынған бірінші тұжырым тарихшының қатал да әділ үкім шығарып отыратын соттың төрешісі болуға ұмтылуы сипатында тарихи танымға елеулі нұқсан келтіретіндігіне тағы да бір рет көз жеткізеді. Әдіснамалық сипаттағы қателік болатын екінші тұжырым да тарихи танымға көрік бере қоймайды. Бұндай тәсілдер ақиқатты ашпайды, қайта оған көлеңке түсіреді. Осыған байланысты италиялық тарихшы Б.Кроченің: «Айыптау – біздің соттарымыздың (құқықтық және моральдық) бүгінгі күні өмір сүріп, әрекет етуші қауіпті адамдардың соттары екендігін танытатын үлкен айырмашылықты ұмыттырады, сонымен қатар өз уақытының сотының алдын көрген басқа адамдардың екінші рет сотталуы немесе ақталуы мүмкін емес. Оларды басқа өмірге тиесілі өткен өмірдің адамдары болғандығы және ондайлар тек тарихтың субъектісі болғандықтан қызметтерінің рухын тануда ескерілетін тұжырымнан басқаға нысан бола алмайтындықтан да соттауға болмайды. Тарихты мазмұндау желеуімен өзін сот төрешісі деп есептеп, бір жерде айыптап, ендігі бір жерде күнәларына кешірім жасаудың (бұл тарихтың ісі деп ойлап) ...көпшілік танығандай, тарихи мәні жоқ» [19] деген тұжырымын қуаттауға болады.

Интеллектуалдық тарихтың өзекті қағидасының бірі ретінде бұл талапты әрбір кәсіпқой тарихшы өз шығармашылығында танымдық бағдар етіп алса, тарих ғылымы қоғамдық санадағы атқарар миссиясына жақындай түсер еді.



Отан тарихында тұлғатану мәселесі осындай әдіснамалық ұстанымдарға зәру. Қоғамның өзгеруімен бірге тарихи тұлғаларға деген көзқарастар та өзгереді, тарихи танымның ұстанымары да өзгереді. Бұл диалектикалық заңдылықта тарихшының ғылыми миссиясына қатысты жоғарыда аталған тұжырым тұрақтануы тиіс. Осы ойды өрбіту үшін тарихтағы жеке тұлғаның рөлі туралы мынадай ойлар алға салуды қажетсініп тұрған сияқты: большевиктер көсемі В.И. Ленин өзіне тән категориялықпен «Пролетариатқа саяси қайраткерлердің тірісі және өлісі туралы да шындық керек, өйткені саяси қайраткер атына шын мәнінде лайық болғандардың тәні бақилық болса да олар саясат үшін өлмейді»[20] – деген тұжырым жасайды. Бұл тұжырым саяси қайраткерлердің бәріне де қатысты.

Ал тоталитарлық қоғамды әшкерелеген тарихшылардың бірі Д.А.Волкогонов «көрнекті мемлекет, қоғам қайраткерінің өмірі дегеніміз белгілі бір адамгершілік және әлеуметтік бағдарлар жүйесіндегі оның нақты ойлары мен әрекеттері ғана емес, ол сонымен бірге тұлғаның өзі саясат сахнасынан кеткеннен кейінгі де қоғамдық үдерістерге жасайтын ықпалы»[21] деп, жоғарыдағы тұжырымды одан әрі өрбітеді. Демек, ұлттық мемлекеттіліктің бастауында тұрған ХХ ғасыр басындағы алаштық элита мен большевиктік номенклатураның көрнекті тұлғалары алдағы уақытта да ғылыми ойдың нысаны болып қала бермек. Осы жерде тақырыпқа өзек болып отырған тұлғалардың «саясат үшін өлмегені», «өзі саясат сахнасынан кеткеннен кейінгі де қоғамдық үдерістерге жасайтын ықпалы» жоғалмағандығы олардың саяси тұлғасының биіктігін танытатындығын атап айтуға тиіспіз. Алаш қозғалысының тарихнамасына дерек болатын қайраткерлердің саяси әрекеті де осы пікірді қуаттайды.



