Главная Обратная связь

Дисциплины:

Архитектура (936)
Биология (6393)
География (744)
История (25)
Компьютеры (1497)
Кулинария (2184)
Культура (3938)
Литература (5778)
Математика (5918)
Медицина (9278)
Механика (2776)
Образование (13883)
Политика (26404)
Правоведение (321)
Психология (56518)
Религия (1833)
Социология (23400)
Спорт (2350)
Строительство (17942)
Технология (5741)
Транспорт (14634)
Физика (1043)
Философия (440)
Финансы (17336)
Химия (4931)
Экология (6055)
Экономика (9200)
Электроника (7621)






Томас Кун осы ұсынысты ескере отырып философияға жаңа “парадигма” ұғымын кіргізді



Парадигма - барлық ғылыми қауымдастық қабылдаған ғылыми нәтиже. Оның көмегімен ғылыми проблемаларды қоюға және оны шешудің әдістерін қарастыруға болады. Парадигма ауысқан уақытта, ғылыми нормалар да ауысады. Әртүрлі парадигмалардың аясында қабылданған теорияларды салыстыруға болмайды, өйткені ғылымилықтың әртүрлі стандарттарына негізделген. Парадигма деңгейінде ғылыми біліммен, жалған білімнің арасын ажырататын нормалар қалыптасады.

Кун ғылымның дамуын парадигмалардың ауысуымен байланысты революциялық процесс деп біледі. Ғылым дамуы екі кезеңнен өтеді. Қалыпты кезеңде ғылыми ғылым бір нақты парадигманың аясында дамиды. Осы уақытта эмпириялық фактілер жинақталады және қолданылып жүрген әдістердің көмегімен түсіндіріледі. Уақыт өткен сайын ғылыми қауымдастық қолданылып жүрген әдістермен принциптерге күмәндана бастайды, өйткені жаңа фактілер тұрақтанып қалған ғылыми тұжырымдарға қайшы келетіні байқалады. Осының нәтижесінде жаңа фактілерді түсіндірудің жаңа әдістері қалыптасады. Осыған байланысты ғылыми қауымдастық ескі парадигмадан бас тартып, жаңа парадигмамен санасуы керек. Осы сәтті Т. Кун ғылымның дағдарысы деп атайды. Ғылыми қауымдастықтың көпшілігі жаңа парадигма ғылыми мақсаттарды шешудің дұрыс амалын ұсынады деп сенуі керек.

Дегенменде, сенім ғылыми зерттеудің логикасында жатқан рационалдық негізге сүйенеді. Кейіннен Т. Кун парадигманы дисциплинарлық матрица ұғымымен алмастырды. Дисциплинарлық матрица осы нақты дәуірде басым ғылымилықты анықтайды, сонымен бірге ғалымнан белгілі ойлау тәсілін, мінез-құлқын қажет етеді.

Ғылымның дамуы туралы И.Лакатос ұсынған концепция Т.Кунның позициясына жақын.



Ғылымның дамуы ғылыми-зерттеу бағдарламасының ауысуы арқылы жүреді. И.Лакатос ғылыми-зерттеу бағдарламасын екі кезеңге прогресс және регресс деп бөледі. Ғылыми қауымдастық көбінесе прогрессивті зерттеу бағдарламасын таңдайды, өйткені бағдарлама фактілерді түсіндіріп қана қоймай, белгісіз фактілерді болжауға көмектеседі.

Ғылыми-зерттеу бағдарламасының ауысуын И.Лакатос ғылыми революция деп атайды. И.Лакатостың пікірінше ғылымның даму тарихы осы ауысып отыратын бәсекелес зерттеу бағдарламалардың күресі арқылы толық анықталады. И.Лакатос ғылымның ішкі және сыртқы даму тарихын айырады. Ғылымның ішкі тарихы идеялар мен методологиялардың ауысуы, ал сыртқы тарихы жеке тұлғалармен, ғылымды ұйымдастыру формаларымен байланысты, яғни ғалымдардың іс-әрекетіне тәуелді.

П.Фейерабендтің пікірінше бір мезгіл аралығында өзара көптеген білімнің түрлері бар, ал ғылымның ішінде-көптеген өзара тең теориялар бар. Ғылымның дамуы әртүрлі теориялардың бәсекелестігі арқылы жүреді. Олай болса ғалымдар альтернативті теорияларды көптеп жасай берулері керек. Олар бір-бірімен жарыса отырып, өздерінің бастапқы принциптерін айқындап алады, өзара сынасады, ақырында ғылымның дамуына көмегі тиеді. Әртүрлі парадигманың негізінде қалыптасқан теорияларды салыстыруға болмайды, тіпті көрінген екі теорияны салыстыра алмайсың. Олардың әрқайсысының негіздері әрқилы. П.Фейерабенд рационалды ойға қарсы. Ғылым тарихына сүйене отырып, ол қабылданған ғылым стандарттарымен, нормалардың негізінде рационалды емес компоненттер жатыр дейді. «Ғылымның құндылығы неде? Шынымен ғылым хоппи космологиясынан, Аристотель ғылымы мен философиясынан, дао ілімінен артық па? Немесе, ғылым-нақты бір тарихи жағдайларда пайда болған мифтердің бірі шығар?» деген сұрақтар қоямыз. Байқасақ, рационалды іргетасының негізінде салынған үй берік емес екен.



Ғылым туралы біздің түсінігіміз, оның қазіргі өркениеттігі алдыңғы қатардағы орнымен байланысты. Соған табынамыз. Сондықтан, ол ғылым діннің бір вариантына айналған, өйткені дүниені түсінудің ғылыми емес, ғылымнан тыс формаларын мойындамайды, тіпті жоққа шығарады. Сциентизмді осы тұрғыдан алсақ ғылыми-теориялық фанатизм дейміз.

Ғылым, дейді Фейерабенд, өзінің көптеген параметрлерімен мифологияға жақын. Ол қазіргі заманның мифі, немесе, дәлірек айтсақ қазіргі мәдениеттің мифологиясы. Ғылымды негіздеу, көрінген мифті негіздеу сияқты-рационалды дәлелдер келтіру арқылы емес, сенім арқылы жүргізіледі.

Ғылым теорияның құрылымы да мифологияға жақын. Екеуінде де өзгеріс барысында бұзылмайтын орталық идея бар. Мифологияның өзекті идеясы-тиым салу (табу) жүйелері, ал ғылымда она концепцияның фундаменталды негізі деп атаймыз. Осы негізге сәйкес келмейтіндерді жарамсыз дейді, немесе жоққа шығара салады. Осы сияқты дейді Фейерабенд, ғылымның дүниені түсінудің басқа формаларына қарағанда нақтылығы, қисындылығы туралы пікірде күмәнді.

Сонымен, ғылымның сциентикалық методологиялық үлгісі, көрінген идеологиялық немесе діни жүйе сияқты рас ғылымнан алыс тек идеалды құрылым. Ғылым ақыл-ойдың ғана туындысы емес. Оның бойында рационалды емес элементтер жетерлік. Осындай фактілермен санасу керек. Болмысты және оның формаларын рационалды тұрғыдан ғана түсіндіру жеткіліксіз, өйткені рационалды танымның шегі бар. Танылмаған сфералар, танылған сфераларға қарағанда сондай ауқымды, сондықтан дүниенің иррационалдығын мойындауымыз дұрыс болған болар еді.

