Главная Обратная связь

Дисциплины:

Архитектура (936)
Биология (6393)
География (744)
История (25)
Компьютеры (1497)
Кулинария (2184)
Культура (3938)
Литература (5778)
Математика (5918)
Медицина (9278)
Механика (2776)
Образование (13883)
Политика (26404)
Правоведение (321)
Психология (56518)
Религия (1833)
Социология (23400)
Спорт (2350)
Строительство (17942)
Технология (5741)
Транспорт (14634)
Физика (1043)
Философия (440)
Финансы (17336)
Химия (4931)
Экология (6055)
Экономика (9200)
Электроника (7621)






Философиялық антропологияның негіздері: адамның табиғаты және мәні



1. Адамның табиғи, биологиялық, психологиялық, әлеуметтік өлшемдері.

2. Адамның мәндік сипаттары.

3. Адамның рухани мәні.

Адам – ғылымда ақылды Адам деп бағаланатын биологиялық тіршілік иесінің бірі. Оның табиғи, биологиялық, психологиялық, әлеуметтік өлшемдері бар: бойының биіктігі – 160-180 см., өмір сүруінің орташа ұзақтығы 65-85 жас.

С.Э.Крапивенскийдің «Әлеуметтік философия» оқулығында А.Роза (АҚШ) мен Я.Шепаньскийдің (Польша) еңбектерінен алынған Адам организмінің бірнеше маңызды ерекшеліктері көрсетілген:

А) тік тұру адамның негізгі анатомиялық ерекшелігі ретінде оған қоршаған ортаны оңтайлы қабылдауына мүмкіндік берді, өз қолымен қарапайым құралдар жасауына алып келді;

Б) күрделі де нәзік қимылдарды орындай алатын берік қолдар;

В) кеңістікте жақсы бағыт беретін және үш өлшемді де көре алатын алдына бағытталған көзқарас;

Г) психикалық өмір мен интеллектің жоғары дамуына жағдай жасайтын үлкен ми мен күрделі жүйке жүйесі;

Д) ерін, көмекей күрделі өзгеріске түсіп, сөйлеу қабілетінің қалыптасуы;

Е) балалардың ата – аналардан ұзақ уақыт бойында бағыныштылықта болуы, өсу мен жетілудің ұзақ уақытқа созылуы;

Ж) туа біткен импульстер мен қажеттіліктердің икемделуі;

З) сексуалдық құмарлықтың тұрақтылығы, тағы да басқа ерекшеліктер.

Адамда туа біткен және жүре пайда болған рефлексінің тетіктеріне өте зор мән берді. Өйткені бұл рефлекстерді ұғыну адамдық әрекеттің филогенездік негізін құрайды және адамның өзін толық танып, жете меңгеру қабілеттерін жетілдіреді.

Организмнің туа біткен іс - әрекеті сақталыс және қорғаныс рефлекстері болып екі үлкен топқа бөлінеді.



Сақталыс рефлекстер қатарына организмге тағам немесе оттегі келуімен байланысты тыныстық іс - әрекеттің ыдырау өнімдерін шығару (дем, зәр), тұқым жалғастыру және сақтау (жыныстың, ұрпаққа қамқорлық) әсерленістері жатады.

Қорғаныс рефлекстері организмді қатерлі,зиянды тітіркендіргіштердің ықпал өрісінен алыстатады, зиянды заттарды шығарады.

Туа біткен рефлекстер организмнің даралық қасиетін және түрін сақтауды, қамтамасыз етеді.

Адамның көру, есту және иіс сезу рефлекстері бағдарлау рефлекстері деп аталады.

Инстикт – ырықсыз сезім – адамның жағдай – күйіне қарай немесе осы жағдайда сәйкес жүзеге асырылатын қозғалыс әрекетінің және күрделі мінез – құлқының жиынтығы. Инстинкт туа бітеді.

Мінез – құлықтың табиғи құрамында түр сақтайтын және тұқым жалғастыратын эволюциялық дамудың тәжірибесі сақталады.

Мінезді жете тексеретін, оның шығу тетіктерін зерттейтін ғылым этология деп аталады. Этологиялық зерттеудің нәтижесінде мінез – құлықтың ішкі қажеттілік арқасында пайда болатындығы дәлелденеді, инстинкт әсерленуді іске қосатын қозғағыш күш – сыртқы түрткілер. Әрбір қозғағыш түрткі өзіне лайықты стереотиптік әрекеттерді қосады.



Орталық жүйке жүйесі іштегі үстемді талапқа сәйкес мінездің тиісті әрекеттерін жүзеге асырады. Мидың мінез құратын іс - әрекеті даярлық және атқарушы болып бөлінеді. Даярлық іс - әрекет көбінесе ішкі мұқтаждық сезімдері арқылы қанағаттанады.

