Главная Обратная связь

Дисциплины:

Архитектура (936)
Биология (6393)
География (744)
История (25)
Компьютеры (1497)
Кулинария (2184)
Культура (3938)
Литература (5778)
Математика (5918)
Медицина (9278)
Механика (2776)
Образование (13883)
Политика (26404)
Правоведение (321)
Психология (56518)
Религия (1833)
Социология (23400)
Спорт (2350)
Строительство (17942)
Технология (5741)
Транспорт (14634)
Физика (1043)
Философия (440)
Финансы (17336)
Химия (4931)
Экология (6055)
Экономика (9200)
Электроника (7621)






І БӨЛІМ: АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ОҢТҮСТІК ҚАНАТЫ 1 часть



ТҮРКІСТАН ҰЛТ-АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ СИПАТТЫ БЕЛГІЛЕРІ

Түркістан өлкесінде ХХ ғ. бас кезінде жергілікті халықтардың түрлі саяси, ағартушылық ұйымдары құрыла бастады. Ағартушылық мақсатта құрылған бұндай ұйымдар өлкедегі қоғамдық-саяси даму барысында өз қызметінің ауқымын кеңейтіп, отаршылыққа қарсы күрес дәлелдерін бағдар етіп, қуатты қозғалыстарға ұласа бастады. Шағын үйірмелердің қуатты қозғалысқа айналуында Түркиядағы жастүріктер, Ирандағы жаспарсылар, Бұқарадағы жасбұқарлықтар сияқты саяси қозғалыстардың ықпал әсері аз болған жоқ. Ұлт-азаттық қозғалыстағы бұл шығыстық фактордың басым болуы өлкедегі қозғалыстардың басты үш бағытын айқындады, олар: жәдитшілік, мұсылмандық және түркішілдік. Бұл бағыттардың әрқайсысының ұстанған позицияларына қарай сипаттық, мазмұндық ерекшеліктері болды. Айталық, Махмутқожа Бехбуди, Мүнавар Қары Абдрашитханов бастаған жәдитшілердің діни білім беруді реформалауға бағытталған іс-әрекеті қоғамдық өмірді демократиялық жолмен жаңарту бағытына ойысып, саяси сипат ала берді. Ал мұсылмандық қозғалыс қоғамдық өмірді жаңалауда конфессиялық құндылықтарға басымдық берді. Бұл қозғалыс өз ішінде мемлекеттік құрылыста құран мен шариғат заңдарын басшылыққа алуды талап еткен «Шуро-и Улема» сияқты консерваторлық күштерге және діни белгіні отаршылыққа қарсы күреске жұмылдыратын ортақ белгі деп бағалайтын біршама демократияға бейім күштерге бөлінді. Ал түрікшілдік қозғалыс отарлық билікке қарсы полиэтникалық бірлікті басты бағдар етіп ұстанды. 1917 ж. қазан төңкерісіне дейін осындай негізгі үш ағымға бөлінген ұлт-азаттық қозғалыс өз қатарына әлеуметтік тегі әртүрлі, мәдени деңгейі ала-құла, ең бастысы саяси күрес тәжірбиесі әркелкі топтарды біріктірді. Олай дейтін себебіміз, Түркістан ұлт-азаттық қозғалысын құрайтын бұл саяси күштер арасынан 1917-1924 жылдардағы қаурыт қоғамдық-саяси даму практикасы барысында ұстанымдары мен әрекеттері бір-біріне мүлдем қарама-қарсы «Шуро-и Улема» мен «Иттифок-и-муслимун» (Мұсылмандар одағы) сияқты ағымдар саяси сахнаға шықты. Тіпті мұсылмандық, түркілік бірлік идеясын ту етіп көтерген саяси қозғалыс өкілдерінің кейбірі кеңестік билікке қарсы қарулы күрес жолына түсті. Кеңестік билік «басмашылар» деп атаған бұл күрескерлердің ұлттардың өзін-өзі билеуіне, ұлттық тәуелсіздікке қол жеткізуге бағытталған әрекеттеріне қармастан олардың арасында да саяси-идеялық тұтастық бола қойған жоқ. Бұл әрине, күрес тәжірбиелерінің кемшіндігіненде бұрын олардың саяси-идеялық ұстанымдары мен бағдарламалық мақсат-міндеттерінің бір арнаға тоғысуына қолайлы жағдай туғызбаған әлеуметтік әртектілігі еді.





Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы өлке халықтарының тәуелсіздік жолында ХІХ ғ. соңы – ХХ ғ. басында қазіргі заманғы жалпыадамзаттық және демократиялық құндылықтар мен ұстанымдар негізінде әрекет жасаған ұлт-азаттық қозғалысының жиынтық атауы ретінде айқындалады. Қарулы және саяси күрес сипатындағы қозғалыс уақыт шегінде бірнеше кезеңдерді қамтиды. Бірінші кезең – ХІХ ғ. 60 жылдарының соңынан ХХ ғ. бас кезіне дейінгі аралық. Бұл кезең ең шырқау биігі 1889 ж. Андижан көтерілісі болған тәуелсіздік үшін қарулы күрес кезеңі болды. Екінші кезең – 1917 ж. дейінгі аралықты қамтып, өлкеде жәдитшілік сияқты мәдени-ағартушылық ағымдардың билікті конституциялық жолмен өзгертуді мақсат етіп қойған саяси күрес тетіктерінің қалыптасып, орнығуы. Бұл кезең 1916 ж. өлкенің көп аймақтарын қамтыған, әсіресе Сырдария облысында күрделі сипат алған ұлт-азаттық көтеріліспен қортындыланады. Үшінші кезең – 1917 ж. ақпан төңкерісінен 1918 ж. Түркістан мұхтариятының қуып, таратылуы және Түркістан кеңестік социалистік автономиясы құрылғанға дейінгі аралықты қамтиды. Бұл кезеңнің басты белгілері «Шурои Исламия», «Шурои Улема», «Иттифоқи муслимун» сияқты ұлттық саяси партиялар мен қозғалыстардың қоғамдық-саяси қызметі және Түркістан мұхтарияты (Қоқан автономиясы) атты ұлттық мемлекеттік құрумен ерекшеленеді.

1917 ж. ақпан төңкерісіне дейін Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының қалың ортасында жүрген М.Тынышбаев, М.Шоқай, С.Лапин, Ә.Оразаев, С.Ақаев, Қ.Қожықов сияқты этноэлита өкілдері европалық білім алған, Ресейдің демократиялық қозғалыстарының ықпалында саяси дайындықтан өткен тұлғалар еді. Олар 1917-1918 жж. Түркістандағы тарихи оқиғалардың алдыңғы сапында болды. Үшінші кезең 1918-1929 жж. аралығындағы кеңестік билікке тартылған ұлт коммунистері Т.Рысқұлов, С.Қожанов, С.Асфендияров және т.б. жергілікті ұлт қайраткерлерінің кеңестік билік құрылымына ұлттық мазмұн беру жолындағы күресімен ерекшеленеді. Бұл күрестің апогейі 1920 ж. қаңтарында Ташкентте өткен Мұсбюроның ІІІ төтенше конференциясында РКФСР құрамындағы болашақ Түрік Кеңес республикасының саяси ұйымын «Түрік халықтарының Коммунистік партиясы» деп атау туралы шешім қабылдау болды. Төртінші кезең кеңестік билікке қарсы қарулы күрес түрі ретінде басмашылық қозғалыстың өршіп, бірнеше ұлттық мемлекеттердің құрылуымен ерекшеленеді.