Әдебиетте Фейерабендтің көзқарасын постпозитивистік дәстүрде қарастырады. Бірақ осы бағыттың кейбір өкілдері қатаң сциентистік бағыттан бас тартып, ғылымды кең әлеуметтік-мәдени контекстте зерттеуде.

 

Іс - әрекеттік бағыт

Прагматизм – ілімінің өзегі адам және оның іс-әрекеті. XIX ғасырдың 70 жылдары Америкада шығып, XX ғасырдың бірінші жартысында басқа елдерге кең тарайды.

Негізгі идеясы Ч. Пирстың (1839-1914) есімімен байланысты, ал ары қарай дамытушылар У. Джеймс (1842-1910), Д. Дьюи (1859-1952). Сөздіктерде “прагматизм” терминінің шығуын “іс”, “әрекет” сөздерінен туындатады.

Пирс өзі ұсынған терминді И. Канттың “прагматикалық сенім” ұғымынан туындағанын айтады. И. Кант “Таза ақылға сында” былайша түсіндіреді. Адамға әрекет қажеттілігі туғанда, бірақ жағдай әлі айқын емес, және істің немен тынары туралы білім болмаса, онда оған бірер ұйғарымға келіп сену керек, яғни сенімге негізделген іс-әрекет мақсатқа жеткізеді. Білім негізделмей, сенімге негізделген іс-әрекет Пирстің жаңа философиялық доктринасының өзегі.

Пирс адамның ой-санасының негізгі екі күйін-ахуалын айырады. Бірінші күйінде күмәншілік (сомнение) сана тартыншақ, көмескі, екі ұшты, әртүрлі пікірлердің арасындағы солқылдақ сана. Пирс күмәншіл сананың эмоциялық сипаттамасында ұмытпайды. Күмәншіл сана мазасыз, күйгелек дейді. Сенімнің күйінің эмоциялық сипаты жағымды, сабырлы, байсалды. Сенім субъектісі іс-әрекетке дайын, өйткені сенім тұрақты, үнемі жүріп жатады, тіпті дағдыға айналған.

Адам (мүдделі адам) күмәндану жағдайынан құтылып сенімнің байсалды қалпіне жетуге талпынады. Біріншіден екіншіге ойлау арқылы жетеді. Ойдың жалғыз фүнкциясы тұрақты сенімге жеткізу. Осыдан басқа ойдың қызметі жоқ. Сенім ақиқатпа әлде жалғанба, соған қарамастан, адам тұрақты сенімге жеткеніне қанағаттанады. Сонымен бірге, адамдағы сенім тұрақты болса, онда ол оны ақиқат деп біледі. Дәстүрлі таным теориясының мақсаты – білім, ал ой ақиқат білімге жеткізетін жол.

Прагматизмнің “мүдделі адамы” күмәнданудан босап психологиялық қанағат, эмоциялық тыныштық табады. Білім мақсат емес, “мүдделі адамға” тыныштық әкелетін сенім керек. Егер адам танымға емес, тұрақты сенімге және жан тыныштығына жетуге мүдделі болса, онда ойлаудың нәтижесін ақиқат немесе жалған демей, жақсы немесе жаман деп бағалау керек. Пирс танымды жоққа шығармайды. Танымның алғы шарты – құбылыс, көрініс. Ақиқат – сенімге негізделген білім. Ғылымда жеке ақиқат жоқ, ақиқат жалпыға бірдей болу керек. Ол үшін білгір зерттеушілер, егер зерттеу процесі ұзаққа созылса, міндетті түрде келісімге келіп мәжбүр етілген ақиқатқа жетер еді.

Ақиқатты осылай түсінуді, кейінгі прагматистер қабылдамады.

Пирс көпқырлы ғалым: химик, астроном, логик, философ, математик, семиотика ілімін жасаушы. Негізгі еңбектері: “Сенімді бекіту”, “Біз идеяларымызды қалай айқын жасаймыз”.

Джон Дьюи – американдық прагматистердің ең беделдісі. Ол алғашқы кезеңде психологиямен, білім психологиясымен айналысады. Кейінен педагогикаға ықыласы ауып «прогрессивті білім алу» атаулы теориясын жасаған. Дьюи, мектептің міндеті баланың басын толтыру емес, оның қабілетін ашуға көмектесу деп білген. Дьюи философияның көптеген мәселелерімен айналысқан өнімді жазушы.

Дьюи философиясының негізгі ұғымы – тәжірибе. Тәжірибе кең мағынада алынады, яғни адам өмірімен байланысты әлеуметтік, рухани, табиғи, мәдени көркем құбылыстардың барлығы да тәжірибе. Адам тағдырына әсер ететіннің барлығы тәжірибе.

Адамның санасы тәжірибені алып жүруші. Философияның міндеті және соның көмегімен тәжірибенің өзін жетілдіру. Дьюи, алдыменен әлеуметтік өмірді қайта құрып, адамдардың өмірін жақсарту деп түсінген болар. Ол үшін ол білім жүйесін өзгертуді ұсынады. Шындығында, қай мемлекетте болмасын орта және жоғары білімнің деңгейінің төмендегені баршаға аян. Оның ұсынған педагогикалық жүйесін қатты сынаған, бірақ ол осы мәселені қоя білді. Ағарту, білім жүйесін реформалау қоғамды жетілдірудің шешуші құралы немесе әдісі.

Тәжірбиені жетілдірудің тағы бір жолы «жоғарғы технологияның» ғылыми әдістерін пайдалану. Адамзат ғылыми техниканы жетілдіруде көрнекті нәтижелерге жеткенімен, солардың ғылыми әдістерін қоғамды басқаруға, саясатта, әлеуметтік өмірде қолданбады. Әуелі, осы ғылымдардың әдістерін, білім алуға қолдану керек. Ол үшін ғылыми әдістерді логикалық қайта құрудан (реконструкция) өткізу парыз. Сонымен, тәжірибені реконструкциялаудың үшінші жолы – ойлауды жетілдіру. Дьюи эмпирикалық сипаттағы ғылыми әдісті қолдануда қиыншылықтар кездеседі дейді. Ондай қиыншылықтардан шығудың жолы логиканы, қалай түсінетіні туралы, көпшілік қауымға арналған. «Біздер қалай ойлаймыз?» деген еңбегі бар.

Адамның тәжірибесі (адамның өмірі) өзгерісте болғандықтан, айқын емес, тіпті кейде қатерлі, тұрақсыз. Тәжірибе тәуекелмен (риск) байланысты. Адам барлық істе, тұрақтылықты, айқындылықты қажет етеді. Осыған жауапты,Дьюи Платон философиясынан табады. Платон дүниені екіге, идеалды және материалды дүниеге бөлген. Материалдық дүние сезім арқылы қабылданады, сондықтан оны көрінген таный алады, ал идея дүниесіне ақылдың көмегімен жететін болғандықтан оған ерекше қабілет керек. Сезімдік таным қарапайым, физикалық еңбекпен айналысатын білімсіз адамдарға, құлдарға, жер өңдеушілерге тән, ал идеялар рухани дамыған, білімді адамдардың үлесі.

Осындай, әлеуметтік еңбек бөлісі ертеден келе жатыр және екі дүниетанымды қалыптастыруға себебін тигізді (материалистік, идеалистік). Бірақ, ол уақыт өтті, қазіргі демократиялық қоғамда қол еңбегі мен ой еңбегін қарсы қоюға негіз жоқ, олардың арасы жақындасқан сайын бірте-бірте өше бастайды. Жалпы, Дьюи абсолютті білімге, ақиқатқа қарсы. Кейбіреулер – дейді Дьюи, жетілген қоғамды, жетілген білімді және басқа да игіліктерді дайын күйінде алғысы келеді, өйткені олар адамның табиғаты өзгермейді деп сенеді. Шыңдығында адамның табиғаты құбылмалы.