Танымдық және сезімдік жүйелерде мидың әртүрлі құрылымдары қатысады. Танымдық жүйе орталық жүйке жүйесінің арнайы бөлімдері, ал сезімдік жүйе мидің торлық құрылымы, мимбия жүйесі арқылы қызмет атқарады.

Ашығу, шөлдеу, үрей, ләззат, агрессия, жыныстық, ата- аналық, жылулық сияқты организмнің жетекші мұқтаждықтары биологиялық мотивация деп аталады. Бұлардың барлығы да туа пайда болады және тұқым қуалау негізінде қалыптасады.

Білім алу, мамандықты игеру, көркемөнер, әдебиетке әуестік т.б. биологиялық мотивациядан ерекше, қоғамдық тәрбие арқылы қалыптасады.

Ми іс - әрекетінің ең тартымды құбылыстарының бірі – оның қабылдаған ақпаратты сақтау және еске түсіру, яғни зерделік қабілеті. Зерде дегеніміз – жүйкенің ақпаратты код ретінде сақтап, нақтылы бір жағдайда оның қасиеттері мен көшірмесін өзгертпестен қайта жаңғыртуы.

Зерде ақпаратты сақтау ұзақтығына қарай, қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді болып бөлінеді.

Адам зердесінің барлық түрі қисынды – мағыналық және сезімді бейнелік болып екіге бөлінеді. Бұлардың біріншісі ұғымдарға, екіншісі елестетуге сүйенеді. Адам үшін зерденің қисынды мағыналық типі ең жоғары түрі болып есептеледі.

Анализ және синтез үлкен ми сыңары қыртысының өте маңызды қызметі. Организм өзінің тіршілік іс - әрекетінде сыртқы және ішкі ортаның тітіркендіргіштеріне үнемі анализ – синтез жасап отырады.

Анализ - әркелкі сигналдарды айыру, бөлу, организмге тиетін әралуан әсерді ажырату. Синтез – біріктіру, талдау, қорыту, ми қыртысының әртүрлі бөліктерінде туатын қозуларды бірлестіру.

Адамның психикасы мен мінез құлқының ерекше кескінін олардың табиғи темпераменті мен бойындағы мінезі жасайды.

Адам мінезі сангвиник (ширақ), флегматик (салмақты), холерик (ұстамсыз), меланхолик (әлсіз) деп бөлінеді.

Темперамент адамның әлеуметтік мәнділігін білдіре алмайды, өйткені оның мінез – құлығын санасы басқарып отырады.

Барлық кісілерді экстроверт, интроверт және невротиктерге жатқызуға болады (К.Юнг, Г.Айзенк). Экстраверт әр алуан сыртқы әсерлерге ашық, Интроверт, керісінше, тұйық мінезді. Ал невротиктерде көптеген тіршілік жағдайларында әртүрлі жабығу күйі пайда болады.

Адам керемет ерекшелігі бар құбылыс. Оның кереметтігі - әлеуметтік мәні мен биологиялық қасиеттерінің ерекше бірігуінде. Сонымен қатар, өзі мен қоршаған ортаның өзара байланысын ұйымдастыратын, басқаратын заттық – практикалық іс - әрекеті бар.

Адам – бір жағынан, биологиялық негіздері бар, екінші жағынан, терең абстрактілі ойлауға қабілетті, рухани мүмкіндігі жоғары тіршілік иесі.

Ол қоғамдық өмірдің жоғары деңгейіне, мәдени жетістіктерді меңгеруге, табысты білім алуға бейім. Қазіргі өркениет уақытында тәрбиенің, заңдардың, моральдың, нормалардың ықпалы мол болғандықтан, ондағы биологиялық негіздерді әлеуметтік бастау толық бақылауға алған.

Сондықтан да адамда мәндік, мағыналық қасиет жоғары дамыған.

Философия тарихында адамның мәнін түсіндіруге тырысқан көптеген ізденістер болған. Әр философ өзінің мүмкіндігінше тәжірибесіне, қызығушылық нысанына байланысты адамды түсіндіруге тырысқан.

С.Р.Аблеев «Основы философии» деген кітабында мынадай анықтамаларды жүйелеп ұсынған.

