Главная Обратная связь

Дисциплины:

Архитектура (936)
Биология (6393)
География (744)
История (25)
Компьютеры (1497)
Кулинария (2184)
Культура (3938)
Литература (5778)
Математика (5918)
Медицина (9278)
Механика (2776)
Образование (13883)
Политика (26404)
Правоведение (321)
Психология (56518)
Религия (1833)
Социология (23400)
Спорт (2350)
Строительство (17942)
Технология (5741)
Транспорт (14634)
Физика (1043)
Философия (440)
Финансы (17336)
Химия (4931)
Экология (6055)
Экономика (9200)
Электроника (7621)






Азақ интеллигенциясының ұлттық идеяны көтерудегі маңызды рөлі



Еліміздің тұңғыш президенті Н.Ә. Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты еңбегінде: «Тарихтың тағылымы біреу-ақ: ол ешқандай тағылым бермейді дейтін тұжырымға мен үзілді-кесілді қарсымын. Тарихты жеңіл-желпі аңыз сөздердің жиынтығы деп қарайтын адамдар шынында да тарихтан тағылым ала алмайды... Қазақ руханияты дамуының Ресей отарлығы тұсындағы қайшылықты үрдісінің күрделі де қайғылы сипатын жуып-шаю мүмкін емес» — деп атап көрсетті [1, 279-285 б]. Қазақ халқының сан ғасырлық тарихи даму жолындағы ең маңызды оқиға — еліміздің ғасырлар тоғысында, яғни ХХ ғасыр табалдырығында тәуелсіздікке қол жеткізуі. Халқымыздың ешкімге бағынышты болмай, дербес мемлекет болу жолында Алаштың талай арыстары жанын қиды. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының халықаралық аренадағы талассыз беделі талайлардың таңданысын тудырары анық. Ондай дәрежеге жету үшін азат еліміздің тәуелсіздігі жолында тарихи ерен қызмет атқарғандар қатарында рухани қазынаны жасаушылар — қазақ зиялыларының орны ерекше. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің 1999 жылғы жарық көрген «Тарих толқыны» еңбегінде қазақ зиялыларының ұлттық идеяны қалыптастырудағы рөліне ерекше маңызды орын берді.

Еуропадағы саяси күрестің бет алыс бағдарларынан әбден хабардар, экономика, құқық тарихы мен теориясын терең меңгерген қазақ зиялыларының үркердей озық ойлы тобы шықты. Олардың басым көпшілігі ғылымға емес — утопияға, демократияға емес — авториторизмге негізделген большевизм идеясын қабылдамай, баррикаданың арғы бетіне шығып, өз елінде, өз жерінде отырып азап шеккен қазақ халқының мұң-мұқтажын қорғауды мақсат еткен Алаш партиясын ұйымдастырды.



Ел алдындағы ұлы мақсаттарды жүзеге асыратын атқарушы билік органы — «Алашорда» үкіметін құрып, ұлттық-аймақтық негіздегі «Алаш автономиясы» мемлекеттігін жариялауға талпыныс жасады. 2-ші бүкіл қазақ-қырғыз құрылтайы-1917ж. желтоқсанның 5-13 Орынборда өткізілді. Құрылтайды Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Е.Омарұлы Досжанов ұйымдастырды. Төрағасы Б.Құлманов болды [2, 64 б.].

Қазан төңкерісінен кейін қалыптасқан саяси ауыр жағдайда өздерінің іс-әрекеттерін айқындап алу үшін ұлттық интеллигенция бастаған қазақ қоғамы құрылтайға қатысты. Құрылтайға қазақ сахарасының әр аймақтарынан, Самарқан облысы мен Алтай губерниясындағы қазақтардың атынан-58 делегат, әр түрлі қазақ ұйымдарының атынан-8 делегат және арнайы шақырумен-15 адам қатысып, барлық жиын-терісі 81 делегат келген. Құрылтайдың күн тәртібіне 10 мәселе қойылды: Алғашқы баяндаманы Ә.Бөкейханов жасап, ол жөнінде қаулы қабылданады. Қаулыда-қазақ автономиясы, милиция (жасақ) және ұлт кеңесі мәселелерін қарауға жеті кісілік комиссия құрылады.