Дьюи, абсолютті ақиқат, яғни өзгермейтін, толысып біткен білім болмайды – дейді. Егер теория немесе пайымдау, алға қойған мақсатымызды, жоспарымызды іске асыруға көмектесіп, дұрыс нәтиже берсе, онда біздер алғыс айтқандай оларды (теорияны) ақиқат білім деп атаймыз. Осындай пікір тек Дьюиге емес, барлық прагматисттерге тән.

Сонымен, білімді алудың процесін Дьюи төмендегіше түсіндіреді. Ғылыми әдістің, ғылымның жалпы және негізгі міндеті адамды ортаға барынша толық бейімдеу, адамның қызметіне жағдай жасау.

Сондықтан да, танымның және зерттеудің барысында қолданылатын ұғымдарды Дьюи мақсатқа жетудің құралы, инструменті ретінде анықтайды.

Осыдан, Дьюидің концепциясын инструментализм деп атайды.

Сонымен, адамды ортаға қалай бейімдеу керек? «Ортаға бейімделу» деген сөйлем тым жалпы айтылған. Шындығында, адамның іс-әрекеті нақты жағдайларда өтеді, нақты мақсаттарды шешуге бағындырылған. Ондай міндеттер әр түрлі болуы мүмкін. Осындай, қандай да болмасын проблеманы шешу алдында тұрған адамның ситуациясын Дьюи – проблемалық ситуация деп атайды. Жол айырығында қайда барарын білмей тұрған адамның ситуациясы осыған мысал бола алады. Осындай ситуацияға түскен адам қобалжиды, өзін жақсы сезінбейді, өйткені анық емес, соңы не болары белгісіз шешілмеген проблема күтіп тұр. Дьюи осы проблемалардан шығудың жолдарын көрсетуге талпынған.

Дьюидің түсінуі бойынша, ғылыми әдіс, идеялар, теориялар проблемалық ситуацияны шешуге көмектесе, сенімді болса, онда оларды ақиқат білім деп атаймыз, ал егер сенімсіздік тудырса, шатастырып жіберсе онда олар жалған.

Сонымен, идеялар, теориялар пайдалы болса, табысқа жеткізсе ақиқат деп айта аламыз. Дьюидің инструменталдық әдісімен жалпылай таныстық.

Енді, осы әдісті бір-бірімен тығыз байланысты моралдық, саяси, құқықтық сфераларға қалай қолданғанына көңіл бөлейік.

Гректерден бастап, дейді Дьюи этикалық теория «жоғарғы игілікті» яғни, бірде «қамсыз өмір», бірде «бақыт», бірде «құдайға сүйіспеншілік», бірде атараксия деп аталған игіліктерді іздеумен әуре болды.

Дьюи жоғарғы игіліктің барлық варианттарын қажет етпейді. Ол мақсаттар, игіліктер нақты болу керек. Игілік деп байлықты, деңсаулықты, достықты, әділдікті, білімділікті т.б. атаймыз. Денсаулық, байлық, білімділік сияқты игіліктердің соңына жету мақсат емес, сол бағыттағы өну, өсу, тәжірибенің үздіксіз процестігі, мақсат. Қандай да болсын мәселелердің өзіне лайық шешімдері бар.

Игілік соңында емес, жолында. Игілікке жету жолындағы тынбай іздену, өзіңді жетілдіру – нағыз мақсат.

Прагматикалық әдісті (ғылыми) әлеуметтік-саяси ситуацияларға пайдалану Дьюидің пікірінше жақсы нәтижелер береді.

Дьюи, Америкадағы демократияның тағдырына алаңдап, ондағы әлеуметтік Қайшылықтарды шешудің жолдарын қарастырады. Ол жол - әлеуметтік реконструкция. Оның басты принципі қандай да болмасын өктем, күш көрсету әрекеттерден бас тартып, тек бейбіт құралдарды пайдалану. Демократиялық мақсаттарды іске асыру демократиялық әдістерді қажет етеді. Адамның өмірі, жеке, нақты проблемалардан тұрады. Олар: білім алу, тәрбие, кәсіпкерлер мен жұмысшылар, этникалық топтар арасындағы қатынас сияқты көптеген проблемалар. Осыларды, біртіңдеп, асықпай шешуге болады. Қоғамды қысқа мерзім аралығында, тез өзгерту мүмкіндігіне үміттенбеу қажет. Түбегейлі әлеуметтік өзгерістерге жетудің құралы адамдарды оқытып тәрбиелеуде ғылыми әдістерді және жоғарғы технологияны қолдану тиімді.

Дьюидің ықпалы Америка Құрама Штаттарынан тыс жерлерге жайылды. Ол Қытайда тәрбие реформасы туралы дәрістер оқыды. Жапонияда, Түркияда қызмет істейді. Оның негізгі еңбектері: «Демократия және тәрбие», «Мектеп және қоғам», «Философиядағы реконструкция»

У. Джемс – физиолог, психолог, “Психология принциптері” атаулы еңбек жазған, Пирстің идеясын насихаттаушы, дамытушы ретінде белгілі.

Өзінің философиялық дүние танымын “радикалды эмпиризм” деп атап, прагматизмді философиялық қиыншылықтан шығудың әдісі және ақиқат теориясы деп түсінген. Джемс философияға психологиядан келгеннен кейін ол тұлғаның рухани өмірімен көп айналысып, философияның барлық мәселелерін жеке тұлғаның мүддесі тұрғысынан қарастырады. Қандай да болмасын философиялық мәселелерді Джемс олардың мазмұны жағынан емес, субъектігі қатыстығы жағынан қарастырады. Оның ықыласы адамның санасындағы болып жатқан өзгерістер. Адамды қоршаған табиғи ортаны білу қажет және пайдалы болуы мүмкін, дейді Джемс, бірақ философиялық мәселелерді түсінуге ешқандай қатысы жоқ.

Джемс философиясының негізгі ұғымы “тәжірибе”. Тәжірибеден басқа ештеңе жоқ. Джемс тәжірибенің объективті жағын емес субъективті адами мазмұнын (сезіну, қобалжу) қарастырады. Тәжірибе сананың ағыны, мазасызданудың ағыны, яғни көрінген сезімдерді, эмоциялық жағдайларды, көңіл-күйлерді біріктіреді.

Британ эмпиризмінің дәстүрін сақтай отырып, Джемс тәжірибенің ішінен, соның негізі ретінде түйсікті бөледі. “Түйсік қайдан келгені белгісіз, бізге күшпен ендірілген”. Тәжірибенің негізін түйсік деп білген Джемстің Беркли мен Юмның сенсуализміне жақын екендігін байқауға болады. Бірақ, Джемс пікірінше заттар белгілі, анық заттар ретінде тәжірибеде берілмеген, өйткені тәжірибе түйсіктердің ажырамаған ағыны. Ол заттарды сол ағыннан субъект өз еркімен, жігерімен бөліп “кесіп” алады. Адамның жігері, еркі іс-әрекетпен тығыз байланыста. Сонымен, бізді қоршаған айқын, нақты рас дүниені өзіміз жасаймыз.