- Адам ғарыштың бөлігі, кішкене ғарыш. (көне Үнді, Қытай, Грек философиясы)

- Адам – бұл мәңгі, абсолютті рух (атман). (Көне Үнді философиясы – йога, веданта)

- Адам – барлық заттардың өлшемі (көне Грек софистері – Протагор)

- Адам – саяси жануар (Аристотель)

- Адам – Құдайдың бейнесі (орта ғасырлардағы христиандық теология)

- Адам – ойшыл жан (Р.Декарт)

- Адам адамға қасқыр (Т.Гоббс)

- Адам – жанды машина (Ж.Ламетри)

- Адам – екі әлемге қатысты жан. Табиғи қажеттілік әлеміне және адамгершілік еркіндік әлеміне (Им.Кант)

- Адам адамға – Құдай (Л.Фейербах)

- Адам – рационалды жануар (К.Линней)

- Адам – құрал жасай алатын жан (С.Кьеркегор)

- Адам – уәде беруге қабілетті жан (Ф.Ницше)

Осы көрсетілген анықтамаларды жүйелеп, жинақтап ой қорытатын болсақ, адам табиғатының үш маңызды қыры ашылады.

- табиғи – биологиялық (материалды) қасиеттері;

- психологиялық, әлеуметтік қасиеттері;

- рухани мәні мен қасиеттері.

Жер бетінде тіршілік параллелді екі жолмен іске асқан: астральді – психикалық және белокты - нуклейнді. Миллиондаған жыл бұрын Х нүктесінде осы екі жол бір тіршілік иесі биологиялық, психологиялық алдыңғы адам болып есептелді. Ғарыштық ақылдың көмегімен сондағы психикалық бастау дами берді, сөйтіп онда ақылдың бастаулары пайда болды.

Алдыңғы адамдағы ақылдың пайда болуы ғарыштағы белгілі ақпараттың кеңістіктік магниттік трансляциясы нәтижесінде іске асып, адамның санасының дамуына негіз болған.

С.Р.Аблеевтің пікірінше, адамның санасы үш маңызды фактордың көмегімен одан әрі дамыған:

- ғарыштық немесе рухани фактор (ғарыштың энергетикалық ықпалы)

- биологиялық (тұқым қуалаушылық, өзгергіштік, табиғи сұрыптау)

- әлеуметтік (қоғамдық қатынастар, еңбек, оқыту, тәжірибе алмасу)

Сана – жоғары ұйымдастырылған материя – мидың жемісі. Ол эволюция процесінде қалыптасқан адамның психологиялық әлемінің ерекше қабілеті.

Көне заман философиясында сана деп – адамның өмірінде аса маңызды роль атқаратын ішкі әлем – жан есептелінді. Тән өткінші, ал жан мәңгілік. Демокрит жанды ерекше сезімдік атомдардың жиынтығы деп ойлады.

Орта ғасырларда сана мен ақыл құдайдың маңызды атрибуттары ретінде, ал Қайта өркендеу дәуірінде табиғаттың қасиеті деп қарастырылды.

XVIII ғасырдағы француз материализмі сананы – адам миының ерекше функциясы деп анықтап, оның көмегімен адам сыртқы дүниені бейнелейді деп есептеді.

Орыс философиясында сана мен психика теориясына И.И.Сеченов, В.М.Бехтерев, И.П.Павлов үлкен үлес қосты. Олар адамның психикалық іс - әрекетінің физиологиялық негіздерін зерттеді. Кейіннен осы бағытта С.Л.Рубинштейн, А.М.Леонтьев, Л.С.Выготский белсенді еңбек етті. Олар сананы адамның іс - әрекетінде қоғамдық қатынастарды айқын бейнелейтін әлеуметтік феномен деп анықтады.

Сана дегеніміз – тек адамға ғана тән сыртқы дүниені бейнелеудің жоғарғы формасы.

Сана – объективті әлемнің субъективті образы. Сана, ең алдымен, адамның табиғатқа, қоғамға, басқа адамға сонымен қатар, өз - өзіне деген қатынасы. Сана – болмысты түсіну, ұғыну, бейнелеу. Ол болмыстан келіп шығады.

Сана – ол әруақытта өзіндік сана, яғни адамның өзін басқа әлемнен бөлуі, өз өмірінің мағынасын түсіну, өзінің іс - әрекетінің негізгі мақсаттарын белгілеуі. Сананың өзегі сыртқы дүние туралы ғылыми емес мәліметтерді жинақтайтын білімдер болып табылады.

Ғылым мен философия сананы туынды, екінші қатардағы құбылыс деп қарастырады. Мұның мәні неде? Біріншден, сана - табиғаттың ұзақ эволюциясы мен бейнелеу формаларының жетілуінің нәтижесі. Екіншіден, сананың мағынасы (сезімдер мен ойлар, образдар мен идеялар) дүниені тек бейнелеп қана қоймайды, онымен шектелмейді. Өйткені, адамның санасы табиғаттың, қоршаған дүниенің көшірмесі ғана емес, ол ең алдымен, еңбектің даму көзі, соның негізінің бірі. Адам өз еңбегі арқылы дүниені өзгертеді, оны жандандырып оған мән береді. Адамның санасы, саналы іс - әрекеті арқылы дүниенің негізгі мән ашылады.