Тарихшы шындықты тани алуы, айта алуы, оны халыққа жеткізе алуы арқылы қоғамға қызмет жасайды. Шындықты бүркемелеп, билік пен саясаттың ығына ескен тарихшыны кәсіптік тұрғыда кемел деп, ғылымға адал деп айта алмасақ керек. Ал жеке басының шамшылдығы мен жеке топтың мүддесін тарих ғылымының мұраттарынан жоғары қойған ғалымның азаматтық пайым-парасатының кемелдігі күмән тудырады. Ақиқат дегеніміз Алла Тағала сияқты жалғыз! Оқиға, құбылыс дегендер салыстырумен бағаланады. Ақиқат салыстырмалы деген тұжырымның тиянағы жоқ. Тарихи ақиқат осындай көпвекторлы көзқарастардың ортасында болуы мүмкін. Әйтсе де, өз көзқарасын ақиқатқа балап, өзгелердің соған сенуін талап ету кәсіпқой тарихшыға лайық емес. Көзқарасыңды білдір, дәлеліңді алға тарт, көзі қарақты оқырман шындықты өзі-ақ ажыратып алады. Бұл тәуелсіз тарихи танымның басты қағидаларының бірі. Қазіргі танымға өзіміз қолдан жерлеген тоталитарлық қоғамның кеудемсоқтығы жүрмейді. «Тарт, қолыңды қазақ тарихынан» деген кесімді сөзді топтың, өзіңнің мүддең үшін емес, ұлттың мүддесі үшін айтуың қажет. Осыны естен шығарып алатынымыз өкінішті! «Платон менің досым, бірақ шындық одан да қымбат». Әрбір тарихшының ғана емес, әрбір момын пенденің ұстанатын осы қағидасы тарихи оқиғалар мен құбылыстарға баға беруде ауадай қажет-ақ.

Белгілі абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлы Бауыржан Момышұлының мынадай сөзін келтіреді: «Қарапайым көп оқырманның бірі ретінде айтарым, жоғарыдағы пікір ғана (мақаланың басында Баукең былай деген: Тұрар – әлемдік деңгейдегі айтулы қайраткер, Коминтерннің көзге түскен білікті қайраткері. Соны тірілткен біздің Шерхан болып тұр. Шерхан жұртшылықтан өз бағасын алуы тиіс. – Х.Т.). Бұл менің субъективті, яғни жеке пікірім. Бізден басқа да оқырмандар бар. Олар бізден білімді, білімі де жоғары, олардың да пікір айтуға толық правосы бар деп білемін. Олармен есептеспей тұра алмасақ керек». [22] Шерханның шығармасына қарата айтылған Баукеңнің бұл пікірі – ұлыларға тән даналық hәм көрегендік. Әрі әдіснамалық басшылыққа алуға болатын ғылыми маңызы зор ұстаным. Баукең өз пікірін өзгеге таңбайды және өзгелердің пікіріне құрметпен қарайды. Алаш қозғалысының ақиқатына көз жеткіземіз деген тарихшы қауым үшін бұл аса құнды өнеге болар еді. Рысқұлов Тұрардай тұлғаны Шерхан Мұртазаның шығармашылық ойы, қиялымен сомдаған көркем образбен ғана бағаласақ, онда Баукеңдей дананың кейінгі ұрпаққа аманаттаған ұстанымының құны қанша?

Осындай теориялық тұжырым ұлылы-кішілі бабаларымыздың тұлғасын тануға әдіснамалық негіз болып, көпшіліктің танымдық қызығушылығын арттыруы тиіс. Бірақ бұл қызығушылық ол тұлғаларды түрлі тарихи жағдайларда жол берген қателіктері үшін жауапкершілікке шақыру мақсатында емес, белгілі орыс тарихшысы В.О. Ключевскийдің сөзімен айтқанда олардың тарихтағы шынайы орнын анықтап, әлдеқандай пайдалы әрекетінен сабақ алу үшін қызмет етуі тиіс. Өйткені, тарихи тұлғаға толық та шынайы бағаны жеке адам емес, тек уақыт қана беретіндігі есте болуы керек.