Қазақстанның тәуелсіз дамуы ұлттық, жалпыадамзаттық және демократиялық құндылықтар мен ұстанымдар негізінде биік мұраттарға бағыт түзеп келеді. Елімізде әлеуметтік-экономикалық, саяси-құқықтық реформалардың іске асырылуы мәдени-рухани өмірімізге жаңа сипат, тың мазмұн берді. Сондай түбірлі өзгерістер тарих ғылымының әлеуметтік қызметіне де ықпал жасады. Осыған байланысты Нұрсұлтан Назарбаев «Тарих дегеніміз өткеннің ғана сабағы емес, ол едәуір дәрежеде болашақтың да көрінісі», «қазақ тарихы фактілердің өлі қоймасы емес, бұл өзі орасан зор дәйектеуші және дәлелдеуші күш»[1] деп атап көрсеткен болатын. Бұл тұжырым еліміздің алдында тұрған қоғамдық сананың жаңару үрдісіндегі тарих ғылымының кешенді міндеттерін айқындайды.

Отандық тарихтың мазмұнын байытып, осы кезге дейін қалыптасқан тарихи таным мен тарихи сананы қайта қарауда күрделі де түйінді зерттеу нысанының бірі – Түркістан тарихы. Бұл тақырып отандық тарихшылар тарапынан біршама зерттелгенімен геосаяси ерекшеліктеріне байланысты концептуалды тұрғыда терең қарастыруды қажет етеді. Ғылыми зерттеу бағыттарының міндеттері осы күрделі тарихи құбылыстың себеп, салдарлы байланыстарын, ортақ заңдылықтары мен ерекшеліктерін айқындауды тың әдіснамалық тәсілдерді қолданып игерілуі тиіс. Осындай ерекшеліктер Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы тарихының мынадай өзектілігін айқындайды: біріншіден, патшалы Ресейдің Қазақстанның оңтүстігі мен Орта Азияны отарлауы нәтижесінде құрылған әкімшілік-мемлекеттік бірлік ретінде Түркістан генерал-губернаторлығы мен Түркістан кеңестік автономиялық республикасының тарихы отандық тарихтың ажырамас құрамды бөлігі. Тарихи жағдайлармен Түркістанның құрамында болған қазақ елі мен жерінің біртұтас ұлттық мемлекеттілігімізді қалыптастырудағы маңызы өте зор. Жарты ғасыр әкімшілік-территориялық оқшаулық жағдайында өлкеде патшалық, кеңестік биліктер ұлттық еркін ой-сананы озбырлықпен бұғаулап, ұлттық болмысты деформациялау саясатын жүргізді. Бұл саясат, әсіресе, өлкеде мемлекеттік билік құрылымдарының қалыптасуы мен ұлттық элита жүйесінің орнығуындағы кереғарлықтардан айқын байқалды.

Осыған байланысты өлкеде ұлыдержавалық шовинизмге қарсы тұрған күш ретінде кең өріс алған түркілік бірлік идеясы мен кеңестік тәртіптің ұлттық-территориялық межелеу арқылы ұлт республикаларын құру саясаты да тәуелсіздік идеологиясы талаптарына сай дәстүрлі тұжырымдардың ықпалынан арылып, қазіргі заманғы әдіснамалық тұрғыда қайта бағалауды қажет етеді; екіншіден, ХХ ғасыр басындағы дүниежүзілік ұлт-азаттық қозғалыстың аймақтық көріністері түрінде пайда болып, даму барысында дербес саяси құбылыстарға айналған Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы мен Алаш қозғалыстары да қазіргі кезде тарихи ойдың қызығушылығын оятып отыр. Қазақстан мен Орта Азия республикалары тәуелсіздігінің бастауында тұрған бұл қозғалыстарды бірін-бірі толықтыратын біртұтас ортақ құндылықтарымен және саяси-рухани ерекшеліктерімен қайталанбас дара құбылыстар ретінде қарастыру қажеттілігі айқын сезіліп келеді. Бұл мәселеге тың әдіснамалық тәсілдер бойынша назар аударылар болса тарихи танымның игілігіне айналатын соны нәтижелерге қол жеткен болар еді. Бұл қозғалыстардың идеялық сабақтастығы мен бағдарламалық мақсаттарының сәйкестігі үйлестіруші факторларының ортақтығымен бірге олардың басқарушы элита өкілдерінің де саяси көзқарасы мен рухани-мәдени ұстанымдарының ортақтығынан туындап жатты. Бұндай саяси, мәдени-рухани ортақ ұстанымдардың негізділігі қазіргі бауырлас мемлекеттер арасындағы интеграциялық ықпалдастықты одан әрі өрбітуге жаңа тыныс береді.