Санатек қоғамда ғана қалыптасады. Өйткені адамның шын мәніндегі адам болуы, оның қоғамдық қатынастарды толық меңгеруімен тығыз байланысты. Сана – мидың негізгі функциясы. Мидың дамуымен сананы, психиканың дамуының арасында өте тығыз байланыс бар. Адам тектес маймылдар мен адамдарды салыстырып көрейік. Шимпанзенің миының көлемі 400 куб см., ал қазіргі адамның миының көлемі 1400 куб см. Еңбек ету процесніде адам миының көлемінің өсуі оның санасының қалыптасуында өте үлкен роль атқарды. Мидың дұрыс қызмет етуі маңызды фактор, оның кейбір бөліктерінің болмауы адамға кері әсерін тигізеді.

Ми– сыртқы әлемді бейнелейтін және адамның күрделі тәртібінің бағдарламасын қамтамасыз ететін өте күрделі жүйе. Сондықтан да оның қызметінің кейбір бөліктерінің, әсіресе бас ми қабатының қызметі бұзылса адамның санасында, тәртібінде психикалық функцияларында күрделі ауытқушылықтар болып тұрады.

Ми қызметі – адам санасының физиологиялық негізі.

Бірақ ми емес, оның көмегімен адам ойлайды. Ми ойлаудың құралы ғана. Ойлау үшін қоғамдық тәжірибені, білімді, икемділікті меңгеру қажет. «Ойлаудың шын мәні, жан – жақты анықтылығы диалектикалық логикада – табиғатқа, қоғамға және адам баласына қатысты жалпыға бірдей заңдар туралы білімде ашылады ... Демек, ойлау – дара психологиялық әрекет емес. Ол адамдардың өмір сүру қызметінің әртүрлі салалары үшін аса маңызы бар әлеуметтік – тарихи құбылыс, адамдардың сан ғасырғы тарихи тәжірибесінің жемісі».

Осы әлеуметтік тәжірибені қалай меңгеруге болды. Үйрену әруақытта белгілі бір әрекетті керек етеді. Сәби қасықты бірден дұрыс ұстай алмайды. Қасықты пайдалана бастаған кездегі баланың епетейсіз, солақай қозғалыстары бірте – бірте дұрысталып, нақты әрекетке айналады. Жүзіп үйрену үшін суға түсіп, жүзуге тырысу қажет.

Тәжірибені меңгеру, үйрену дегеніміз – қоғамда жасалған және адамдар қолданып жүрген заттармен әрекет жасау. Еңбек құралдары арқылы еңбек ету операциясын меңгеру де осылай іске асып отырады.

Қоғамдық тәжірибені меңгеруде бала ойынының алатын орны ерекше. Бала үшін оның дамуының алғашқы кезеңдерінде ойыншықтар нақты құралдар мен заттарды алмастырады, ал ойында ересек адамдардың іс - әрекетінің көптеген сюжеттері мен нақты байланыстардың, қатынастардың көбісі жаңғыртылады, яғни қайталанады. Өйткені балалар ұшқыш, капитан, дәрігер болып ойнайды. Ойын балаға тек рахаттану сезімін сыйлауымен ғана емес, ойнау кезінде ересектердің тәжірибесін меңгеруімен де қызықты.

Ойынды пайдалану – жөніндегі неміс философы Гегельдің ойлары қызықты. Ол бала ойыншықты шаша отырып, өзінше практикалық талдау жасайды, ол кейіннен заттарды ойша талдау икемділігіне ұласады. Заттарды жинастыруды үйрену – балаға ойды синтездеу қаіблетін дағдыландыруға жағдай жасайды.

Әрекет, белсенділік – бұл заттарды қабылдау мен қоғамда жинақталған тәжірибені меңгерудің белгілі еңбек дағдыларын игерудің негізгі шарттары. Практикалық дағдылардың жетілу жолында адамдар ойлау операциясын өндіру бейімділігін дамытады. Ойлау қабілеті дегеніміз – адамның сыртқы дүниеге деген белсенді қатынасының нәтижесі.

Адамның әлеуметтік тәжірибені игеруінің маңызды құралы – сөйлеу. Алғашқы адамдар ымдау, ишара арқылы бір – біріне ақпарат беріп отырды. Бірте – бірте адамдар сөздерді меңгере бастады. Әртүрлі күрделі белгілердің жиынтығы ретінде, «екінші сигналды жүйе» (И.П.Павлов) – тіл қалыптасты. Тіл – адам ойлауын білдіру тәсілі, немесе Гегельше айтсақ, ойлаудың тәні. Тіл арқылы адам өзінің сезімдік қабылдау процесінен шығып, объективті дүниені түсінуге, оның мәнін ұғуға ұмтылды. Тіл өзара ұғынысу, араласудың маңызды құралы болды, сонымен қатар, басқаның да ойын қабылдап, өз пікіріңді, түсінігіңді жеткізуге мүмкіндік жасады.