Адам алдына мақсат қояды, соған жетудің құралын өзі таңдайды. Адам табиғаттың бөлігі, күші емес, ол жігерлі, белсенді, сезімтал, әрекетші тұлға.

Әрекетті, прагматистер, практикалық әрекет емес рухани әрекет деп біледі. Әрекет арқылы дүние жасалмайды, өзгермейді, тек түйсіктер өзгереді. Әрине, түйсіктер біздің бақылауымыздан тыс жатыр. Бірақ қай түйсіктерге көңіл аударамыз, байқаймыз, ол біздің ықыласымызға тәуелді. Біздер, бір фактіні әр түрлі оқимыз. “Ватерлоо...” ағылшындар үшін “жеңіс”, француздар үшін “жеңіліс”.

Рас дүниенің мазмұны таңдауға тәуелді, ал таңдау субъектіге тәуелді. Рас дүние өзі туралы ештеңе айта алмайды. Ол туралы біз айтамыз. Ол туралы не айтқымыз келсе соңы айтамыз – дейді Джемс, өйткені әлем біздің ырқымызға көнгіш.

Адам дуниені ақиқат жүйелері арқылы қабылдайды. Ақиқатты жасайтын адам. Ақиқатты, Джемс жалпы прагматистер жақсы “жұмыс” жасайтын, табысқа жеткізетін, пайда әкелетін идея деп түсінеді. Егер идея тәжірибе кедергілеріне сүріндірмей алып шықса, біз оны ақиқат дейміз, өйткені пайдалы, немесе ол пайдалы, өйткені ақиқат.

Ақиқат өзін ақтайтын сенім, деп Джемс, Пирстің “сенім” терминінде пайдаланады. Джемс тірі кезінде көпшілікке танылған философ еді. Ол діншіл жанұяда тәрбиеленгендіктен өзінің философиясында діни мәселелерге көп көңіл бөлді. Адамдар өздерін Әлемде қауыпсыз сезінуі үшін дінді қажет етеді. Құдайға сену арқылы адам өзінің тағдырын сәтті ұйымдастыруға талпынады. Сенімнің пайдасына келтіретін ешқандай логикалық, космологиялық және тағы басқадай негіздер жоқ, ал болатын болса ол адамның эмоциялық табиғаты. Басқаша айтсақ, адам сенуге құштар. Дінге сену арқылы адам эмоциясы қанағат табады. Сенім пайдалы. Егер адам қалтқысыз сенсе, қойған мақсатқа жетудің мүмкіндігі көбейеді.

Жалпы, Джемс өзінің “радикалды эмпиризмін” және ақиқат теориясын діни сенімді ақтау үшін кеңінен пайдаланады. Діни сенім адамның өмірін, қылығын өзгертеді, яғни оның салдары көбінесе жақсылықпен аяқталады. Сондықтан, прагматикалық ақиқат теориясы бойынша оны ақиқат деп мойындауымыз керек.

Джемстің шығармалары: “Психологияның негіздері”, “Прагматизм”, “Плюралистік дүние”.

Марксизм философиясы.Гегельшілдерден шыққан философиялық ағымдардың көрнектісі марксизм философиясы. Осы ағымның негізін салушылар К Маркс (1818-1883) және Ф. Энгельс (1820-1885) 1840 жылдардың басында кішігегельшілдердің сол қанатына косылып, кейіннен 1840 жылдардың ортасында материалистік позицияға көшеді.

Олар Гегельмен және Фейербах шығармашылығына сүйеніп, идеалистік диалектиканы, антропологиялық материализмді ой елегінен өткізіп жаңа философиялық бағытты – диалектикалық материализмді құрды. Маркс және Энгельстің қоғамға қатысты ілімі – тарихи материализм атауымен белгілі.

Диалектикалық материализмнің негізіне материалистік принцип тұрғыдан қайта құрылған Гегельдің диалектикасы салынды. Болмыс сананы анықтайды. Сана материяның қасиеті. Материя тұрақты қозғалыста, дамиды. Дамудың негізгі факторы - практика. Даму диалектиканың заңдарымен іске асады. Дамудың қайнар көзі – қайшылық.

К. Маркс және Энгельс философия тарихында бірінші рет қоғамды диалектикалық-материалистік тұрғыдан қарастырды.

Өндіргіш күштермен өндірістік қатынастардың диалектикасына көп мән берілді Тарихты материалистік тұрғыдан түсіну олардың философиялық жаңалықтары еді.

Маркс «Саяси экономияға сын» кітабының кіріспесінде осы жаңалықтың мәнін былайша жеткізді. Қоғам дамуының әрбір сатысында адамдар өздерінің өмірін қамтамасыз ету үшін өздерінің еркінен тыс өндірістік қатынастарға кіруге мәжбүр болады. Өндірістік қатынастар, өндіргіш күштердің деңгейі экономикалық жүйені, базисті құрастырады. Мемлекеттік, қоғамдық институттар және қоғамдық қатынастар экономикалық базистің қондырғысы болып табылады. Олар, яғни базис және қоңдырғы өзара байланыста, бір-біріне әсер етеді.

Өндіргіш күштердің даму деңгейі өндірістік қатынастардың өзгеруіне, және қоғамдық-экономикалық формацияның, қоғамдық-саяси құрылыстың ауысуына алып келеді. Қоғам өзінің даму барысында бірнеше сатылардан немесе экономикалық формациялар, бір-бірінен өндірістік тәсіл арқылы айырылады, яғни өндіргіш күштердің даму деңгейіне байланысты.

Капиталистік қоғамның «анатомиясын» зертей келе Маркс және Энгельс адамның саналы іс-әрекетін және жануарлардан айырмашылығын еңбек арқылы анықтайды.

Марксизм философиясы туралы қазақ тілінде шыққан еңбектер баршылық, сондықтан, марксизм философиясының идеяларымен толығырақ танысу үшін Т. Ғабитов құрастырған «филосфия» оқулығын, Д. Кішібеков, Қ. Әбішев А. Қабаева жазған оқулықтарын пайдалану керек.

 

Антропологиялық бағыт

Философиядағы осы бағыт үш негізгі мектепті құрайды:өмір философиясы, экзистенциализм және философиялық антропология.

Иррационализм ақылдың мүмкіндігін мойындамайтын санадан тыс қабілеттерге, интуицияға, инстинкке, ерікке басты көңіл бөледі.

Өмір философиясында – иррационализм басқаларға қарағанда күштірек байқалады. Оның өкілдері: А. Шопенгауэр, Ф.Ницше, В. Дильтей, Г. Зиммель және А. Бергсон.