Тарихшылар тарих мазмұнын жаңалауда ұлттық мүддені алға салудың қажеттілігін әлі де айқын сезіне қойған жоқ немесе сезінгенімен де оны ашық айтудан тартынып келеді. Тарихи танымдағы ұлттық мүдде деген не, ол қандай мақсатты көздейді? деген сауалдардың жауабы айқын. Ұлттық мүдде тұрғысында қарастырар болсақ, тарихтың сабағы – ұлттық тұтастану, ұлттық өрлеу сияқты мәңгілік маңызы бар ұлттық идеяларға қызмет етеді. Айталық, ұлттық саяси элита өкілдері белсене араласқан Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы мен Түркістан мұхтариятының тарихын ұлттық мүдде тұрғысында қарастырмасақ осы құбылыстың отан тарихының құрамды бөлігі екендігін айқындай алар ма едік? Олай ете алмас едік. Ал ресейлік тарихшылар Алаш қозғалысын өздерінде қалыптасқан автономиялық қозғалыс тарихы шеңберінде ғана қарастырады, одан әрі тереңге бармайды. Өйткені, ресейлік біртұтастықты мақсат тұтқан ұлттық мүдде автономиялық қозғалыстың ұлттық тәуелсіздікке ұласуын қуаттамайды. Сол сияқты Алаш қозғалысын ұлттық мүддеге сай бағаламасақ оның тәуелсіздікке ұмтылған басты идеясын дәлелдей және дәйектей алмас едік. Демек тарихи танымдағы ұлттық мүдде дегеніміз мемлекет құраушы ұлттың ғана емес тұтастай мемлекеттің мүддесі деп бағалауы тиіс деп білеміз.

Отан тарихының мазмұнындағы тарихи оқиғалар мен құбылыстарды, жекелеген тұлғалардың қызметін қайта бағалауда ғылыми айналымға ұсынылатын тың құжаттық деректерден тарихи ақиқатты табу, тану, таныту үшін жаңа әдіснамалық негіз қалыптастыруда ұлттық, мемлекеттік мүдде басты назарда болуы тиіс. Тарихи ақиқатты бүкпесіз және боямасыз тарихи танымға ұсынуды талап ететін бұл ғылыми және әлеуметтік фактор отан тарихының мазмұнын жалпыадамзаттық құндылықтарға сай жаңалайды және қоғамдық ой сананы тұрақтандырады.

АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫ ТАРИХЫНЫҢ ДЕРЕКТІК МӘСЕЛЕЛЕРІ

Қоғамдық ойдың негізгі гносеологиялық және мәдени ұғымдары адам ойының тікелей материалданған түрі – сөз арқылы танылады. Әсіресе, әлеуметтік ақпаратты бойына жиған жазбаша тарихи деректер өзгермелі сипаттағы ауызша деректерге қарағанда тікелей тарихи үрдістен, адамдар әрекетінің нәтижесінен нақты мағлұматтар береді. Сонымен бірге тарихи дерек қатарында адамның мақсатты әрекетіне қатыссыз, бірақ белгілі дәрежеде қоғамдық өмірдің дамуын айқындайтын, соған сәйкес оның өткені мен бүгінін тануға көмектесетін қолданылу мақсаты, жазылу сипаты, жарық көру түрі әртүрлі құжаттар да аталады.

Демек, зерттеушіні тарихи құбылыс жөнінде мәлімет алуды жеңілдететін «делдал» немесе тарихи құбылыс туралы ақпаратты жеткізуші өзіндік нысан ғана емес, шын мәнінде өз алдына тарихи дәйек, мәдениет ескерткіші ретінде де қызықтырады. Содан да тарихи дерек тарихшыға тәуелсіз өмір сүреді деген тұжырымға ден қоюға болады. Ондай деректердің ақпаратын оның ішкі мазмұны және одан тыс жинақталған білімдер бойынша қабылдаймыз. Демек, ол деректер ғылыми таным нысанына айналғанша мүмкін мәнді тарихи дерек (немесе «бастапқы дерек») деп аталады.

Оның үстіне отан тарихының мазмұнын таптық, партиялық қағидалардан азат етіп, жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде жаңалау үрдістері барысында тарих ғылымының деректік базасы туралы ұғым да және дереккөздер көптүрлілігін айқындайтын құндылық өлшемдері де өзгерді. Демек, тарихи сана қалыптастыру үшін жаңарған тарихи танымға өзек болатын тарихи дереккөздерді ғылыми айналымға ұсыну мен оған ғылыми талдау жасауға да жаңа теориялық-әдіснамалық тұжырым керек.

ХХ ғ. басында отарлық билікке қарсы ұлт-азаттық қозғалыс ретінде тарих сахнасына шыққан Алаш қозғалысы өзінің қамтыған ауқымы, жасаған саяси-идеялық ықпалы және оның басшылығындағы қайраткерлердің саяси қызметі арқылы аймақтық маңызбен шектеліп қалмай халықаралық сипатқа ие болған саяси және мәдени рухани құбылыс. Тарихи ақиқат ретінде орнығуы тиіс бұл тұжырымды қазіргі заманғы тарихи дәйекке айналдыруға негіз болатын дәйектер де деректер де жеткілікті.