XX ғасырда ғылыми – техникалық есептегіш машиналар пайда болды, олар біраз күрделі операцияларды іске асыра алады. «Жасанды интеллект бола ма?» деген сұрақ туындап, машинаның ойлау мүмкіндігі, оның адамды ауыстыруының өрісі туралы мәселелер қойыла бастады.

Электронды есептегіш машиналар көптеген операцияларды адамнан да тез орындай алады. Дегенмен, машина адамды ешуақытта толық алмастыра алмайды. Біріншіден, машина әруақытта адам оған берген бағдарлама аясында ғана жұмыс жасайды. Машина – нақты белгілі – үлгі, онда шығармашылық жоқ, ол өздегінен жаңа ешнәрсе де ойлап шығара алмайды.

Екіншіден, онда әлемге деген сезімдік эмоциялық қатынас жоқ. Эмоциялар әлемі - өте күрделі де алуан түрлі. Оған қуану, қорқу, күлу, аффект т.б. кіреді. Сезім адамның болмысына, қарым – қатынас жасау қажіттілігіне байланысты туындап отырады. Махаббат, құмарлық, сүйіспеншілік, моральдық сезім, эстетикалық сезімдер т.б.

Сезім байлығы – адамның рухани өмірінің жоғары әрі жан – жақты дамуының қажетті шарты. Сезім жұтаңдығы мен кедейлігі ұсақ, сүреңсіз, отбасы – ошақ қасындағы адамдарға тән. Адамның санасының қалыптасуында өзіндік сананың маңызын арнайы атап өткен жөн. Өзіндік сана адамның өзін - өзі түсінуін, дамытуын, сонымен қатар, айнала қоршаған дүниеге деген қатынасын, алдына қойған мақсаттарын, өзінің дүниедегі, қоғамдағы орнын бағалауды негіздейді.

Өзіндік сана арқылы адам өзінің коллективтегі орнын тауып алады, өзінің іс - әрекетін ұйымдастыра алады. Өзіндік сана дегеніміз – адамның өзін - өзі танып білу деңгейі. Сана, өзіндік сана туралы айта отырып, қоғамдық сана ұғымын да анықтаумыз қажет. Өйткені, қоғамда олар бір – бірімен біте қайнасқан. Өзіндік сананың қалыпатасып, дамып жетілуінде қоғамдық сананың да ықпалы өте зор.

Ғылыми танымның аса күрделі объектісі адамды зерттеу жолында философиялық таным бірқатар ұғымдарды кеңінен пайдаланады.

Ең алдымен, әрине, адам ұғымы. Оның көмегімен тірі жандардың ең жоғарғы түрі болып табылатын «Homo - Sapiens» анықталады. Адам – табиғаттың «жеңісі», еңбек пен танымның, тарих пен мәдениеттің субъектісі. Ақыл – ой оның ең бастапқы қасиеті, сол арқылы ғана ол басқа тіршілік иелерінен жеке бөлініп шыққан. Еңбек ете білу де оның аса маңызды белгісі. Адамның тіршілік етуінде құрал – сайман қаншалықты жағдай жасаса, тілі, әр түрлі қозғалыс, ымдау да ойды дамытуға соншалықты үлес қосады.

Бұдан бұрынғы дәстүрге сүйенсек, ғылыми әдебиеттерде адамның қасиеттерін көрсететін «личность», «индивид», «индивидуальность» ұғымдарын қазақ тілінде «тұлға», «индивид», «индивидуалдылық» деп айтылып жүр еді. Осы тұрғыда философия ғылымдарының кандидаты Сапар Оспановтың «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналының 1997 жылғы 9 – 10, 11- 12 сандарында жарық көрген «Азамат» ұғымын жаңғырту және оны өзінің ғылыми тұғырына көтеру» тақырыбындағы мақаласындағы ұсыныс көңілге тұрарлық екенін ескеруіміз қажет.

С.Оспанов этимологиялық, логикалық зерттеулер жүргізіп, орыс тіліндегі қажетті анықтамаларды пайдалана отырып, «тұлға», «азамат», «пенде», «бодан» ұғымдарын ұсынады. С.Оспанов «личность» ұғымының қазақша баламасын «азамат» деп қарастырады. Автор ұсынған дәлелдер орынды. С.Оспанов, ең алдымен, қазақ халқының ұлттық дүниетанымында азамат туралы ескіден қалған, құлаққа сіңген, ойға медет болып жүрген: «Алаштың азаматы», «Ауылдың бас көтетер азаматы», «Қылшылдаған азамат», «Әй, азаматсың!», «Азаматпын десең атқа қон!», «Азамат болмадың», «Азамат болмай шықтың», «Сені азамат екен десем ...», «Өсіп азамат болыпсың» деген сияқты тұрақты сөз тіркестерін еске салмақпын» деп жазады.