Құрылған комиссия атынан Халел Ғаббасов автономия, милиция және Ұлт кеңесі туралы баяндама жасайды. Қазанның аяғында Уақытша өкімет түскенін, Ресей мемлекетінде халыққа сенімді және беделді үкіметтің жоқтығын, әкімшілік жоқ болған соң, халық арасы бұзылып, пышақтасып кететіндігі, бассыздық күшейіп, бүкіл мемлекет бүліншілікке ұшырап, күннен күнге халықтың күйі нашарлауын және бұл бүліншілік біздің қырғыз-қазақтардың басына да келуін мүмкін деп ойлап, бүкіл қазақ-қырғызды билейтін үкімет керектігін ескеріп, съезд бір ауыздан қаулы қылады: Алаш облыстарын қазіргі бүліншіліктен қорғау мақсатымен уақытша Ұлт кеңесі құрылып, мұның аты «Алаш орда» болсын деп шешті. Алаш ордасының ағзасы (мүшесі) 25 болып, 10 орын қазақ-қырғыз арасындағы орыс және басқа халықтарға қалдырды.

Алаш орданың уақытша орны-Семей қаласы. Алаш орда бүгіннен бастап қазақ-қырғыз халқының билігін өз қолына алады. Бұл туралы кейіннен Ә. Бөкейханов (1919 ж. ақпанның 11) былай деп мәлімдейді: «съездің бұл шешімі қазақтар мекендеген территорияда анархияны болдырмау, өлкеде большевизмнің дамуына (яғни қазақтар үшін жат-таптық жіктелу) жол бермеу мүдделерінен туындады...». «Алашорда» үкіметі алғашқы сағатынан бастап ұрпақ тәрбиесіне, ұрпақ болашағына зор көңіл бөлген. Жас ұрпақтың туған тіліне деген сауаттылығын арттыру үшін, ана тіліндегі оқулықтарды жасауға кіріскен. Бала тәрбиесіне, оқуына осындай қиын заманда жаңаша бетбұрыс, бұл болашаққа деген сенім еді. Білімді жастар, еліне салауатты да сауатты қызмет етеріне үмітті болатын-ды [3, 45 б.].

Алаш қозғалысының басты мақсаты — қазақ елінің өзін-өзі басқару, ұлттық мүддесін қорғай алатын мемлекеттік жүйе құру құқын метрополияға мойындату, түбінде дербес мемлекет құру, қазақ жерлеріне ішкі Ресейден қоныс аударуға шек қою, әлемдік озық тәжірибені пайдалана отырып, дәстүрлі мал шаруашылығын өркендету, сонымен қатар егіншіліктің, өнеркәсіптің дамуын қамтамасыз ету, рыноктық қатынастарға жол ашу, жеке адам құқығын және басқа демократиялық принциптерді қадір тұту, ұлттық мәдениетті өркендету, оқу жүйесінің, тілдің дамуына қажет шарттар түзу болды. Қазақты қазақ қып алып қалу болды.

Алашордалықтарды ұлтшылдар ретінде 1929-31 жылдар аралығында құрта бастады. Олардың ішінде Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Шәкәрім Құдайбердиев, Жүсіпбек Аймауытов, Жаһанша, Халел Досмұхамедовтар секілді алаштың арыстары болды.