Тарихи танымның негізі – шынайы өмір сүретін тарихи болмыс; оны бейнелеген дерек; қолда бар деректермен өткен шақты қалпына келтіруші ғылыми-танымдық бейнелердің жиынтығы деген үштаған тізбектен құралады десек, оның ішінде деректердің тарихи танымдағы маңызы аса үлкен. Тарихшы деректерден зерттеу мақсатына сай өз тұжырымдарына тиянақ болатын қажетті ақпаратты алады. Өйткені, тарихи деректер – тарихи зерттеудің және кез-келген тарихи білім түрлерін түсіндіріп, таратудың негізі. Соған сай тарихи дерек ұғымының екі мағынасы айқындалады: тарихи ақпараттың дерегі және өзі тарихи болып есептелетін дерек. Ал тарихи дерек деп адамзат қоғамының өткенін тануға пайдалануға болатын, тарихшының қызметіне пайдасы тиетін тарихи сипаттағы ақпараттарды, құбылыстарды танимыз[23].

Алаш қозғалысының тарихына деген халықтың қызығушылығы осы құбылыстың өмір сүру заңдылығы мен оның саяси-әлеуметтік қызметінің ұйымдастырылуының қағидаларын айқындайтын, сонымен бірге жеке тұлғалардың әрекетін куәландыратын, тіпті ол құбылыстың әрбір сәтін қалпына келтіретін деректерді тауып, айналымға ұсынуға және оларды зерттеуге деген қажеттілікті арттырып отыр. Әсіресе, тәуелсіздік үшін күрес және ұлттық мемлекеттілік мәселесін терең тануға деген ұмтылыс оның мәнін ашатын әлеуметтік ақпаратқа деген қызығушылығына сай тарихи деректердің құндылығын айқындайды.

Тарихи деректерді іздеп табу, оларды тиісті ғылыми түсіндірмесімен айналымға ұсыну шынайы тарихи таным қалыптастыруда үлкен маңызға ие. Осы бағытта «Алаш мұрасы» сериясымен «Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар жинағы» деген атпен 4 том – 5 кітаптан тұратын іргелі еңбектің жарық көргендігін айтуымыз керек.[24]

Бұл аталған жинақта Алаш қозғалысына қатысты барлығы 659 құжат жарық көргендігі оның деректік ауқымының кеңдігін танытады. Кеңестік кезеңде Алаш қозғалысына қатысты Т.Мартыненконың құрастыруымен жарық көрген «Алаш-Орда»[25] құжаттар жинағында барлығы 75 құжаттың қамтылғандығын ескерер болсақ, онда жаңа жинақтың ауқымы туралы пайымдауға болады. Екі қоғамдық құрылымда жарық көрген жинақтардың көлемдік, сандық өлшемдеріндегі бұндай айырмашылық тарихи құбылыстың деректік негізінің молдығымен бірге тәуелсіз қоғамда мәселенің кең ауқым алған танымдық мүмкіндігін де танытады. Бірақ деректанулық тұрғыда тарихшы үшін басты мәселе құжаттардың санында емес, олардың әлеуметтік тәжірбиелер мен ғылыми ақпараттар арқалаған мазмұнында екендігі белгілі.

Жинақты құрастырушылар ұжымы құжаттар мен материалдарды тауып, сараптап, айналымға ұсынуда хронологиялық бірізділікті сақтай отырып, қалыптасған құрылымға сай деректерді қажетті көмекші ақпаратпен жарақтандырған. Түсіндірмелер, сілтемелер, есімдер көрсеткіштерімен жабдықталуы да жинақтың ғылыми құндылығын арттыра түскен. Ұсынылған деректердің мазмұны мен сипаты да әр алуан. Тарихилық пен шынайылық қағидаларын басшылыққа алған құрастырушылар Алаш қозғалысы тарихының деректік негізіндегі бір-біріне саяси-идеялық жағынан қарама-қарсы мазмұндағы құжаттарды қатар ұсынады. Бұл әрине қазіргі заманғы тарихи сананың сұраныстарынан туындап отырғаны белгілі. Ал Мартыненко құрастырған жинақта құжаттар партиялық, таптық қағидамен сұрыпталғандықтан оның мазмұны Алаш тарихын біржақты сипаттауға негіз болған. Тіпті, қазақ тілінен орыс тіліне аударғанда мақсатты түрде кейбір құжаттардың мазмұны бұрмаланған және ол бұрмалау Алаш қозғалысының мәні мен мазмұнына пролетариат диктатурасына, партиялық билікке, пролетарлық интернационализм сияқты таптық құндылықтарға қарсы сипат беруді көздеген. Бұл әрекет тарихты қасақана бұрмалау мақсатынан туындады. Ол өз алдына дербес әңгіме.