Автор атап көрсеткен сөз тіркестерінде дәстүрлі қазақ қоғамындағы «азамат» ұғымының үлкен жүгі мен мақсаты анықталған.

Азаматсөзінің мәнін Ш.Уәлиханов та ашып көрсеткен. «Азамат – кәмелетке келіп, еншісін алған туыстарнан тәуелсіз, үйлі баранды адам» дегенді білдіреді.

Байырғы қазақ дүниетанымында осы мағынада азамат ұғымын жиі пайдаланады. «Кеше ғана жап – жас бала еді, өмір деген сол ғой шіркін, бүгін азамат болыпты» деген тіркесте ауыз екі әңгіме «азамат» сөзін жиі естуге болады.

«Азамат» деп салыстырмалы еркіндігі бар, өз өмірін өзі ұйымдастыра отырып, өз іс - әрекетіне толық жауап бере алатын, сонымен қатар, отбасы мен қоғам алдындағы міндеттері мен жауапкершілігін сезінетін, мүдделерін қорғай алатын адамгершілігі мол, саналы, құрметті адамды айтамыз.

С.Оспанов әлеуметтік философияның соңғы жылдары тереңдетіп дәлелдеген «личность» туралы ең басты тұжырымдарына тоқталады.

«Личность» болудың басты шарттарының бірі – ол адамның әрекеттерінің, өмірлік, мақсат мүдделерінің, имандылықтың шарттары негізінде өлшенуі, солармен салыстырылуы. Бұл «личность» - тың тікелей әлеуметтік және жеке адамның, нағыз азаматтың мәнісін ашады. Бірақ бұнда нақтылап бір айта кететін нәрсе: бұл адамның айтылған қасиеттері тек қана жоғары саналықты ғана көрсетуі емес. Көп адамдар тек «әдеттегідей қатардағыдай» адамдар ғана, ал кейде тіпті нашар, имансыздық, қылмыстық істерге дейін баратын адамдарда бар. Оған өмірдің өзі дәлел. Бірақ бұдан олар «азаматтар» қатарына жатпайды деген аікір туындамайды. Себебі, кез келген адамда, егер оның ақыл – есі ауысып кетпеген болса, әрқашан имандылықтың, әдептіліктің белгілі бір деңгейі болады, яғни, белгілі бір «азаматтық келбетсіз» адам болмайды. Тек ол біреуде жоғары, біреуде төмен, бір адамның өзінде де белгілі бір кезеңде жақсы, екінші бір кезеңде нашар, ал үшінші бір жағдайда, «имансыздың» шегінде де болуы мүмкін».

Қазақ дүниетанымында «кісі» деген сөз бар. Ол әлі талқыланып, философиялық әдебиетте өзіне лайық орнын таба қойған жоқ. Оған көңіл аударған Ғ.Есім «Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол» деген Абай сөздеріне талдау жасай отырып, байқайсыз ба, Абай «біреудің кісісі» деп отыр, демек «кісі» деген оның иесіне байланысты айтылған ұғым. «Кісі» деген әлі индивидуализацияға түсе қоймаған «біз» деген философияға сай ұғым» - деп жазды.

«Кісі» сөзінен «кісілік» ұғымын туындайды. Философиялық әдебиетте «кісілік» ұғымына бірінші анықтама берген де Ғ.Есім. Ол анықтама да Абай өлеңдерінен туындаған, яғни «адамның» тауып айласың, «кісілікті ойламай» - деген тіркесіне назар аударайық.

«Адамның айласын» табамын деп жүріп, кісілікті ұмытып кетуге әбден болады. «Адамның айласы дегеніміз – мінез – құлық, адамгершілік, кәсіпкерлік құпиялары. «Адамның күні адаммен» деген принципті жақсы ұғынып алған адамдар қалайда «адамның айласын» тауып, оның көңіліне, назарына ілінуге тырысады. Әрине, күйкі тіршіліктің күйбені әр адамды осындай бейшара күй кешуге мәжбүр етеді. Кісілік те пендешіліктің құрбаны болып кете барады». Бұдан өткен сорақылық бар ма? Күнделікте өмірде, бұл әркімнің басында болатын қайшылық. «Кісілік» деген адамның намысы, өзіне - өзі жасайтын құрметі, өзін - өзі сыйлауының белгілі бір деңгейі, кісіліксіз адам – тағдыр тәлкегіне түскен – мүсәпір. Кісіліктен бір арылып қалған сананың ендігі жерде өз - өзіне келіп, толысуы екі талай іс. Абайдың айтып отырғаны осы мәселе. Керек адамның көңілін табамын деп жүріп «кісіліктен» айырылып қалуға болмайды, өйткені, «кісілік» адамның өзегі, оны жетілген адам дәрежесіне көтере алады.