Түркістан өлкесінде іске асырылған кез-келген модернизация осындай себептермен «жоғарыдан төменге» қарай бағытталғаны белгілі. Оның бір мысалы ретінде Г. Сафаровтың «Қазан төңкерісі Түркістанға телеграф арқылы келді» деген тұжырымын атауға болады. Тоталитарлық биліктің саясаты халықты терең әлеуметтік, саяси күйзелістерге ұрындырғандықтан да осының бәріне тікелей араласқан басқарушы элитаның қоғамдық құбылысқа айналған қызметін тану қажет-ақ.

Маркстік методология тарихи таным мен тарихи сананы өзінің табиғатынан таптық сипатта болып келеді, сондықтан да ол таптық тұрғыдағы дәйектілікті қажет етеді деп бағалады.[2] Ұлт-азаттық қозғалыстардың тарихына кеңестік тарихнаманың қалыптастырған таптық негіздегі тарихи танымын қайта қарап, осы құбылыстар туралы тәуелсіз тарихи сана қалыптастыруда соңғы жылдары орасан зор жұмыстар атқарылды.

Әйтсе де тарихи зерттеулерде таптық көзқарастың негізінде қалыптасқан танымға жаңа мазмұн беруде сол ескі әдістеме тәсілдерінің ықпалынан шыға алмау бағыты байқалады. Атап айтқанда, тарихи танымда кері ықпал заңдылығы үстемдік алуда. Оның мәні кеңестік қоғамдық ұлықталған саяси, әлеуметтік құндылықтар тәуелсіз санада мүлдем кері мазмұнда түсіндірілуде немесе бұрынғы таптық тұрғыда сыңаржақ сынға алынған құбылыстар әспеттеліп, идеалға айналдыруда. Тарихи зерттеулердегі бұл бағыт жаңаланған тарих мазмұнына біржақты сипат беретіндіктен де мәселеге қатысты қазіргі заманғы теориялық-әдіснамалық негіз орнығуы керек.

Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының тарихнамасы сипаты, мазмұны жағынан өте күрделі болатын себебі, ол өзінің бағдарламалық мақсаттары, қызмет аясы, әлеуметтік-саяси негізі, тіпті ұйымдық құрылымы бойынша қайталанбас ерекшеліктері мол ауқымды тарихи құбылыс еді. Мәселенің шындығы – бұл ұлт-азаттық қозғалыстың Ресей империясы құрамында отарлық езгіге түскен Қазақстан мен Орта Азия халықтарының тәуелсіздік жолындағы күресінің ең биік шыңы екендігі. Осы мәселеге қатысты екінші бір ақиқат, бұл ұлт-азаттық қозғалыстың аймақтық сипатпен шектелмей, ХХ ғ. басында отарлық езгіге, империялық өктемдікке қарсы әлемдік қозғалыспен үндескен идеялас құбылысқа айналғандығы.