Тарихи деректердің «үрдіс ретінде тарих пен ғылыми тарихи танымның диалектикалық байланысының буыны»[26] екендігін ескерер болсақ соңғы жинақта қамтылған тарихи деректер Алаш қозғалысы туралы қазіргі заманғы тарихи танымды жаңалаумен бірге өткен тарихтың қалтарыс тұстарын да қалпына келтіреді. Осы тұрғыдан қарастырар болсақ, Алаш қозғалысы тарихының деректері екі жақты әлеуметтік қызмет атқарады. Отан тарихының алдына тәуелсіз қоғамдық дамудың артып отырған келелі міндеттері қатарында бұл қызметтерді жандандыруда деректенулық зерттеулердің маңызы арта тұсуде.

Қоғамдық ойдың негізі гносеологиялық және мәдени ұғымдар адам ойының тікелей материалданған түрі – сөз арқылы танылады. Әлеуметтік ақпаратты бойына жиған жазбаша тарихи деректер тікелей тарихи үрдістен, адамдар әрекетінің нәтижесінен хабар береді. Сонымен бірге тарихи дерек қатарында адамның мақсатты әрекетіне қатыссыз, бірақ белгілі дәрежеде қоғамдық өмірдің дамуын айқындайтын, соған сәйкес оның өткені мен бүгінін тануға көмектесетін құжаттар да аталады.

Ендігі кезекте тарихшылардың алдында айналымға ұсынылған Алаш қозғалысы тарихының деректерін ғылыми-теориялық тұрғыда талдап, тарихи танымның игілігіне айналдыру міндеті тұр. Тарихшы-деректанушылардан үлкен теориялық дайындық пен кәсіптік біліктілік қажет етеді. Аталған тарихи деректер қазіргі тарих ғылымының теориялық және әдіснамалық мүмкіндіктерн пайдаланып, деректік негізде Алаш қозғалысының тарихын егжей-тегжейлі қалпына келтіруге аса қолайлы жағдай туғызып отыр деп білеміз.

Ендігі мәселе – деректердің мазмұнына қатысты. Қазақ тарихы деректануының білгірі Қ.Атабаев тарихи деректің табиғатын былай деп айқындайды: «дерек сол оқиға не қоғамдық құбылыс туралы өз бойында мәлімет сақтайды. Екінші жағынан, кез келген дерек субъективті, себебі оны белгілі бір субъект (жеке адам) жасайды, дүниеге әкеледі. Ал өз кезегінде ол субъект белгілі бір ұлттық, не таптық, не әлеуметтік топтың өкілі. Сондықтан деректер оқиға не қоғамдық құбылыс туралы объективті ақпараттармен қатар субъективті мағлұматтар да береді. Басқаша айтсақ, оқиғаның деректе белгілі бір дәрежеде бейнеленуімен қатар, дерекке дерек авторының дүниеге деген көзқарасы, түсінігі, психологиясы да енеді»[27].

Демек, Алаш тарихы деректерінің осындай көпқатпарлы мазмұны, саяси сипатының кереғарлығы, көзқарастық әралуандығы, тіпті деректі қалыптастырушы авторлардың ара-қатынасының күрделі сипаты сияқты факторлар тарихшының зерттеуін қызықты да мазмұнды ете түседі. Ең бастысы бай да әралуан деректік мазмұнға сай саяси қозғалыстың тарихи дәйегі өзінің шынайы болмысына барынша жақындай түседі. Тарихшының мақсаты да сол – тарихи танымға шынайы болмысты боямасыз жеткізу.