Ақжайық өңірінің перзенті Жаһанша Досмұхамедов туған топырағында атамыздың есімі жазылған «Алаш» туын тіккендердің бірі, бүкіл өмірін өз ұлтының жарқын болашағы үшін сарп етті. Жаһанша Досмұхамедов — 1885жылы қазіргі Сырым ауданы, Бұлдырты ауылы, Тамды Бойында дүниеге келген көрнекті мемлекет, ұлт қайраткері, жоғары білімді алғашқы қазақ заңгерлерінің бірі, саясаткер. Тегі — Байұлына жататын тана руының қарақұнынан. Әкесі Досмұхамбет Жайық өңіріне дәулетті, көзі ашық кісі болған. Жаһанша ауыл молдасынан хат танып, жалдама жәдид мұғалімінен, кейін болыстық орыс-қазақ мектебінен білім алды. 1896ж. Орал каласындағы реалдық әскери училищесінің дайындық класына қабылданды, әскери дайындықпен қатар өзге пәндерден тиянақты білім алып, үздік оқыды, кластан класқа емтихансыз көшіріліп, мақтау қағаздарына ие болып, есімі училищенің Құрмет тақтасына жазылған. Ж.Досмұхамедов училищедегі әуесқой драма үйірмесінің жұмысына, пьесаларды («Ревизор», т.б.) сахналауға қатысты, әдеби шығармаларды мәнерлеп оқумен көзге түсті. Осы оқу орнында ол Х.Досмұхамедов, Ж.Сүйінтұрұлы, Н.Ипмағамбетов, Н.Досбайұлы, Ғ.Бердиев, Ш.Күсепкалиев сияқты болашақ қоғам қайраткерлерімен араласып, осы топ әсерімен алғашқы саяси-қоғамдық көзқарасы қалыптаса бастайды. 1904ж. училищені үздік бітіріп, 1906ж. белгілі қоғам қайраткері, заңгер Б.Қаратаевтың ақылымен Санк-Петербург университетінің заң факультетіна оқуға түседі. Осы оқу орнында озық ойлы орыс және Батыс ғалым-заңгерлерінің еңбектері ықпалымен заңдық-құқықтық қоғам жетістіктеріне көз жеткізіп, қазақ тәрізді дамудың төменгі сатысында қалған ел үшін ескі кереге биліктен азаматтық-заңдық билік түріне көшудің аса қажет екендігін ұғынды. 1911 ж. Санкт-Петербург университетін үздік бітірген Досмұхамедов Оралға келіп, заңгерлік қызметке орналасты, бірақ оның жергілікті «Уральский листок» газетінде жер мәселесіне байланысты жарияланған батыл пікірлі мақалаларынан сескенген Орал губернаторы осы губерния аумағында тұруға тыйым салып, Томск қаласына қызметке жіберді.

Ж.Досмұхамедов 1911-17ж. аралығында әуелі адвокат, кейін Томск округтік сотының Каинск уезі бойынша прокуроры болып қызмет атқарды. Осы өңірдегі және қазақ даласындағы сот процестеріне қатысып, прокурор және адвокат ретінде күрделі істерді жүргізді. Сөйтіп Жаһанша есімі Жайық бойындағы елге мәлім бола түсті [3, 46 б].