Өмір философиясының қалыптасуына Артур Шопенгауэрдің философиясы әсер етті.Оның негізгі шығармасында («Мир как воля и представление») дүниені өмірге деген құштарлық идеясы арқылы түсіндіреді. Ойдың құндылығы күмәнді, ал адамның еркі ерекше жағдай, ол санада емес, іс - әрекетте емес. Ой арқылы адам дүниені ерік ретінде таниды. Әр адамның, басқаларды мақсатқа жеткізудің құралы ретінде, немесе кедергі ретінде қарастырады. Әр адам басқалармен күресіп, өмір кешпек. Әлеуметтік құрылым (мемлекет) өзімшілдікті жоюға дәрменсіз. Өмірде мән жоқ, адам ешқашан да қанағат таппайды. А. Шопенгауэр философиясының онтологиялық мәселелерімен айналыспайды, өйткені ақиқатта, әділеттікте жоқ, тек өлім алдындағы қорқыныш бар. Адамның бақыты көмескі, отырып, адамның мінез – құлқын қалыптастыратын қуатты құрал. Адам өзінің тағдырының иесі емес, шексіз өмір мұхитындағы қалқып жүрген қағаздан жасалған кеме. А. Шопенгауэрдің иррационолистік идеясымен танысқаннан кейін Ф.Ницше оның концептуалды идеясын ары қарай жалғастырады. Ф. Ницшенің пікірінше қоғамның қозғаушы күші «өмірге деген ерік» емес «билікке деген саналы Ерік». Осыған байланысты Ницше барлық адамзаттың құндылығын сынға алады. Дүниенің құндылығы жоқ, ал өмір қатыгез ойын. Осы ойында орташа, шамалы қабілеті бар адам жеңіп шығады, өйткені қабілетті рухтары күшті адамдарға қарсы тұрғандар қалың ұйымдасқан тобыр. Билікті күшті адамдар жүргізуі керек.

1884 жылы Ницше «Заратустра осылай деген» философиялық поэмасында ол күштілердің міндетін негіздеуге талпынған. Адам өз еркімен құл болғысы келмейді, би болғысы келеді. Қоғамдағы адамдардың көпшілігі билікке құмар. Ф.Ницше христиандық дінді жоққа шығарады, өйткені әлсіздерді қорғайды, ал күштілерді қорлайды. Кім әлсіз, күшті болса, басқара алмаса , солар діннен жұбаныш іздейді. Осындай адамдардың тобырлық инстинктісі дамығандығы соншалық олар біреуге табынғысы,бағынғысы келіп тұрады. Тарихта мақсат жоқ, ілгерілеу жоқ, тек қайта оралу, күштілермен әлсіздердің арасындағы бітпейтін күрес бар.Заратустра адамдарға «Құдай өлді!» - «Қараңдар, мен сендерді «Керемет адам туралы үйретем!. Керемет адам - өмірдің мәні» - деген екен.Ницшенің ілімі дәстүрлі философиядан алшақ, біркелкі емес, қайшылығыда мол.Ницшені әркім өзінше түсініп жүрді, айыптады да, бірақ, Ницшеандық философияның 20 ғасыр философиясына әсерін ешкім жоққа шығара алмайды.

Анри Бергсон – 20 ғасырдың бірінші жартысында француз философтарының ең беделдісі. Оның философиясы танымның нәтижелері теориялар, ұғымдармен шындық дүниесінің арасындағы алшақтыққа арналған. Бергсонның алдына қойған мақсаты таным теориясын өмір теориясымен толықтыру. «Өмір» - нағыз алғашқы шындық. «Өмір» ұстатпайды, себебі адамның ойы дәрменсіз. Өмірдің мәніне тек интуицияның көмегімен жетеміз. Интуицияны Бергсон интеллектке қарсы қояды. Интеллект – «өлі заттармен» айналысады, рухқа емес, материяға бағынышты. Өмір үздіксіз ағын. Өмір кеңістікте өтпейді, уақытта өтеді. Дүниенің мәні «уақыт», бірақ бұл физикалық уақыттан өзгеше «сапалы» «тірі уақыт». Интеллект және интуиция туралы ілімін Бергсон өзінің органикалық дүниенің эволюциясы концепциясында негіздейді. Өмір – космостық процесс. «Өмірдің екпіні» - творчестволық ағын болғандықтан адамның шығармашылығы арқылы іске асады. Өмірдің екпіні әлсірегенде өмір ыдырайды, яғни жансыз затқа айналады.

Эволюцияның мақсатын алдан емес, өткеннен іздеу керек. Өткендегі алғашқы «қопарылыс» - өмір процесстерінің үздіксіз ағынын, сапалық өзгерістерді қамтамасыз етеді. Интеллект және интуиция алғашқы кезде бірлікте болады да, кейін эволюцияның барысында бір бірінен ажырайды. Ол қоғамды жабық және ашық деп бөледі. Жабық қоғам – сол кездегі әлеуметтік құрылымның тұрақтылығын сақтау мақсатында ықтиярсыз көндіру арқылы шыққан қоғам. Осындай қоғамда тұлға ұжымға бағынышты, ал ақиқат – пайданың құрбаны, сондықтан жабық қоғам эволюциясы тұйыққа тіреледі. Адамзаттың эволюциясы өмірін ендігі ашық қоғамда мүмкін. А. Бергсонның ілімін 20 ғасырдың бірінші жартысындағы философиялық романтизмі ретінде бағалауға болады.

В.Дильтей – Гегель философиясын сынайды, өйткені ол бүкіл дүниені және қайталанбас адам өмірін идеямен түсіндіреді. Философияның негізінде идея емес «өмір» жатыр. Дильтейдің пікірінше, философия материя, сана, диалектика, т.б туралы «схоластикалық» дискуссияны тастап, өмірді ерекше құбылыс ретінде зерттеуі керек. Өмір адам болмысының дүниедегі тәсілі. Философия (« рух туралы ғылым») өмірді табиғатпен салыстырмай өзінен түсіндіруі керек. Осыған байланысты Дильтен «түсіну» әдісін ұсынады. Түсіну интуиция сияқты өмірдің тереңіне үңілу.

Табиғат туралы ғылымдар сыртқы тәжірибемен байланысты болғандықтан «түсіндіру» әдісін пайдаланады. Өзіңнің ішкі дүниеңді түсіну интроспекция (өзіңді бақылау) арқылы, басқа адамды түсіну – онымен «бірге күйзелу», арқылы, өткен мәдениетті түсіну интерпретация әдісі (герменевтика) арқылы іске асады. Дильтей тарихтың прогресс бағытын даму заңдылығын мойындамайды. Тарих кездейсоқ оқиғалардан құралады, сондықтан оған әсер ету мүмкін емес.

Дильтейдің гуманитарлық білімдердің методологиялық принциптерін Г.Зиммель жалғастырды. Өмір қалыптасу барысында мәдени – тарихи формалар немесе мәдениет «дүниелері» : дін, өнер, ғылым, философияны т.б. жасайды.

Философия дүниенің тұтастығын, тұтас дүниені көре білуі керек. Өмір өзін шектеу арқылы іске асады. Мысалы, ол шек - өмір. Өлім сырттан келмейді, өмір оны өзімен алып жүреді.

Зиммель социологияның классигі.

Философиялық антропология -осы аталған бағыттық өкілдері М.Шелер, Х.Плесснер, Э.Ротхаккер, А.Гелен, М.Ландман адам болмысының біршама мәселелерін ауқымдырақ қарастыруға талпынған. М.Шелер «Адамның космостағы жағдайы» және Х.Плесснер «Органикалықтардың сатылары және адам» атаулы еңбектерінде ХХ ғасырда адам мәселесінің шешілуі күрделеніп кетгендігін атап атайды. Сондықтан, олар адам туралы ғылымдардың нәтижелерін қорытып, адамды «эксцентрикалық» яғни басқаға ұқсамайтын тіршілік иесі ретінде қарастырған. Шындығында, олар адамның табиғатқа, қоғамға, өзіне, қатынастарын, адамның шығу тегін, әлеуметтік, метафизикалық негіздерін, оның болмысының заңдылықтарын арнайы зерттеген.