Алаш қозғалысының тарихына қатысты кейбір деректер азаматтық тарих деңгейіндегі тарихи сана иелерімен бірге кәсіпқой тарихшылардың өзінің тарапынан шамшылдықпен қабылданады. Айталық, аталған жинаққа енген И.Сталиннің Қырғыз өлкелік партия комитеті бюро мүшелеріне жазған «Ақ жол» газеті туралы» хатын деректанулық тұрғыда талдау саяси салдары өте ауыр болған осы құжаттың пайда болуы туралы тың тұжырымдар жасауға мүмкіндік берді. Бұл хат партиялық биліктің Алаш қозғалысын идеялық тұрғыда талқандау үрдісінің орта тұсы ғана. Тарихи дәйектің пайда болуының алғышарты мен себептері және оның қоғамдық өмірдегі саяси-әлеуметтік салдары болады десек, аталмыш хаттың жазылуына түрткі болған себептер мен алғышарттар осы кезге дейін тарихи танымнан тыс қалып келеді. «Алаш қозғалысы» жинағына енген және одан тыс деректерге талдау жасау арқылы «Ақ жол» газеті туралы» хаттың жазылуына таптық-партиялық көзқарасымен алаштық идеяға қарама-қарсы позиция ұстанған кейбір ұлт зиялыларының мақсатты әрекеттері негіз болғандығы ғылыми тұрғыда дәйектелді.

Тарихи білімнің шынайылығы тарих ғылымының әлеуметтік табиғатынан бөлек бола алмайтындығын ескерсек, деректік негізде қалыптасқан тарихи білім қоғамға қызмет жасайды және оның мәдени-рухани құндылықтарының талаптарына сай қалыптасады. Әлеуметтік іс-әрекеттің ажырамас бөлігі болғандықтан тарихи білімсіз қоғамдық сана болмайды, ендеше тарихшының қызметін оның өзі өмір сүрген қоғамнан оқшаулап қарастыру негізсіз болар еді. Оның үстіне тарих ғылымының саясилығы, түрлі бағыттар мен философиялық көзқарастардағы тарихшылардың арасындағы күрес пен пікірталас тарихи зерттеулердің ақиқаттығын сынаудың өлшемдерінің бірі болып есептеледі. Түркістан және Алаш ұлт-азаттық қозғалыстарының өзара ықпалдастығы тарихын зерттегендіктен қоғамдық пікір аса секемшілдікпен қабылдаған бұндай «мүмкін мәнді» деректерді айналып өту мүмкін емес. Содан да осы мәселеге қатысты Б. Аяғанның «Тәуелсіз еліміздің тарихы. Оны қалай қалыптастырған жөн?» атты электрондық ақпарат құралдарында жарияланған мақаласында атап көрсетілгендей «түкке тұрмайтын даулар мен жанжалдардың күшейіп кетуін» ескермесек, ғылыми пікірталастарды тарихи танымдағы қалыпты жағдай деп қабылдауға болар еді.

Осы кезге дейін отандық тарихта Алаш қозғалысының тарихнамасы жөнінде қомақты еңбектер кешені қалыптасты. Осы тарихнамалық зерттеулердің бастауында МАтаниязов, Ә.Байдилдин, О.Исаев, С.Сейфуллин, Т.Рысқұлов, Ғ.Тоғжанов және т.б. ұлт зиялылары тұрғандығы белгілі. Олардың тарихнамалық еңбектеріне белгілі дәрежеде ғылыми-теориялық талдаулар жасалып, лайықты бағасын алды. Біздің мақсат Алаш қозғалысының деректік негізіне арналғандықтан да тарихнамалық бағытқа тоқталмаймыз. Мәселе осы күнге дейін ұлт қайраткерлерінің күнделікті қоғамдық-саяси әрекеттері арқылы Алаш қозғалысы тарихының деректік негізін қалыптастырудағы рөлі зерттеушілердің назарынан тыс қалып келе жатқандығы туралы. Айталық, Т.Рысқұловтың Алашқа қатысты мақалалары, С.Сейфуллиннің әйгілі романы дербес тарихи дәйек және мәдени құндылықтар болып саналады. Ал олардың саяси қайраткер ретінде Алаш қозғалысына деген өз көзқарасын білдіріп, қоғамдық позициясын нығайту әрекеті арқылы бұл күнде тарихи сана үшін аса құнды деректерге айналған қомақты жазбалар қалдырғандығы туралы осы кезге дейін айтылмай келеді. Аталған жинақта көптеген ұлт зиялыларының Алаш қозғалысына қатысты түрлі мазмұн мен сипаттағы деректерінің жариялануы осы мәселеге айқындық береді.


Эта страница нарушает авторские права

allrefrs.ru - 2019 год. Все права принадлежат их авторам!