1916 жылғы дүрбелең тұсында елдегі самодержавие өкілдерінің зорлық-зомбылығына наразылық білдіріп, бассыздықты заңды жолымен тыюға әрекет етті. Сол жылдың аяқ шенінде Б.Қаратаев, Ж.Сейдалинмен бірге Петроградқа арнайы сапар шегіп, 4-Мемлекеттік Дума алдында қазақ жігіттерін тыл жұмысына алуды доғара тұруды мәселе етіп қойды. Томск қаласындағы болған кезеңінде отставкадағы генерал Черняев (Шымкент) маңында земство бастығы болған Константин Колосовскийдің қызы Ольгамен (Янга) танысып, оны өзінің өмірлік жары етті. 1917ж 19-22 сәуір аралығында өткен осы съезге қатысушы 800 делегат тарапынан бір ауыздан жиын төрағасы болып сайланды. Ж.Досмұхамедов ұсынған бағдарламамен жүрген съезд Жайық қазақтары үшін өмірлік маңызы бар бірқатар қарар қабылдады, соның ішінде тұрақты Жайық сырты облыстық қазақ комитеті сайланды, жаңадан жергілікті басқару құрылымы белгіленді. Съезд Ж.Досмұхамедовті Мәскеуде өтетін 1-Бүкілресейлік мұсылман съезіне делегат етіп сайлады. Бұл тұстағы саяси платформасы-Уақытша үкіметті қолдай отырып, қазақ елін Ресей құрамындағы автономия ету және осы мұрат жолында елдің ықпалды, белгілі адамдардың қолдауына сүйену болды. 1-ші облыстық съезд тұсында осы ойдағы Ж..Досмұхамедовке бұрынғы Дума депутаты А.Қалменовтың және Ғ.Жетпісов, Хайырша хазірет Ахметжанов сияқты ел ағаларының ықпалы күшті болды. 1917 жылы Мәскеуде, көпес Асадулаев үйінде өткен 1-Бүкілресейлік мұсылман съезінде Ж.Досмұхамедов ерекше белсенділігімен танылды. Съезд оны Ресей мұсылмандарының кеңесі — Бүкілресейлік «Шура-и-исламға» комитет төрағасының орынбасары етіп бірауыздан сайлады. Осы сапар, сондай-ақ уақытша үкіметтің Құрылтай жиналысы заң жобасын әзірлейтін айрықша кеңесіне мүше болып енді. 1917 ж жазда және желтоқсанда өткен 1 және 2-Жалпықазақ съездерінде Орал қазақтары атынан делегат болып қатысып, соңғы съезде Алашорда үкіметіне (Уақытша ұлт кеңесіне) мүше, «Шура-и исламға» 2-ші жалпықазақ съезі атынан өкіл болып сайланды. 1918 ж ақпан айында Қаратөбе елді мекенінде өткен 3-Орал облыстық қазақ съезінде федерациялық негізде ұлттық-мемлекет құрылым түзу мәселелерімен қатар Ресейдің орталық бөлімімен қарым-қатынас жасау, Мәскеуге делегация жіберу мәселесі талқыланған. Бұл ойға 1918 жылдың көктеміндегі өкімет ауысулар тұсында орталық алашорда үкіметінің Кеңес үкіметімен байланыс жасау ниеті дөп келеді де, 1918ж сәуірдің басында Алаш орда шешімімен Ж.Досмұхамедов бастаған алашорда делегациясы Мәскеуге келіп, халық комиссарлары Кеңесінің және ұлт істері халық комиссариатының басшыларымен ұлттық автономия жариялау жөнінде келіссөз жүргізді. Кеңес үкіметінің талаптары орталық алашорда үкіметінің ойынан шықпай, келіссөз тұйыққа тірелгеннен кейін де Ж.Досмұхамедов бастаған делегациясы Совнаркомда алашорда өкілдерінен тұратын қазақ комиссариатын құру жұмыстарымен айналысты. Оған қоса Орал земства басқармасы мен Кеңес өкіметінің саяси-шарушылық бағытында келісімге келу жолдарын іздестірді. Совнарком Кіші коллегиясында бірқатар уақыт жұмыс істегеннен кейін, сәуір айының орта шеніне таман нәтижелі әлеуметтік салалары бойынша екі жақты келісімшартқа қол қойылған болатын. Бірақ Оралға келісімен Ж.Досмұхамедов Орал әскері тарапынан тұтқындалды. Алайда Жаһаншаның саяси ілкімділік танытуының арқасында ол бұл тығырықтан сытылып шығып, нәтижесінде 1918 жылдың сәуірдің аяқ шенінде казак әскер үкіметі мен Орал қазақ земство басқармасы арасында әскери саяси одақ жөнінде келісімшарт жасалды [4, 12 б.].

Бүгінде мұрағаттық деректер Ж.Досмұхамедовтың 1938 жылы «үштік қаулы» шешімімен 1938 жылы атылғанын жеткізіп отыр. 1958 ж. 28 ақпанда Қазақ КСР Жоғарғы сотының шешімімен ақталған алаштың қайраткерінің есімі Жымпиты ауданында бір көшеге және Орал педагогикалық колледжге берілген.

Халел Досмұхамедов-көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш көсемі, энциклопедист-ғалым, күллі Түркістандағы оқу-ағарту, ғылым, баспа ісі және денсаулық сақтау салаларының ұйымдастырушы. Ол 1883 жылы қазіргі Атырау облысы, Қызылқоға ауданындағы Тайсойған құмында дүниеге келген. Кішкентайынан ауылдағы молдадан хат танып, одан соң жергілікті орыс-қазақ мектебіне оқуға түседі. 1894 жылы, он бір жасында Орал қаласындағы әскери реальды училищенің дайындық класына қабылданып, зеріктігімен танылады. 1902 жылы оны үздік бітіріп, тағы бір дайындық класында оқып, 1903 жылы Петербордағы Императорлық Әскери-медициналық академияға латын тілінен қосымша емтихан тапсырып түседі. Кейін ол қазақ тарихы, тілі мен әдебиет саласында ізашар еңбектер жазды, тұнғыш рет медицина, биология, зоология, табиғаттану оқулықтарын ана тілімізде дүниеге әкелді. Батыс Алашорда қайраткерлерінің бірі, Жаһаншаның серіктес жолдасы. 1930 жылдары ҚазПи-дің проректоры болып жүрген жерінен, тұтқындалып, Воронежге жер аударылған. Сонда жүргенде «Алашордашыл» деген айыппен қайтадан тұтқынға алынып, Мәскеу, Алматы түрмелерінде отырған. 1939жылы ату жазасына кесілген.