Кеңестік тарихнамада осы екі ақиқат бұрмаланып келді. Олай болатыны, таптық қағиданы басшылыққа алған әдіснамалық негіз ұлт-азаттық қозғалыстың тәуелсіздік идеясына қосалқы деңгейде мән беріп, оның әлеуметтік, таптық сипатын әсіре дәріптеді. Осы себептен туындаған салдарлар екінші ақиқатты көлегейледі. Яғни, ұлт-азаттық қозғалыстағы, әсіресе, Түркістан қоғамындағы жастүріктер, жаспарсылар, жасбұхарлықтардың ықпал-әсері, жәдитшілік, мұсылмандық, түркілік бірлік сияқты ұлттық мазмұндағы идеялық ағымдар мен қозғалыстардың ықпал-әсері ресейлік демократиялық күштердің тасасында қалды, тіпті олар бір-біріне қарама-қарсы қойылды.

Осындай себептермен де Алаш қозғалысын маңыздылығы аймақтық шеңбермен шектелмейтін Түркістан өлкесіндегі ұлт-азаттық қозғалыспен тарихи сабақтастықта қарастырудың маңызы зор. Академик К. Нұрпейістің тұжырымы бойынша «Алаш» немесе «Алашорда» қозғалысы бірнеше құрамдас бөлімдерден тұратын күрделі ұғым. Олар, біріншіден, саяси партия ретіндегі Алаш, екіншіден, мемлекеттік құрылым түріндегі Алаш автономиясы, үшіншіден, осы автономияны (Алаш атты қазақтың мемлекеттілігін) басқаруға тиісті болған Алаштың ордасы (Алашорда үкіметі) туралы мәселелер. Осы нақты үш мәселе жиынтығы Алаш немесе Алашорда қозғалысы деген ұғымды білдіреді.[3] Дара құбылыс ретінде осылайша айқындалған Алаш қозғалысын Түркістан өлкесіндегі ұқсас құбылыспен салыстыруға болады. Түркістан өлкесіндегі ұлт-азаттық қозғалыс саяси ала-құлалығымен және әлеуметтік әртектілігімен ерекшеленді. Түркістан қозғалысын өлкедегі азаттық, тәуелсіздік жолындағы күреске мұсылмандық, түркілік бірлік идеясы негізінде топтасқан саяси күштердің ұйымдасқан белсенді әрекеті деп бағаласақ керек. Мақсаты ортақ, сипаты бір Алашорда үкіметі мен Түркістан автономиясы (Туркистон Мухторияти) үкіметі ұлт-азаттық қозғалыста бірін-бірі толықтыратын ұлттық, әлеуметтік, саяси тұрғыдан туыстас құбылыстар болғандықтан да оларды өзара ықпалдастықта қарастырудың танымдық тиімділігі жоғары.

Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейін Түркістан жәдитшілерінің бағдарламалық құжаттарында феодализм мен отаршылдыққа қарсы күрестің дәлелдері айқындалып, билік институттарын конституциялық жолмен реформалау идеясы қалыптасты. Осы идея төңірегіне топтасқан Түркістан халықтарының отаршыларға қарсы ортақ күреске жалпытүркілік, мұсылмандық негізде бірігуі патша өкіметі тарапынан қудаланды.

Отарлық билік аталған идеялық бағыттарға пантүркизм мен панисламизм деп саяси айдар тағып, оны Ресейдің мемлекеттігін ыдыратып, Түркия, Иранның басшылығымен жалпымұсылмандық держава құруға бағытталған қауіпті идеялық ағым деп жарияланды. Бұл отаршыл биліктің өз өктемдігін қорғауды көздеген идеологиялық байбаламы еді. Шын мәнінде жәдитшілер Ресейден бөлектенуге ұмтылған жоқ, мәселе – отаршыл езгідегі халықтың мұсылмандық ынтымақтастығы туралы болып тұр. Ортаазиялық мұсылмандар үшін Ресейдің басқа аймақтарындағы және дүниежүзіндегі мұсылмандармен өздерінің рухани және мәдени тұрғыдан біртұтастығын сезінуде ислам факторы – олардың саяси ой-санасының бағдары болды. Бұл тұжырым өлке халықтарын саяси күреске топтастыру идеясының ең басты мәнін ашып көрсетеді.