Философиялық антропологияның ең беделді өкілі М.Шелер философияның негізгі проблемаларын бір сұрақтың аясына яғни адам мәселесіне сиғызуға болады десек артық айтпаған болар едік дейді. Осыған байланысты ол адам болмысын толық қамтитын философиялық бағдарлама құрастырды. М.Шелердің адам мәселесін адам мен жануарларды салыстыру арқылы яғни ғылыми биологиялық және психологиялық мәліметтерді пайдаланы түсіндіруін оның ізбасарларыда қолдады. Егер жануарлар табиғи ортаға тәуелді болса, адамдардың мінез – құлқы табиғи жағдайларға қатаң бағынбайды. Адам ерікті «іскер» тіршілік иесі, өйткені оның рухы бар. Биологиялық тұрғыдан адам жетілмеген, бірақ оның рухы биологиялық шектеулігінен шығып дүниеге бейімделуге мүмкіндік туғызады. Адам өмір сүру үшін мәдениетті жасайды, сондықтан да ол биологиялық жан емес.

Философиялық антропологияның өкілі Арнольд Гелен адамды «әлі анықталмаған жануар», оның жануарлығы «аяқталмаған» және «бекімеген» деп сипаттайды. Барлық сүткоректіліктерден адамның айырмашылығы оның биологиялық тұрғыдан жетілмегендігінде, инстинктерінің нашарлығында. Осыдан адам «дүниеге ашық». Сондықтанда, ол икемді, үйренуге қабілеті бар. Адам өзінің болмысын толассыз жасауға икемді рухани жан.

Осы бағыттың негізін салушылардың бірі Г.Плеснер адамның жануарлардан айырмашылығын оның «эксцентрикалық позициясынан» іздейді «Эксцентрикалық позиция» деп Плеснер адамның күлкіге немесе жылауға бейімделігін айтады. Түсінксіз бір жағдайларға тап болғанда, адам оны қалай қабылдайтындығын білдіруі керек. Ондай (эксцентрикалық) кабілеттен жұрдай жан (жануарлар сияқты) жағдайға баға бере алмайды, тіпті аңғармайды, байқамайды, ал рухани жан – адамның ғана қуануға немесе қайғыруға, күлуге немесе жылауға қабілеті бар дейді Плеснер. Өзінің ілімін «мәдени антропология» деп атаған Э.Ротхаккердін пікірінше адамды құпия, жұмбақ дүние қоршаған. Осы дүниеден адам өзінің дүниесін құрастырады. Ол дүние тіл арқылы іске асады. Ротхаккер тілді адамның іс - әрекеінің жасампаз құралы деп бағалайды.

Философиялық антропология адам туралы ғылымдардың дамуына игі әсерін тигізгеніменен, философияда айтарлықтай жалғастырушылары болмады. Дегенменде, олардың негізгі идеялары қазіргі замандағы қоғамның санасында із қалдырғандығына күмән келтірмейміз.

Экзистенциализм – антропологиялық бағыттағы мектептердің ең беделдісі. ХХ ғ. 20 жылдарынан бастап, дәлірек айтсақ бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін қалыптасқан ағым. Экзистенциализм (лат. еxixtenia - тіршілік) философиясының қалыптасуына С.Кьеркегордың философиясы, Ф.Ницшенің волюнтаризмі және Э.Гуссерлдің феноменологиясының ықпалы күшті болды деп саналады. Сонымен бірге экзистенциалистер көркем әдибиетке сүйенеді. Әсіресе, Ф.Достоевский, Ф.Кафка мен Р.Рилькенің шығармаларындағы мәселелерді олар философиялық әдістерді пайдалану арқылы шешуге талпынды. Ж.П.Сартр, А.Камю өздерінің идеясын көркем шығармалар жазумен жеткізді.

Экзистенциалистердің негізгі тақырыбы – адам болмысы, оның өмірінің мәні, күнделікті тіршілігі, адамның тұлғалық қасиетінің бірегейлігі, оның ішкі сезімімен қоршаған өмір арасындағы қайшылық. Дәстүр бойынша осы философиялық бағытқа М.Хайдеггер, К.Ясперс, Г.Марсель, Ж.П.Сартр, А.Камюді жатқызады. Экзистенциализмнің діни бұтағын К.Ясперс, Г.Марсельді, ал атеистік деп М.Хайдеггер, Ж.П.Сартр А.Камюді атайды.

Экзистенциализмнің негізгі ұғымы – экзистенция. Экзистенция – тұлғаның ішкі рухани тіршілігі, оның терең негізі. Бірақ, адамдар күнделікті күйбің тіршілікпен алданып оған мән бермейді. Тұлғаның жасырын қасиеттері қиын – қыстау жағдайда, өмір мен өлім қыспағында қалғанда ашылады. Экзистенциалистер адам болмысын түсіну және ғылыми ұғымдар тілімен жеткізу мүмкен емес дейді. Ғылым болмыстың өзін танымайды, тек оның жеке фрагменттерін таниды. Ғылымның өмірге бағыт беретін көмегі жоқ, адам мәселесін шешуге дәрменсіз. Адам өмірі қайталанбайды. Сыртқы дүние адамды билемейді. Адам өзі - өзіне себеп. Адам еркін ал еркіндік деп экзистенцияны айтамыз. Еркіндік адамның басына түскен ауыртпалық. Одан қашып құтыла алмайсың. Әрине, адам өзінің еркіндігінен өз еркімен босануы мүмкін. Бірақ, онда ол тұлға емес, біреуге (қоғамға) тәуелді. Онда, ол ешқандай жауапкершілікті сезінбейді. Ондай адам, өзінің қасіретке толы өмірі үшін өзін кінәламайды, қоғамды, мемлекетті кінәлайды.

Адамның еріктілігі – таңдай білуде, жауапкершілікте. Таңдау деп күнделікті өмірде, не киінем, не жеймін дейтін таңдау емес, адамның болашақ тағдырына байланысты таңдау. Ондай шешімді Сартр экзистенциалды таңдау дейді. Тек оның жеке басының шешімі ақиқат шешім болады да, тек сонда ғана ол «экзистенцияны» жүзеге асыра алады. Осыған байланысты мынадай бір мысал келтіруге болады.

Францияны Гитлерік Германия оккупациялаған кезде фашистер бір жас француздың шешесің атып тастайды. Шешесінен айырылған жас француз Ж.П.Сартрға келіп, мен енді не істеймің, дейді. Сартр, өзің қандай шешімге келдіңіз деп сұрайды. Менің шешімім, қарсыласу қатарында қалып немістерден кек алу, дейді жігіт. Олай болса сөйтініз, дейді Сартр. Бірақ, дейді жігіт, немістер өш алу үшін ағаларымды атып тастауы мүмкін, сондықтан Англияға өтіп кетемін бе деген тағы бар шешімім бар. Жақсы, онда Англияға өтіңіз дейді Сартр. Дегенмен, дейді онан әрі жаңағы жас жігіт, Ламанштан өтіп бара жатқанда немістер мен жүзіп бара жатқан кемені батырып жібере ме деп те қорқамын. Ендеше сізге Францияда қалу керек дейді Сартр. Адам өзінің тағдырын өзі шешеді өзін жасайды деген принцип экзистенциализмнің негізгі принциптерінің бірі.