«Индивид» ұғымы жеке адамды білдіреді деп жүрміз. Бұл жерде де С.Оспановпен келісуге болатын сияқты өйткені «жеке адамды» орысшаға аударсақ «отдельный человек» деген мағына береді ғой.

«Пенде» ұғымы – индивид ұғымына сай келеді. Пенде қатардағы тірі жан, көптің бірі болып «жарық дүниеде өмір сүруші». Пенде, пендешілік біздің сана – сезімізде жағымсыз мінездің, ұсақтылықтың синонимі болып қалыптасып кеткендіктен, оған бірден үйреніп кету оңай емес. Бірақ бұдан былай «пенде» ұғымы төңірегінде ойланып, ізденіс жасау артық емес.

«Тұлға» деген сөзді І.Кеңесбаев қазақ тілінде батырлықты, ел қорғаны, басқаның сүйеніші, таянышы болғанды белгілейтін ұғым деп анықтаған.

Яғни, тұлға болу кез келген адамның қолынан келе бермейді. Оның ерекше қасиеттері бар, ол көптен бөлініп, дараланып тұрады. С.Оспановтың сөзімен айтсақ, «азамат әр адамның имандылық, әлеуметтік сана – қасиеттерін білдіретін болса, пенде болу көптің бірі болу ғана болса, тұлға болу дегеніміз елден ерекше болуды, қатардан алға бөлініп шығуды қажет етеді».

Тұлға орыс тіліндегі «индивидуальность» ұғымына сәйкес келеді деп анықтауға толық негіз бар.

«Азамат» ұғымын пайдалана отырып, философия адамның тәрбие, өзіндік тәрбие, рухани – практикалық іс - әрекет нәтижесінде қалыптасқан әлеуметтік қасиеттерін түсіндіреді.

Адам болу мүмкіндігі әр уақытта өзін дәріптеуден емес, қайта басқалар әлеміне көңіл қою мен түсіндіруден басталады және жалғасады.

Өзіндегі дара, жеке индивидуалдық болмысына қарамай, шындық қисынына сәйкес әрекет ету мүмкіндігіне сүйене отырып, адам өзін - өзі қалыптастыру қабілетіне ие бола алады, өзін ерікті, шығармашылық сипатта қайта құра алады, қалыптастырады, жетілдіреді.

Қазіргі тұлғаларға білімділіктің, әлеуметтік белсенділіктің, іскерліктің жоғары деңгейі тән. Қазіргі адам – бұл демократиялық және жалпы адамзаттық құндылықтар мен идеалдарды бойына сіңірген адам. Ол өз тағдырын халқының, жалпы қоғамның тағдырынан бөлек қарамайды. Дарын және данышпандық ұғымы – адамның мәндік күштері мен қабілеттерінің мүмкіндігін анықтайды. Данышпандық – бұл адамның шығармашылық творчестволық дарының ең жоғарғы көрінісі.

Данышпанның жасаған еңбегі – тың, үлкен жаңашылдығымен, өрістілігімен, қоғам үшін аса маңыздылығымен ерекшеленеді.

Данышпан – бұл бүкіл адамзаттық мәселені шешуге қабілеттілік және бүкіл бір дәуірге, тарих заңдылығына ерекше із қалдыру мүмкіндігі. Адамзат әртүрлі халықтар мен елдердің байланысы нәтижесінде қалыптасатын қауымдастық. Ол – халықтың біртұтас мәдениеті мен жалпы тарихтың жемісі. Біртұтас адамзаттың қалыптасуы ұлы географиялық жаңалықтардың ашылу заманынан басталып, осы замандағы ғылыми – техникалық революция қарқынымен одан әрі жалғаса түсуде.

Адам – бұл, ең алдымен, тірі жүйе. Ол руханилық пен биологиялық негіздердің бірлігі болып табылады. Бұл жүйеде адамның биологиялық түр ретінде өмір сүруін қамтамасыз ететін организмдің – құрылымдық негіз бар, оған адамның әртүрлі органдары кіреді. Психикалық деңгей - бұл адамның орталық жүйке жүйесінің іс - әрекеті. Оның сана – сезімдік деңгейі әртүрлі күрделі ойлау процестері түрінде көрініс табады.