1917 ж. 1-11-ші мамыр аралығында Мәскеуде өткен Бүкілресей мұсылмандарының 1 съезі Уақытша үкіметтің азаматтық келісім және Құрылтай жиналысы арқылы саяси-әлеуметтік мәселелерді бейбіт жолмен шешу саясатын бір ауыздан қолдады. Мұсылман халықтары үшін бұл кезеңде белгілі бір таптың мүддесін қорғаудан да отарлық тәуелділіктен құтылу қажеттілігі басым еді. Ақпан төңкерісінен кейін негізі қаланған өлкелік «Шурои Исламия» – Мұсылмандар кеңесі ұйымы Бүкілресейлік мұсылмандық қозғалыс ықпалымен құрылды. Ұйымның атауы өлкедегі этникалық әралуандықты саяси бірлікке топтастыруды байқататын еді. Бұл өлкенің полиэтникалық жағдайындағы ең бір ұтымды шешім болатын. Өлкедегі әртекті ұйымдар мен қоғалыстардың басын біріктіруші және үйлестіруші рөл атқарған Мұскеңес алдында ұлттық-демократиялық күштердің жікке бөлінуіне жол бермеу міндеті тұрды. Мұскеңес төрағасы М.Шоқайдың бастамасымен аталған ұйымдар идеялық алшақтығына қарамастан Өлкелік кеңеске бағынатын облыстық, уездік, болыстық және қалалық мұсылман депутаттарының кеңестеріне бірігуі тиіс болды.

Бұл әрекет «Шурои Исламияның» идеялық негізде жіктелуін тоқтата алмады. Осы жылдың маусым айында М.Шоқай, М.Бехбуди, М.Абдурашитхановтар басқарған «Шурои Исламиядан» С. Лапин басқарған жаңа саяси бірлестік «Шурои Улема» (Ғұламалар кеңесі) бөлініп шықты. Діни ақсүйектер тобының мүддесін көздеген улемалықтар тұрмыста және қоғамдық өмірде феодалдық-патриархалдық қатынастарды сақтап қалуды жақтаған дәстүршілгімен ерекшеленеді. Олар жәдитшілердің ағартушылық идеялары мен саяси көзқарастарын толығымен қуаттай қойған жоқ, әйтсе де саяси билік мәселелеріндегі ұстанымдарынаа түгелдей қарсы болатын. Халыққа түсінікті дәстүрлі дүниетаным мен дәстүрлі ұстанымдарға сүйенгендіктен де ел ішінде улемашылардың қолдаушылары аз емес еді. Мысалы, 1917 ж. Ташкент қалалық думасы сайлауында олардың басым дауысқа ие болуының өзі улемашылардың халық арасында кеңінен танымал болғандығын танытатын еді. Осыған байланысты М.Шоқай «Бүкіл Түркістан тұрғындарының көңіл-күйіне ықпал жасамақ болған осы екі ұйым – «Шурои Исламия» мен «Ғұлама қоғамы» бір-бірімен қырқысып жатты, ал «Түркістан өлкесі мұсылмандар кеңесі» осы екеуін жақындастыра алмай әуреге түсті. Осы екі ұйым арасындағы алауыздық біздің ұлттық тәуелсіздік жолындағы күресімізді бәсеңдетіп жұмысымызды былықтырды»[4] деп жазды.

Бұл саяси топтардың көздеген мақсаттары да әртүрлі болды. Айталық, мұсылмандық ұйымдарға қарағанда түркістандық федералистер демократиялық бағдар ұстап, қоғамдық және мемлекеттік құрылыста батыс европалық либералдық-демократиялық үлгіні жақтады. Әйтсе де, олардың бағдарламалары бөтен ел тәжірибесінің тікелей көшірмесі емес еді, қайта олар жасаған ұлттық мемлекеттілік концепциясында дәстүрлі әлеуметтік мазмұн құқықтық норма және билік институттары сияқты демократиялық құндылықтар мен исламдық қағидалар түрінде көрініс тапты.