Экзистенциализм философиясының кейбір өкілдеріне қысқаша тоқталайық:

К.Ясперс (1833-1969) – неміс ғалымы және философы. Экзистенциализмнің діни бағытын ұстанған. Ясперс философиясының өзегі – «шекаралық жағдай» (пограничная ситуация) – ауру, өлім, қасірет және басқадай адамның басына төнген ауыртпашылықтар. Оның пікірінше адам табиғат және қоғамның объективті заңдылықтарын игеруге дәрменсіз, тым әлсіз. Өмір ағын, алмасып, өзгеріп отырады. Адам өмірінің шегі бар. Күнделікті күйбің тіршілікпен алданып, адам өзінің өткінші екенің және келешекте өлім күтіп тұрғаның есінен шығарып алады. Тек «шекаралық жағдайдың» қыспағында қалғанда. Өліммен өмірдің не екені туралы ойланғанда адам өзінің тұлғалығын сезеді. Осындай ситуациядан шығудың жолы трансцендентальды – жоғарғы болмыспен яғни құдаймен бірігу. Құдаймен бірігу арқылы адамның жасырын мүмкіншіліктері сыртқа шығып өмірдің құрсауынан құтылады.

М.Хайдеггер (1889 - 1976) – неміс философы. Философтың қойған негізгі сауалы – болмыстың мәні адамның іс - әрекеті арқылы ашылады. Егер адамның өмірінде өлімге бағытталған болашақ басым болса, онда адамның болмысы нағыз тіршілік. Егер адам бүгінгі күнмен (қазір, осында) өмір сүрсе, онда оның болмысы нағыз болмыс емес, өйткені ол «заттар дүниесінең немесе әлеуметтік ортадан шыға алмай өзінің бет – бейнесінен, тұлғалық қасиетінен айырылады. Жалған болмыстың адамы көпшіліктің арасынан суырылып шығуға талпынбайды, өйткені өзінің қимыл – қылығы үшін жауап беруі керек. Жалған болмыстың адамы өзінің келешегін көрмейді, «тобырдың» психологиясынан айырылғысы келмейді».

Нағыз болмыстың адамы - өзінің тарихын, еркіндігін сезетін адам. Ондай сезіну ерекше дацындықты қажет етеді. Өлім алдындағы адам нағыз болмысты іздемейді және соған жетуге талпынады. Өлім адамның қасында. Сондықтан адам өзінің өмірінің соңы - өлім екенің біле отырып болмыстың мәнін аша алады. Ол үшін дейді М.Хайдеггер – адам болмысты тыңдай білу керек. Болмысты тыңдау – тіл арқылы жүрмек. Тіл – болмыстың үйі. М.Хайдеггердің негізгі шығармасы – «Болмыс және уақыт».

Ж.П.Сартр (1905 - 1980) – француз философы, жазушы. Өзінің шығармаларында тіршілік және мән, еркіндік, таңдау, жауапкершілік және олардың ара қатынастары туралы мәселелерді көтереді. «Экзистенциализм – бұл гуманизм» трактатында осы аталған категориялардың мағынасын былай түсіндіреді: айталық, кәсіпші пышақ жасамақ ойы бар екен. Ол не жасайтын алдын ала біледі де жасайды. Мұнда заттың мәні оның өмірінің алдында. Адаммен олай емес. Жас сәби туады, яғни оның өмірі бар, бірақ оған әлі адам болуы керек, өзінің мәніне жетуі керек. Тіршілігі бола тұра, ол кейіннен адам болады. Сондықтан дейді Сартр адамға анықтама бере алмайсың, өйткені алғашқы кезеңде ол ештене емес. Ол кейіннен адам болады, тіпті оның адам болуы өзіне байланысты. Өзін қалай жасаса, солай болмақ. Осыдан еркіндік мәселесі шығады. Еркіндік адамның маңдайына жазылып қойылған, оның тұрақты серігі. Адам өзінің болмысын еркін таңдайды. Осы таңдауы үшін ол жауапкершілікті сезінуі керек. Бірақ өзінің өткінші жан екендігін білген адам жауапкершілігін толық сезіне алмайды. Жауапкершілік – қоғам, отан ата – ананың алдындағы жауапкершілік емес, экзистенциалды жауапкершілік.

А.Камю (1913 - 1960) – француз философы, жазушы. Камю философиясының негізгі тақырыбы - өмірдің мәнсіздігі, мағынасыздығы (абсурд). Дүние үйлесімді, заңды ұйымдасқан деп түсіну, біздің семіміздің адасқандығының нәтижесі. Адам шым – шытырық (хаос) дүниеде өмір сүруде. Осындай кездейсоқтық үстемдік еткен өмірдің мәні жоқ. Мәнсіздік, мағынасыздық, Камю философиясының негізгі принципі. Осындай өмірден құтылудың екі жолы бар. Біріншісі - өзін өзі өлтіру. Бірақ Камю, ол жолды қаламайды. Екінші жол – наразылық, бүліншілік. Біздер, дейді Камю, әлеуметтік ортаны өзгертуге, талпынамыз. Наразылық арқылы басқа адамдармен бірігеміз. Бүліншіліктің шегі бар. Оның логикасы қирату емес, яғни бүліншілікті революция деп түсінбеу керек. Бүліншілік (бунт) – адамның болмысының, өмір сүруінің амалы.

А.Камюдің идеялары «Сизиф туралы аңыз», «Оба», «Бөтен», т.б. шығармаларында көрініс табады.

Экзистенциализм – рухани өмірдің өте күрделі және қайшылығы мол қубылысы. Оған бір нақты баға беруге болмайды.

 

4 Діни – философиялық бағыт

 

Неотомизм– католиктердің діни – философиялық мектебі (жаңа томизм). Ортағасырлық схоласт Фома (Томас) Аквинскийдің іліміне негізделген Неотомизмнің қалыптасуы XIX ғасырдың 70 жылдарында өтті, және сол жылдардағы Бірінші Ватикан Соборының шешімімен байланысты.Папа Лев XIIIэнцикликінде (энциклик – рим папасының барлық католиктерге арналған жолдауы) Фома Аквинскийдің ілімі нағыз ақиқат және “мәңгілік” философия деп жарияланды. Неотомизмнің көрнекті өкілдері: Папа Иоанн Павел II, діни философтар Ж. Маритен, Ю. Бохенский. Неотомизм қазіргі діни философияның Европа мен Америкада зерттеу орталықтары, баспалары бар беделді ағым. Осы ілімнің негізгі принципі ақыл мен сенімнің бір бірімен үндестігі. Ақыл мен сенім бір-бірін жоққа шығармайды: олар Құдайды танудың екі амалы, Неотомизм ақиқатты жетудің үш формасын ғылымды, философияны, теологияны атайды. Ең төменгі сатысы ғылым құбылыстарды ашып, олардың арасындағы байланыстарды анықтайды. Философия – рационалды танымның ғылымнан жоғары сатысы. Ол болмыс туралы, және заттардың мәні туралы ілім. Бірақ, философияның басты міңдеті барлық дүниенің алғашқы себебі, барлық заттардың соңғы мақсаты Кұдайды тану. Теология бір мезгілде рационалды білімнің шыңы және рационалды емес білім (ақылдан жоғары). Христиандық догматтарды тек теология түсіндіре алады.

Неотомистер онтологиясында нағыз болмыс – материалдық емес дүние, мәндік дүние. “Өзінше болмыс” – трансцендентті, өйткені ол Құдайдың болмысы.

Неотомизмнің таным теориясын (гносеология) “реализм” деп атауға болады (схоластиканы еске түсірейік), өйткені нағыз шынайы-реалды, адамнан тәуелсіз идеалды мән-Құдай. Барлық мүмкін болатын заттар Құдайдың ақылында бар. Адам дегеніміз алдымен өлмейтін адамның жаны.