Адам табиғатынан белсенді, іс - әрекетке бейім. Ол өзінің өмірі мен тағдырын өзі жасайды. әртүрлі іс - әрекетке икем. Еңбек ету, саясат, таным, тәрбие адамның жаңа әлемді тудырушы ретіндегі тіршілігінің негізгі тәсілі болып табылады. Осындай белсенділігі арқылы ол өзінің өмірде бар екенін, осы өмірдегі иесі екенін басқаларға білдіруді мақсат етеді. Адамның мүмкіндігі өте мол. Ол сурет салады, кесте тоқиды, спорт пен көркем өнердің, саясат пен ғылымның алуан түрлерімен айналысады. Сөйтіп, адам өмірде өзінің бойындағы қабілетін іске асыруға басқаларға ұқсамайтын өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленуге тырысып бағады. Адам өмірде де бір – біріне ұқсамайтын өзіндік мінез – құлық еркекшелігімен дараланса, өнерде де өз қолтаңбасымен даралануға ұмтылады.

Адам өзі де, өзімен қоршаған ортаны да өзгертіп отырады, үздіксіз өзгеріп, дамып, құбылып тұратын жаратылыс әлемін жүйелейді, тәртіпке келтіреді, тұрақты, маңызды құбылыстарды саралайды, таразылайды, сезіне отырып, сыр – сипатына үңіледі, таниды. Осы толғау, таңдау ерекшелігімен – ақ адам баласының айқын мақсаты, табиғатқа «өзіндік қатынасы» (Л.Толстой) көрінеді.

Іс - әрекет адамдардың негізгі тәрбиешісі, жол бастаушысы. Іс - әрекет арқылы ғана адам өзін - өзі жасайтын тіршілік иесі бола алады. Ол мәңгі бітпейтін, аяқталмайтын мүмкіндік, өйткені, әр уақытта ізденіс үстінде, ұдайы тынымсыз іс - әрекетте. Ғаламның суық та, қатал, әрі үйлесімді заңдылықтары адамның рухани энергиясымен жылына бастады, түрлене, құлпыра түсті.

Адамдар өз мүмкіндігін қоғамдық ортада басқалармен қарым – қатынас жасау арқылы іске асырады. Қарым – қатынас алғашқыда «мен» және «сен» деп бөлінуден басталады да, әр адам өізінің «менің» басқалармен қарым – қатынаста танытуға тырысады.

Әр адамның өмірдегі қабілеті мен іскерлігі адам арасындағы қарым – қатынаста ашылып, белгілі бола бастайды.

Адам биологиялық ақпаратпен қатар әлеуметтік ақпаратты да иеленеді. Адам болмысының толыққандығының маңызды белгісі оның өткенімен және болашағымен байланысуды тек сезіну – түсіну ғана емес, бұл рухани қарым – қатынастың адамның қазіргі болмысының жан – жақтылығымен, тереңдігімен өлшенеді.

Адам өзінің тарих көшінде алғашқы іс - әрекетін түсіну, игеру қадамдарын өзін қоршаған заттар мен нәрселерді бағалаудан бастаған. Ол эволюцияның бір деңгейінде «құндылықтар әлемін түзей бастады және оған үлкен құрметпен қарап, өзінің дүниетанымын, іс – қимылын екшей түсті».

Заман өзгеріп, заң түрленіп, көптеген бұрын – соңды болмаған құбылыстар туындап отырғанына қарамастан адам болмысының негізін құрайтын тіректер болып рухани құндылықтар қала бермек.

3. Қазіргі уақытта біз адамның рухани дамуы туралы көп айтып, жазып жүрміз.

Жалпы руханилық дегеніміз рухқа жақын болу дегенді білдіреді. «Рух» ұғымы табиғи болмыстың жоғары деңгейін немесе өмір мен ақыл – ойдың жетілген, әдеміленген, әбден пісіп – жетілген күйін сипаттайды.

Адамның рухани дамуы – ақылды, ғарыштық жан ретіндегі мәнінің жан – жақты жетілуі. Оның ең маңызды белгілері.

тұлғаның этикалық принциптерінің нығаюы және дамуы;

эгоизмнің барлық түрі мен мінездің нашар сипаттарын жеңу;

эмоциялық сезімдерді тежеп, оны рухтың бақылауына бағындыру;

табиғи мүмкіндіктері мен қабілеттерінің жетілген түрін дамыту;

ақыл – ойын кеңейту;

адамның ғарыштық мүмкін күштерін ашу және оны дамыту;

психикалық энергияны дамыту;

яғни, адамның рухани дамуында шек жоқ.


Эта страница нарушает авторские права

allrefrs.ru - 2017 год. Все права принадлежат их авторам!