Түркістандағы мемлекеттік құрылым бойынша бұндай баламалы бағдарламалардың пайда болуы өлке халқының оянуы мен ұлттық саяси күштердің ұйымдық кемелденуін танытатын аса маңызды көрсеткіші болды. Сонымен бірге бұл әралуандық ұлт-азаттық қозғалыстың кейінгі тағдырын айқындаған алауыздықтың да көрінісі еді.

Ташкенттегі большевиктік өкімет жеңісінен соң «Шурои Исламия» бастаған Түркістан ұлттық-демократиялық күштері большевиктерге қарсы ымырасыз, бітіспес позиция ұстанып, өлке халқының өзін-өзі басқаруына қол жеткізуде саяси батылдық танытты. 1917 ж. 26 қазанда Бүкілтүркістан мұсылмандарының ІV съезінде Түркістан Мұхтарияты осылай өмірге келді. Осы тарихи оқиғадан соңғы кезеңдегі С.Лапин басқарған «Улеманың» саяси ұстанымы ұлттық-демократиялық күштер мен большевиктік өкіметтің арасында бұлталақтаған, тұрақсыз, қарама-қайшылығымен танылды. Оның басшылары Түркістан Мұхтарияты Уақытша үкіметіне Ресейдегі буржуазиялық-либералдық партиялармен одақтасу ниеті және буржуазияшыл, капиталистік сипаттағы бағдарламасы үшін сенімсіздік білдіретіндігін айтып жарияға жар салды.

Большевиктер «Түркістан Мұхтариятын» тығырыққа тіреген уақытта «Улема» ұйымы «Орыс социалистеріне» үндеуі арқылы «Шурои Исламия» түріндегі бұқаралық қозғалыстан іргесін аулақ салып, өлкенің болашағын, оның мемлекеттігін социализм қағидаларымен және большевиктермен ынтымақтасумен байланыстырып жатты. Бұндай саяси пікірталас ұзаққа созылмады, оның соңы ашық теке-тіреске ұласты. 1918 ж. 18 ақпанында Мұстафа Шоқайды улемашылар «сарай төңкерісін» жасап, Ергеш құрбашымен алмастыруы арқылы онсыз да саяси ахуалы шатқаяқтап тұрған ұлттық автономияны тағдырдың тәлкегіне тастады.

Түркістан қозғалысындағы осы негізгі екі бағыт ұлттық мүдде жолында ымыраластыққа бара алмады. Бұл жағдай Түркістан қоғамының топтасуына кері әсер етті және оның азаттық пен ұлттық мемлекеттілік үшін күресіне орны толмас өкініш алып келді. Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы сияқты қуатты саяси құбылыстың қызметінде ислам діні тұрақты үйлестіруші фактор болғанымен бұл аса маңызды фактор исламның өз ішіндегі қайшылықтары мен большевиктік идеологияның сыртқы тегеурінді ықпалына төтеп бере алмады.

Отарлық биліктің өлкедегі дөкір де озбыр саясаты Түркістан жәдитшілері бас болған интеллектуалдық, мәдени және адамгершілік өзегі қуатты жаңашыл ағыммен бетпе-бет келді. Түркістандық көпестер, зиялылар мен діндарлардың білімді жаңа буыны алғаш рет отарлық биліктің «легитимдігіне» күмәнмен қарады. Ұлттық мемлекеттілікті қалпына келтіру мен еркіндікке жету үшін өз халқының бұғып жатқан күш-қуатын оятуды қолға алған ұлттық элита өкілдері өздерінің сан-салалы қоғамдық-саяси қызметімен Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының идеяларын іске асыруға сәт сайын жақындай берді.


Эта страница нарушает авторские права

allrefrs.ru - 2018 год. Все права принадлежат их авторам!