Құдай жасағанның барлығы сатыларға бөлінген. Төменгі сатысы – органикалық емес дүние (минералдар). Одан жоғары өлетін жаны бар өсімдіктер мен жануарлар. Ары қарай адам мен періштелерге орын берілген. Тіршіліктің тәжі – Құдай болмысы.

Құдай дүниені жасады, яғни өз болмысының ізін қалдырды. Осының өзі-ақ құдайдың барлығын дәлелдейді. Неотомистердің көздеген мақсаты Католицизмнің дұрыс, ақиқат ілім екендігін дәлелдеу. Ол үшін, олар кейбір ғылыми идеялармен, жаңалықтарды христиандық іліммен байланыстыруға талпынады.

Теолог, палеонтолог Тейяр де Шарден, өзінің “Адам Феномені” атаулы кітабында Ч. Дарвиннің эволюциялық теориясын христиандық бірқұдайлық ілімімен татуластырады. Әлем, теологтің пікірінше, хаостан космосқа эволюция жолымен өтуде. Дүниенің алғашқы негізі рухани- энергетикалық субстанция. Космостағы қалыптасу, реттелу процестерін объективті заңдар басқармайды, Құдай басқарады. Оны Тейяр де Шарден “Омега” нүктесі дейді. “Омега” – Құдай. Әлемнің әрбір бөлшегінде ерекше энергетикалық субстанция бар. Осы субстанция дүние мен адамның дамуының, эволюциясының қозғаушы күші болып табылады. Оның өзегі рухтың дамуы, ноосфера. Адамның дүниеге келуі, және дамуы – ол эволюцияның аяқталуы емес, тек дүниенің өздігінен жетілуінің құралы.

Христиан бейнесінде өзін жетілдіре отырып, адам дүниені жетілдіруге белсенді араласуға мүмкіндік алды.

Католицизм философиясы, кейбір догмаларынан арылып адамға жақын, яғни әлеуметтік гармония, халықтар арасындағы бейбітшілік, өнегелік, және т.б. мәселелерге көңіл бөле бастады.

Папа Иоанн Павел II (К. Войтыла) өткен тарихтағы жіберілген қателіктерді (инквизиция алаулары, ғылымды қудалау) Шіркеу мойындап, кешірім өтінуі керек деген идеяны шығарды. Католицизмді қарапайым адамдарға жақындастыру, қазіргі жағдайға бейімдеу осы ілімнің негізгі мақсаты.

XIX – XXғ.ғ. АҚШ, Франция елдерінде персонализм тарай бастады. Осы ағымның негізгі өкілдері: Э. Брайтмен, Р. Флюэллинг (АҚШ), Э. Мунье, Ж. Лакруа(Франция). Персонализмнің негізгі мақсаты дінмен адамды татуластыру. Дүние – Құдай мен адамның бірігіп жасаған ісінің нәтижесі. Егер Құдай жоғарғы тұлға болатын болса, онда адам жердегі бірінші тұлға (персона). Тұлға негізгі онтологиялық категория, болмыс көрнісінің негізгі формасы. Тұлғаның шығармашылық белсенділігінің бастауы, тұлғаның өзінде емес – Құдайда. Сондықтан да адам мен Құдай арасындағы диалог үзілмейді.

Адам қоғамдық қатынастар жүйесінде өмір сүргендіктен өзінің қайталанбас “Мендігін” көрсетіп қалу мүмкіндігімен айырылады, өйткені қоғамдық қатынастарда бір роль немесе функция атқару керек. Тұлға ретінде адам өзінің қалауын ерікті жағдайда іске асыра алады. Қандай да болмасын мәселелерді шешу тұлғаның белсенділігімен байланысты. тұлға әлеуметтік шешу жолында түрлі кедергілерге тап болуы мүмкін. Әлеуметтік кедергілерден өту үшін, тұлға таңдайды, бағалайды. Демек, тұлғаның жетілуі, өзін шыңдай түсуі, қоғамды жетілдіруге қарағанда маңызды мәселе.

Персонализмнің христиандық принциптерді негізгі гуманистік құңдылықтармен сәйкестендіруге, қайшылықсыз, қанаусыз қоғам құруға талпынысын түсінуге болады, бірақ әлеуметтік ортасыз тұлғаның жетілуі екіталай.

 

Леуметтік- сыни бағыт

Осы бағыт Франкфурт мектебінің әлеуметтік философиясын, неофрейдизм философиясын және Рим клубын біріктіреді. Осылардың өздеріне тән ерекшеліктері бар, сонымен бірге әлеуметтік ортаға «қоғам-табиғат-адам» жүйесіне деген сыни көзқарас оларды ортақтастырады.

Франкфурт мектебінің әлеуметтік философиясы ХХ ғасырдың 30-шы жылдарынан белгілі. Олардың негізгі өкілдері: М.Хоркхмайер (1895-1973), Т.Адорно (1903-1969), Г.Маркузе (1898-1979), Ю.Хабермас(1929).

Франкфурт мектебінің эволюциясы «қоғамның сыни теориясынан» (М.Хоркхмайер, Г.Маркузе) басталып, пессимистік тарих философиясы (кейінгі Хоркхмайер) және «жағымсыз диалектика» (Т.Адорно) арқылы қозғалып соңында пессимистік татуласумен (Ю.Хабермас) аяқталады.

Осы мектептің өкілдері «бір өлшемді адамды» шығарғаны үшін, адамдардың қоғамнан жатсынуын қамтамасыз еткені үшін дамыған индустриалды қоғамды сынаушылар ретінде көрінді. Алдағы революцияның субъектісі, сыни ойға бейімді интеллигенциялар мен студенттер болмақ, өйткені олар «бір өлшемді сананың» құлы бола қойған жоқ. Әлеуметтік революциядан бұрын «адам революциясы» болуы керек, яғни қоғамдық өндірістің бір жетігіне айналып кетпейтін адамды дайындау керек.

Осы мектептің өкілдері әлеуметтік зұлымдықтың себебі ғылыми-техникалық революциясы деп біледі.Табиғатты индустриалды қанау адамды қанауға ұласты.

Ғылыми теникалық прогресс адамды билеудің құралына айналды және мәдениетті «бұқаралық мәдениетке» айналдырып әлсіретті.

Өкінішке орай, индустриалды қоғамды жаппай сынаумен шектеліп, оны қайта құрудың жолдарын көрсетпегеннен кейін Франкфурт мектебінің идеялары бірте-бірте сөне бастады.

Дегенменде, 1986 жылы Батыс Европада өткен студенттер қозғалысына осы мектептің идеялары ұйтқы болғанын айтып кеткеніміз жөн.

«Адам революциясы» идеясын неофрейдизмде қарастырады. Неофрейдизм ХХ ғасырдың 30 жылдары фрейдизмнен туындады. Оның негізгі өкілдері К.Хорни, Г.Салливан, Э.Фромм және т.б. дәстүрлі бейсаналық концепциясын қайта қарап, З.Фрейд ілімінің биологиялық алғышарттарын сынға алып, фрейдизмді әлеуметтік-мәдениеттанушылық доктринаға айналдыруға талпынды.

Неофрейдизм адамның биологиялық табиғатың (либидо және сублимация) мойындамай, адамдар арасындағы қалыптасқан әлеуметтік қатынастарға баса көңіл бөледі.


Эта страница нарушает авторские права

allrefrs.ru - 2017 год. Все права принадлежат их авторам!