Алаштың арыстарының бірі — Ахмет Байтұрсынов «Дүниеде ешбір тіл өз-өзінен шықпайды. Тіл деген нәрсе қалың елдің күндегі тұрмыс қазанында қайнап, пісіп дүниеге келеді,» — десе, Күнбатыс Алашордасының идеологы саналған Ғ.Қараш: «Тіл болмаса, ұлт та болмайды, яғни ұлт бүтіндей өлген, жоғалған ұлт болады. Ең әуелі ана тілі қажет. Егер ана тілін білмесең, онда сен ол ұлттың баласы емессің. Ана тілін білмей тұрып, ұлт білімін ала алмайсың. Ұлт білімі болмаса, онда әдебиеттің болмайтындығы өзі-ақ белгілі. Әдебиеті жоқ ұлттың өнері де өршімейді», — деген Ахмет Байтұрсынов XX ғасырдың 20 жылдарында Қазақстанның оқу-ағарту комиссары, Алаш қозғалысының мүшесі, ғылым, әдебиет, өнер салаларында шығармашылық жұмыспен шұғылданды.

А.Байтұрсынұлы «Ғылыми және практикалық білімнің жиынтығын бойына сіңірген халық қана айбарлы да бай болады» деп санады. Ғасыр басында Алаш ардақтылары Қазақ АССР-ның Қазақ-Қырғыз Білім Комиссиясында жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде, халқын мәдениетке сүйреуде жан аямастан қызмет етті. Білім Комиссиясы жұмысына Мағжан Жұмабайұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Сұлтанбек Қожанұлы, Жаһанша Досмұхамедұлы, Нәзір Төреқұлұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Иса Тоқтыбайұлы, Санжар Асфендиярұлы, Халел Досмұхамедұлы т.б. қатысты [3, 6 б.].

Алаш қозғалысы ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Қазақстанда орын алған әлеуметтік-экономикалық қоғамдық саяси және рухани-мәдени өзгерістердің нәтижесінде өмірге келді. Бұл қозғалыстың орталық элементі өзінің бастау көздерін 1905-1907 жылдардағы І-ші орыс революциясы әкелген өзгерістерден алған, ал саяси ұйым ретінде 1917 қажырлы еңбек еткен ұлттық демократиялық қазақ интеллигенциясының ел таныған жетекшілері: Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, М.Шоқаев, М.Тынышбаев, Ә.Ермеков, Ж.Ақбаев т.б. ондаған қайраткерлер еді. Алаш партиясы негізінен әлеуметтік табиғаты жөніне ұлттық демократиялық қазақ зиялыларының өтпелі кезеңдегі саяси ұйымы халық идеясының қозғаушы күші міндетін заман талабына сай адал атқарады. Қазақ демократиялық интеллигенциясының қозғаушы күші міндетін заман талабына сай адал атқарады.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Назарбаев Н. Тарих толқынында. — Алматы: Атамұра, 1999. — 296 б. 2. Ахметова К. «Алаш» партиясы туралы бірер сөз. // Ақиқат, № 9, 1995.
3. Омарбеков Т. Қос төңкеріс және алаш қозғалысы. // Ақиқат, № 11. 1992.
4. Құсанова Ш. «Алаш» партиясының тарихын зерттеу хақында. // Қазақ тарихы. № 5. 1997.
5. Қойгелдиев М. Алашорда ХХ ғ. қазақтың алғашқы ұлттық мемлекеті. // Ақиқат № 1. 1993.


Эта страница нарушает авторские права

allrefrs.ru - 2018 год. Все права принадлежат их авторам!